Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәрбиенің бастауы – бесік

Тәрбиенің бастауы – бесік

Бесік – атадан балаға, баладан келесі ұрпаққа жалғаса беретін киелі мұра. Бұрнағыда ата-бабаларымыз осыған қатысты «Атасы өскен бесікте туа жатып өсіпті» деп те айтып кеткен. Бесікті қастерлеу де содан қалған ұлағатты дәстүр. Соған сәйкес көптеген ырым-тыйымдар да бар. Мәселен, бесікті нәрестесіз бос тербетуге болмайды. Сәбисіз болса да құрметтеп, оның арқалығына ақ байлап, аяқ астынан жоғарыда ұстайды.
Бесік – көтерме және тербетпе бесік деп екі түрге бөлінген. Көтерме бесік – өткен қилы замандарда, үркіншілікте, күн-түн демей босқын аталған кезеңде пайдаланылған. Көтерме бесіктің тербетпе бесіктен айырмашылығы – оңай жасалуы. Қонақ көрпенің төрт бұрышы байланып, байлау жібін жылқының құйрық қылынан немесе жалынан арнайы есіп, ортасына сол нәрестенің денесіне шақ тақтай салынып, шүмек орналастырған. Мұны арнайы шебердің жасауынсыз-ақ әркім жол-жөнекей өз қолымен жасап, пайдаланған.
Ал тербетпе бесік – қазіргі өзіміз жасап, пайдаланып жүрген бесік. Бесіктің нәресте бөлеудегі артықшылығы: біріншіден, нәрестенің дене құрамының түзу өсуі, екіншіден, нәрестеге жайлылығы, сенімділігі және тазалығы, үшіншіден, әртүрлі күтпеген нәрселерден қауіпсіздігі.
«Біздің қазақта бесік әкелу деген бар. Бұл салт әсіресе, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыс­тарында сақталған. Тіпті бұл – Кеңес өкіметі кезінде де осы аталған өңірлерде маңызын жоймаған салт. Бесікті баланың нағашы әжесі әкеледі. Келін босанғаннан кейін өзін-өзі сыйлайтын кез келген ана міндетті түрде құдаларына құтты болсын айтып, қызының қал-жағдайын білуге келеді. Бұл – ана үшін парыз. Өйткені жатжұрттық болған перзентің «Ана» атанып жатыр. Ана болудың қандай екенін жүрегінен жұлып қызын ұзатқан әр ана жақсы біледі. Демек, қызының жағдайын білуге, құда-құдағиына құтты болсын айтып баруға әрбір қазақ әйелі міндетті», – дейді ­Зейнеп Ахметова.
Нәрестені бесікке бөлерде ұйымдастырылатын ырымдар да жеткілікті. Мәселен, қасиетті арша, қылша немесе адыраспан сияқты өсімдіктермен «алас-алас, аласқа болмас талас» деп аластап Алла тағалаға шүкіршілік қылады. «Ұзын тілден, суық көзден, жаман сөзден сақта» деп жақсылық тілейді. Қала берді бесіктің айналасында өтетін қуанышты жайттар да жетіп артылады. Мысал келтірер болсақ, өмірге жаңа келген нәрестенің кіндігі түскен соң бесікке салады. Бесікке бөлейтін күні отбасы мен ағайын-туыстар, көрші-қолаңдар мерекелі сауық жасайды. Кей адамдардың әл-ауқатына қарай бесікке нәрестені бөлеу той-думанға ұласады, тіпті «бесік тойы» деп, ат шаптырып, көкпар да тартқан.
Қазақ үшін дүниеге жаңа келген ұрпағынан қымбат ешнәрсе болған емес, болмайды да. Сол себепті оны алғаш бесікке бөлерде бесік жырын айту әр ата-анаға артылған міндет. Есіңізде болсын, бесікте жатқан нәрестенің әдепті болып өсуіне тікелей әсер етер, бастау болар нәрсе ол – ана махаббаты мен тағылымға толы бесік жыры.

С.МАДИЯРОВА

19 мамыр 2020 ж. 1 043 0