Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жақай берген баталар

Жақай берген баталар

Ел іші – алтын кеніш. Ел ішінде әлі де ескерілмей жүрген өнер иелері, еңбек майталмандары аты аталмай тасада қалып жатқандар көптеп кездеседі. Қарап отырсақ қазақ халқының елей бермейтін дәстүрлері көп-ақ. Соған қарамастан соның ішінде жақұт сөздердің атасы, дуалы сөздің ошағы, жаныңды жадыратар сөз мәрмәрін теріп алған бата беру дәстүрі біздің көнекөз қарияларымыз арқылы жалғасын тауып келеді. Сондай бір сөз мәнерін теріп айтар атадан қалған асыл сөздерді есінде сақтаған, оны заманға сай етіп келістіре білген құйма құлақ бір батагөй жан жайлы көптің назарына жария етудің де мәні жоғары.
Өзі адамға дарын, қасиет деген қаннан келеді деп жатады. Ата-анадан көрген дұрыс тәрбие арқылы жақсы сөздерді санасына сіңіріп, соларға тарта отырып, өзінің өміріне арқау етіп ел ішінде абырой биігінен көрініп жүрген Алғабас ауылының тұрғыны, әдемі қартайып келе жатқан Сақбайдың Жақайының батасын алуға құмар жандар аз емес.
Жақайдың әкесі Сақбай – өте сөзшең, тауып айтатын, сауаты жоғары болмаса да, бойындағы азаматқа тән ер мінезімен елге сыйлы болған кісі. Колхоздастырудың алғашқы кезеңінде «Қызылдиқан» – қазіргі Телікөлде колхоз бастығы болып «Қосбелгі» деген жерден балаларды сауаттандыру мақсатында мектеп салдырған. Сөз тапқырлығы сол ойламаған жерден сөз тауып жұрттың назарын аудара білетін. Өзі бастық болып тұрған кезінде техника жоқ ауданға бару керек. Одан шауып ауылға келу сияқты таусылмайтын қарбаласта «Бір Сақбай ауданға жете ме ауылға жете ме?» деп бірқағар сөздерімен серпілтіп тастап отырады екен.
Жақайдың өзінен үлкен екі ағасы – Кәжденбек, Орманбек. Кәжденбек те колхоздың өсіп-өркендеуіне белсене ат салысқан, өте сөзуар, сабырдың суын сепкен, кеңпейілді жан еді. Көп жылдар ауылдық кеңестің хатшысы, өндіріс бригадирі болып қызмет атқарған. Ел арасында сөзге тоқтар, сөз тоқтатар ел ағасы болып өткен кісі. Орманбек­ – хирург, медицина ғылымдарының кандидаты. Бұл ағайындылар – өздерінің тектілігімен ағайын-туыс арасында үлкен абыройға ие болған жандар. Жақай – осылардың кішісі.
Ол 1943 жылы Қызылдиқан елді-мекенінде дүниеге келген. Мектеп бітірісімен 1959 жылы кәсіптік техникалық училищесін бітіріп, туған ауылында механизатор, кейін Ленин атындағы колхозға келіп, сол мамандығын ел ырысын жинауда жалғастырған. Еңбегінің бағасын дер кезінде алып отырған. Сол кездегі колхоз төрағасы Ә.Исмаиловтың қолынан бірнеше алғыс хаттар алған. 1976 жылы «Социалистік жарыстың жеңімпазы» белгісімен марапатталған. 2019 жылы аудандық, облыстық бата беру сайысына қатысып, І орынды жеңіп алып 1-дәрежелі дипломмен және ақшалай сыйлыққа ие болды.
Мен зейнеткермін, маған енді ештеме керек емес деп қол қусырып отырған жоқ. Халқымыздың жақсы бір дәстүрін жалғастыру, яғни бата беруде көп іздене білді. Жақай берген баталардың легі ұлан асыр. Соның бірнешеуін ғана жариялау арқылы ортамызда жүрген ақылды қарияларымыздың мерейін үстем ете отырсақ бір-бірімізге деген құрмет осы шығар.

Бесікке салу
Анасының аяулы,
Жарып шыққан кемерін.
Қадам басып өмірге,
Жас шыбықтар бүр жарған.
Жаңа жайған желегін,
Торсық шеке ақ маңдай,
Өсе берсін бөбегің.
Өмірі ұзақ болсын деп,
Көңілі нұрға толсын деп,
Ақ батамды беремін.
Азамат боп ер жетсін,
Қиын кезде жолдастан,
Аямайтын көмегін.
Тойың тойға ұлассын,
Бола берсін дегенің.

Егеменді еліміз, киелі жеріміз, қасиетті халқымыз аман болсын.
Дініміз, діліміз, тіліміз, әдет-ғұрып салтымыз аман болсын.
Тыныштық, тоқшылық, бейбітшілік заман болсын.
Тәуелсіздігіміздің шаңырағы биік, тұғыры берік болсын.
Еліміздің іргесі бүтін, төңірегі түгел болсын.
Ішінде дау болмасын, сыртында жау болмасын.
Алтын құрсақты аналарымыз аман болсын.
Келешегіміз, болашағымыз, балаларымыз аман болсын.
Халқымыздың үміті мен сенімін,
Аманатын арқалаған азаматтарымыз аман болсын.
Еліміздің иесі де, киесі де, шежіресі де,
Тарихы да, тағдыры да қарттарымыз аман болсын.
Жастарымыз бақытты, баянды, мейірімді,
Ғұмырлы, үбірлі-шүбірлі болсын.
Еліміз тыныш, жұртымыз аман, жақсы заман болсын.

Жас жұбайларға
Қос аққудай көлдегі, қызғалдақтай белдегі,
Жас жұбайлар екенсің, бата берем кел бері.
Дәулетті малды болыңыздар.
Жұқармас жалды болыңыздар.
Ел жұртың мақтан тұтатын,
Жастардың алды болыңыздар.
Тұтатқан шырақтарыңды,
Басталған мұраттарыңды,
Бір Алла қолдап әрдайым
Жайқалтсын құрақтарыңды.
Отауларың орда болсын,
Аттарың жорға болсын.
Қымызың қымыздық татып
Местерің қорда болсын.
Жортқанда жолдарың болсын.
Қыдыр ата шылауында болсын.
Армандарыңа, мақсат-мұраттарыңа жетіп бақытты болыңыздар.
Жақай бұдан басқа бата берудің отыздан астам түрін жатқа біледі.
«Қариясы бардың қазынасы бар» деген осы. Халықтық дәстүрлерді жаңғыртып, кейінгілердің жадында сақтайтын осындай қымбат дүниелерді ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп қалдыру – үлкен еңбек. Бойындағы қадір-қасиетін жоғалтпаған Жақай Сақбаев сияқты жаны жайсаң, көңілі дарқан, көпке үлгі боларлық жандарды дәріптеу арқылы ұрпағымыз түзу жолдан айнымай, дәстүрлерімізді қастерлей отырса, нұр үстіне нұр болар еді.

Айжамал Әбдіхамитқызы
08 қыркүйек 2020 ж. 661 0