Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қисық өскен ағашты түзеу қиын

Қисық өскен ағашты түзеу қиын

Қазақтың өмірінде, салт-санасында, әдет-ғұрпы мен тұрмыс-тіршілігінде кеңінен көрініс табатын ырым-тыйымдары мен наным-сенімдері шексіз. Оны тәрбие бастауы десек те артық болмас. Әсіресе, ұрпағының болашағына айрықша көңіл бөлетін ұлтымыз баланы қауіп-қатерден қорғау үшін, оны жат әдеттерден тыйып, ертеңі жарқын, қайырымды болып өссін деп түрлі ырымдарды ұстанған.
Мысалы, бала тербететін бесікке ғана қатысты бос бесікті тербетпе, оны саудалама, бетін ашық қалдырма деген секілді қаншама ырым бар.Себебі, қазақ «Бесіктегі бала бес түлейді» деп оны киелі санайды. Наным-сенімдер бойынша, бос бесікке ібіліс баласын жатқызады немесе жылан салып қояды, сондықтан бос бесікті тербетуге болмайды, оның бетін әрдайым жауып жүру керек екен. Бейуақытта бесікті далаға қоймайды, оны адыраспанмен аластағаннан кейін ғана баланы салады. Сәбиге жын-жыбыр, көрінбейтін қара күштер жоламасын деп бесіктің бас жағына қайшы, пышақ, қамшы жастап та қояды. Ал бала есейгенде бесікті далаға тастамаған. Тозған бесікке ақ тамызып, өртеп, аяқасты қылмас үшін күлін де жерге көмеді.
Халқымызда баланың қарын шашын киелі тұмар ретінде бесіктің бір шетіне байлайды. Себебі, баланың 40 күнге дейінгі шашы киелі саналған. Сондықтан оны беталды жерге тастамаған, бала бәйтеректей қаулап өссін деп биік шыңның, шидің түбіне, таза жерге апарып көмген. Ұл бала дүниеге келгенде батыр, палуан, ел қорғайтын ер болсын, үй күшік болмасын деп жолдасын аттың жалына байлаған. Ал қыз баланікін ата-ана, жарына адал болсын, далабезер болмасын деп от басы, ошақ қасына көмген. «Қызға қырық үйден тыйым» деген ырым осыдан бастау алса керек.
Ең бастысы халқымыз баланың құлағына үнемі баталы, бақытты сөз айтып, керемет көркем көріністерді көрсетіп отырған. Себебі, бір жағынан шошып қалмасын деген қауіп болса, екіншіден, баланың жас күнінде құлағы қабылдаған сөз қартайғанға дейін сақталады деп есептеген. Иә, қазіргі қазақ психологтарының «Түпсана», «Адам өміріндегі кез келген қиыншылықтың бастауы бала кездегі қорқынышта жатыр» деген тұжырымдарын қазақ даналары ертеде дәлелдеп қойғанын осыдан-ақ байқау қиын емес. Әттеген-айы, осының бәрін біле тұра қаперге алмайтынымыз. Өйткені, айналып келгенде жоғарыда айтылғандардың бәрі болмашы нәрседей көрінгенімен, сәбидің болашағына, қоғамға «кірпіш болып қалануына» әсер етпей қоймайтын жоралғылар екені сөзсіз.
Мәселен, ата-әжелеріміз баласына ренжігенде «өй, өсіп-өнгір», «ұрпағың жайылғыр», «мың жасағыр неме» деп кейіген ғой. Себебі, олар сөз құдіретін ұғынған. Қазір де сол кісілердің сарқыншақтары – осы сөздерді қолданатын қариялар жоқ емес. «Иттің баласы», «оңбаған», «үнің өшкір» деген сөздермен баласын жерден алып, жерге салатын кейбіреулер ең болмаса осындайда бұрынғылардан үлгі алса екен деген ой туады.
«Қазір адамдар қатыгез, жастар жөн білмейді, түзу жүрмейді, адамдардан мейірім кетті» деп айтпас бұрын, бір сәт балама не айтып, қандай тәрбие беріп жүрмін деп ойлансақ игі. Себебі, қисық өскен ағашты түзеу мүмкін еместігі секілді, адамға нәресте кезінен дұрыс тәрбие берілмесе, есейген соң тезге салу қиынның-қиыны.

Гүлхан ЯХИЯ
05 қазан 2020 ж. 641 0