Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Балық – таусылмайтын байлық емес

Балық – таусылмайтын байлық емес

Күзгі орақ бітіп, егінжайды жинағаннан кейін шиеліліктер күріш алқабы мен оның маңына жақын орналасқан көлдерге жиналады. Ондағы мақсат – қараусыз қалған балықтарды аулап, азық ету. Әрине, нәпақа тауып, қажетіне жаратқанға өкпе жоқ. Алайда, балықтардың басым бөлігі аң-құсқа жем болады. Неге? Өйткені, егін науқаны аяқталған мезетте шабақтар шама-шарқынша құтқарылғанымен, көбісі далада қалады.
«Балық та – байлық», – дейді қазекем. Айтса, айтқандай-ақ екен. Сонау ашаршылық, зұлмат жылдарында басқа өңірге қарағанда Сыр бойы халқы көп қинала қоймағандай. Өзге аймақ аштықтан қиналып жатқанда дарияны жағалай мекендеген бір қауым ел балық аулап, күнін көрген еді. «Өзен жағалағанның өзегі талмайтынын» аудандағы кәсіп иелерінен артық кім түсінген?! Дария бойынан бөлек, теңіз толқынында қайық ескен Сыр жұртының атакәсіпке деген ықыласы ерек. Соңғы жылдары судан сүзілген осы байлықтың Қазақстанға ғана емес, алыс-жақын шет елдерге тасымалдануы теңіз іргесіндегі елдің тіршілігін тәп-тәуір түлетіп-ақ тастады.
Бүгінде балық шаруашылығы саласында еліміз бойынша 12 мыңнан астам адам еңбек етеді. Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, елдің экспорттық бағытын қалыптастыруда балық шаруашылығы саласының алатын орны зор. Өз кезегінде елімізде балықты қорғауға арналған ауқымды жобалар жүзеге асырылып келеді. Әр өңірде балықтың өсімін арттыру мақсатында жүйелі жұмыс жолға қойылған. Жыл сайын «Шабақ құтқару» акциясы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Дегенмен балық шаруашылығын арттыру мақсатында жүзеге асырылатын дүниелер әлі де көп. Шабақтарды құтқарумен қатар оны өсіру, көбейту мақсатында да қолдауды қажет ететін дүниелер жетерлік.
Балықтың бал сорпасын татып көргендер өзен-көл жағалаудан әсте жалықпайды. Ал енді оны қаптап сатып, қаржысына дәніккен жаман. Рұқсатсыз, әрине. Қытайдың арзан торын дарияға тастап, шағын көлшікте тоқпен ұрып алатын қаскөйлердің бүгінде қарасы қалың. Шектеу болса да, әсіресе, уылдырық шашар уақытын аңдитындар азаймай тұр. «Байдың асын байғұс қызғаныпты» демесін, біздікі табиғат байлығының талан-таражға түсіп, обал-сауапсыз аң-құсқа жем болып жатқанын көзбен көрген соң айту парыз деп білеміз. Одан қала балықтарды тоқпен аулау қылмысы да жиілеп келеді.

Өмірбек ЖҮСІПОВ,
«Бағдат және компания-2» ЖШС-ның басшысы
28 қыркүйек 2020 ж. 443 0