Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала нені білсе жастан, соны таныр қиядан

Бала нені білсе жастан, соны таныр қиядан

Тәрбие тал бесіктен
Бірде бір бала бақтан алма ұрлап жатыр екен. Қарауыл ұстап алып:
– Әй, бала, ұсталдың ба? Қанша күннен бері осы алманы ұрлап жүрген адамды таппай жүр едім, – деп баланың желкесінен қысып,– Әкеңе айтып жаныңды шығартайын ба? – десе:
– Жоқ, жанымды шығарта алмайсың, – депті. Бұған таңырқаған қарауылдың «Неге?» деген сұрағына бала:
– Әкем алма ағашының үстінде отыр ғой, – деген екен.
Рас, қарап отырсақ талай адамның әкесі алма ағашының үстінде отыруы бек мүмкін. Сондықтан балалар қарауылдан да, басқадан да қорықпай, қаншама қателікке бой алдырып жатыр.

Қазақ ежелден ұрпақ тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарайды. «Балаңды тәрбиелеп әуре болма, бәрібір өзіңе ұқсайды.Одан да өзіңді тәрбиеле» деуі арқылы әр адамды алдымен өз нәпсісін жеңіп, дұрыс жолмен жүруге шақырады.
Қашанда ақталған жерде біреуді кінәлау басталатыны заңдылық. Ал бойымыздағы кемшілігімізді мойындасақ, көп түйін өзінен өзі шешілер еді.«Ана ретінде баламның алдындағы міндетімді дұрыс атқармай жатқан жоқпын ба?» деп ойланбай, «Мен бәрін дұрыс жасаймын. Осы әкесінен кемшілік кетіп тұр» деп отағасын айыптауға әзір тұрамыз. Әкесі де өзін «Мен түзде шаруада жүрген жанмын, дүние тауып жатырмын» деп ақталып, «Әй, балаларға қарамайсың ба?» деп шешесін кінәлай бастайды. Осыдан келіп ұрыс-жанжал, айқай-шуға ұласып, соңы баланың болашағына әсер етпеуіне кім кепіл? Сондықтан ана да, әке де ешуақытта ақталмауы қажет. Себебі, баланы ата-анадан өзге ешкім, тіпті мектеп те, балабақша да, университет те тәрбиелей алмайды. Қазақ «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейді. Мақалдағы «көрген» деген сөзде үлкен мән бар. Өйткені, мұнда естіген деп емес, әкесін, шешесін көргенді, оның қасында жүргенді айтады.
Абай қалай ұлы тұлға болды? Бұған бір ғана жауап бар. Себебі, ол Құнанбайдай әкенің тәрбиесін көрген. Әйгілі А.Затаевич «Құнанбай таңертең тұрғаннан жұрт жатқанша елдің мәселесін шешеді» деп естелік айтқан. Әкесі төрелік айтып, халқын бітімгершілікке, бірлікке шақыратын, ойлы сөзін жеткізгенде тізесінде отырып, жанында ханталапай ойнап, асық шашып, сұңқар салып, тай үйретіп жүрген Абай Құнанбайдың өнегесін қалай көрмесін? Құнанбайды көрген баланың Абай болмауы да мүмкін емес еді. Міне, тәрбие қайда жатыр?
Біздің де әрқайсымыздың балаларымыз ақылды, білімді екені сөзсіз. Бірақ біз Құнанбай секілді бола алмай жатқан жоқпыз ба? Қазақ «Әкесінің шайқалып келгенін көрген баланың тағдыры шайқалды дей бер» дейді. Қандай ауыр! Осы бір ауыз сөздің өзінен қаншама нәрсені ұғуға болады. Өкінішке қарай мұның байыбына жете алмай, шайқалып та, тайпалып та, өтірік айтып, өрге баспайтын іс істеп жүрген жандар қаншама?!
Баланың тап-таза аппақ көңілі не берсең, соны тез сіңіріп алады. «Болмасаң да ұқсап бақ» дейді ойшыл Абай. Құнанбайдай әке бола алмасақ та, біреудің наласына қалып, ала жібін аттамай, тектілігімізді сақтап, адамдық қалпымыздан айнымайықшы...

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ
21 қаңтар 2020 ж. 794 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№30 (9194) (1)

16 сәуір 2024 ж.

№29 (9193)

13 сәуір 2024 ж.

№28 (9192)

09 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930