Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғыс арқалайтын арда мамандық

Алғыс арқалайтын арда мамандық

Мамандықтың сан алуан түрі бар. Дегенмен қоғамға пайдасын тигізіп, ұрпақ болашағына үлес қоса алатын мамандықты игеру – кез келген жанның қолынан келе бермейтін дүние. Сәйкесінше мамандықтың майталманы болу да оңайға соқпайды. Әрине, ол үшін күн-түн демей ізденіп, оқып, білім нәрімен сусындап, керекті ақпаратпен танысу керек. Бастысы талпыныс болса болғаны. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз де сондай сенім үдесінен шыға блген жан. Ол – өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып жүрген Сәуле Тоқтыбаева.
Сәуле Мэлсқызы 14 жылдан бері әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істейді. Өздеріңізге белгілі, әлеуметтік қызметкердің еңбегі ұшан-теңіз. Мүмкіндігі шектеулі балалармен тіл табысу, олардың арманына қанат бітіріп, психологиялық ойлау қабілетін дұрыстау, ретке келтіру бөлек бір әлем. Айтуынша, өзі сабақ беретін балаларын өзінің туған баласынан кем көрмейді екен.
– Тіршілікте бір адамның қадіріне жетсек, екіншілеріне мән бере бермейміз. Адам өз өміріне өзі жауапты. Сондықтан айналамызға барынша ілтипаттылық танытып, қамқор болған жөн деп ойлаймын. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі балаларға. Олармен жұмыс істеу барысында біраз нәрсені көкейге түйдім. Тіпті өз балаларына дұрыс қарамайтын ата-аналарды да, өзін қоғамнан тыс санайтын балаларды да көзім шалды. Мен 14 жылдық тәжірибемде көзіме көрінген қателіктерді түзетуге бар күш-жігерімді салдым, – дейді білікті маман.
Иә, С.Мэлсқызы қазіргі таңда Шиелі ауданына қарасты Досбол би, Ә.Тәжібаев, Бестам ауылдарынан 5 балаға жауапты. Олардың үйіне барып, сабақ оқытады. Тәжірибелі маман тіпті балалардың жаны нені қалайтынын, қандай ән ұнайтынын, қандай іске икемі бар, қандай қасиеттері барын жақсы біледі. Сондай-ақ балалардың тілін тауып, әріп тануға, оқуға, жазуға бейімдеп жүр.
– Қазіргі таңда жастар біздің мамандықты таңдай бермейді. Өйткені әлеуметтік қызметкер болу үлкен жауапкершілікті талап етеді. «Қолы ашықтың жолы ашық» демей ме халқымыз. Мен өзім қызмет істейтін саланы жүрегіммен, жаныммен атқарамын. Өйткені қоғамға әлеуметтік қызметкерлер өте қажет, – дейді тәжірибелі маман.
Орта ғасырда өмір сүрген Ахмет Иүгінекидің «Жомарт бол, жомарттық сені сүйкімді етеді» деген сөзі бар. Расында, әлеуметтік қызметкерлердің бойында адамгершілік, имандылық, қамқорлық, ақылдылық, сенімділік т.б қасиеттері ұштасып жатады. Олардың еңбегі, жасап жүрген ісі бағалауға тұрарлық.

Фариза КЕНЖЕШОВА
22 қыркүйек 2020 ж. 701 0