Қазақ тілі өлмейді, жанданады
Тіл – әр елдің тарихи шежіресі. Кез келген халықтың, елдің тілінде ең бірінші оның тарихы, мәдениеті, рухани құндылығы, дүниетанымы көрініс табады. Өйткені талай-талай заманнан осылардың барлығының шашауын шығармай бүгінгі күнге жеткізіп отырған ұйытқы – біздің тіліміз. Тілдің қасиеті де, қадірі де сонда.
Тіл – адам баласын қазіргі парасаттылық пен өркениетке жеткізген ұлы да бірегей туынды. Осы себептерден де сөйлеу мәдениетіне жетілу, тілді дұрыс та тиімді және шебер де тартымды пайдалана білу талабы көне замандардың өзінде-ақ басталған. Қоғамның мәдени дәрежесін көтеру бағытындағы әрбір қадам, алдымен тіл мәдениетін, жазу, сөйлеу өнерін дұрыс жолға қою, оны үздіксіз жетілдіре беру талабынан басталып отырғанын ғалымдар дәлелдеген. Әрбір елдің мемлекет болып қалыптасып, әлемдік аренада мығым орнығуы үшін аса қажет 3 негізгі тірегі бар. Ол – ұлт, тіл және мәдениет. Еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізген жылдарынан бері қазақ халқының тілін, ділін, мәдениетін дәстүрін қайта жаңғыртып, оның ұлттық рухын тірілтіп, жандандыру жұмысы қызу жүріп келеді.
Тіл – адам баласын қазіргі парасаттылық пен өркениетке жеткізген ұлы да бірегей туынды. Осы себептерден де сөйлеу мәдениетіне жетілу, тілді дұрыс та тиімді және шебер де тартымды пайдалана білу талабы көне замандардың өзінде-ақ басталған. Қоғамның мәдени дәрежесін көтеру бағытындағы әрбір қадам, алдымен тіл мәдениетін, жазу, сөйлеу өнерін дұрыс жолға қою, оны үздіксіз жетілдіре беру талабынан басталып отырғанын ғалымдар дәлелдеген. Әрбір елдің мемлекет болып қалыптасып, әлемдік аренада мығым орнығуы үшін аса қажет 3 негізгі тірегі бар. Ол – ұлт, тіл және мәдениет. Еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізген жылдарынан бері қазақ халқының тілін, ділін, мәдениетін дәстүрін қайта жаңғыртып, оның ұлттық рухын тірілтіп, жандандыру жұмысы қызу жүріп келеді.
Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттық мұрасы ешқашан да жоғалмайды, тот баспайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сол себепті латын әліпбиіне көшу біз үшін, болашақ үшін маңызды. Жаңа әліпбиге көшудің маңыздылығы туралы терең мағлұмат беру, қоғамдық пікір қалыптастыру – аса маңызды шаруа. Еліміздің латын әліпбиіне көшуі – ұлтымыз үшін жасалған маңызды қадамдардың бірі. Ұлы дала елінің тарихына көз жүгіртсек, бірінші байлығы – жер, екіншісі – тіл, үшіншісі – мемлекет және оның тарихы екені айқындалған. Ал латын әліпбиі әлемдік тәжірибеден өткен. Латын әліпбиіне көшу ұлтымызды түркі және жаһандық әлеммен ықпалдасуға, қазақ халқы ертеден қолданған әліпбиімізге қайта оралып, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады. Яғни бұл – жаңа мүмкіндік, зор жетістікке жетелейтін жол.
Тіл туралы толғана қалсақ әуелі қазақ тіліне деген құрмет, оның тазалығы мен мәртебесіне мән беретініміз ақиқат. Себебі әлі күнге өзінің ана тілін ар санап, өзге тілмен шұбарлап сөйлеуден ары аса алмай келеміз. Мемлекеттік тілдің мәртебесін айшықтап, заңмен бекіткенімізбен қазақ тілінде сөйлей білмейтін қызметкерлерді де көз шалады. Осы орайда Елбасының «Қазақ тілінің мемлекеттік қызметте де, өндірісте де, ғылымда да, білім беруде де дәл орыс тілінше қолданылуы үшін бәрін істеу қажет» деп айтқан пікірі барша қазақ елінің нақты мақсаты болуға тиіс. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл болып қабылданғанына көп уақыт өтсе де, жұртшылық жүз пайыз қазақша сөйлеп кете қойған жоқ. Осыдан кейін ақпарат беттерінде «Әлемде әр екі апта сайын бір тіл жойылып кетеді екен. Қазақ тілін де жоғалтып аламыз-ау» деп күдіктенген тіл жанашырлары арасында қызу тартыс әлі күнге дейін жүріп келеді.
Қытай философы Конфуций: «Егер де маған мемлекет басқару мүмкіндігі туса, ең алдымен сол елдің тіл мәселесін қолға алар едім. Себебі тіл бірлігі болмаса, пікір бірлігі болмайды және идеология дұрыс жүргізілмейді. Идеология дұрыс жүргізілмей, ортақ түсіністік таппаған елде бірлік болмайды. Сондықтан бәрінен де бұрын адамдар арасындағы бірлікті ұстап тұрған тіл мәселесі маңызды» деген екен. Аспанасты елінің мемлекеттік тұғырнамалары Конфуцийдің философиялық тұжырымдарымен суарылып, нығайтылғаны мәлім. Нәтижесінде, планетамыздағы ең қуатты мемлекеттердің біріне айналған Қытайдың сермеген құлашы әлемнің әр қиырына жетіп тұр. Көршіге қарап көшін түзейтін қазақ елі «Біз барша қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы болып табылатын қазақ тілінің одан әрі дамуы үшін барлық күш-жігерімізді салуымыз керек» деп Елбасының тұжырымын мақұлдағаны есте.
Қазақ тілі – елдің қазынасы. Тіл – көңілдің бұлағы, ой – қоңырауы. Қазақ – екі сөзінің бірінен мақалы мен өсиеті қалмайтын кемеңгер халық. Қазақ тілінің шырыны – бабалар өсиеті. Өлмейтін өсиетті естіген кеуде еріксіз тулайды. Ол қасиетті қазақ тілінің құдіреті. Суға салса батпайтын, адуын ағысқа ақпайтын, мәңгілік мағынасы мен бояуын сақтайтын, саналы жан сүйсіне жаттайтын сөз жәннаты. Жалынын таптаса, күлі сөйлеген, тасты балқытып, темірді илеген қызыл тіл екені даусыз. Тектілігі тұлғасын сомдаған, қуанышы-қайғысын қара өлеңмен толғаған, көктің сырын ұғып, шөптің тілін білген, шеніне қарай шапан киген ел екенімізді әсте естен шығармауымыз керек.
Тіл беделі – ұлт мерейі. Қазақ елі – әлемде жалғыз ғана ел. Елбасы Н.Назарбаев өз сөзінде «Ана тілінен артық қазақ үшін, бұл дүниеде қымбат не бар екен?!» деген болатын. Қандай тауып айтылған ұлағат! Әрбір отбасы – өз алдына бір кіші мемлекет. Адам өз ұрпағы үшін өмір сүреді, ұрпағымен мың жасайды. Әр жас тұлға тәрбиені алдымен өз отбасынан алады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп ұлағатты ой саптау да, уыз тәрбиенің ықпалының құнын байыптап береді. Жас бөбектер кеудесін тіктемей жатып, туған тілімен сусындаса, сол тілдің арқасында елдің тарихын, шежіресін, сөз киесін түсініп, ұлттық құндылықтардың бәрін есітіп, көңіліне тоқып өседі. Сондай ортада есейген тұлға, өз тілінің де, өзге тілдің де бағын аша біледі. Өзін жарылқаған ұрпақтың өзегі талмайды, сүйегі қатқанда алған тәрбиенің сіңімі болмайды.
Латын әліпбиіне көшіп, әлемдік аренада өз күшімізді көрсетер күн алыс емес. Олай болса бұғанасы қатпаған шақалақтан бастап, болашақтың көшін бастар жас буынның қазақ тіліне деген құмарын оятып, қадір қасиетін арттыруды бүгіннен бастауымыз қажет. Тіпті кеш қалып бара жатырмыз десек те болады. Тіл мәселесі тұғырдан түспейді. Алпауыт 30 елдің қатарына қосылмас бұрын «тіл» деп аталатын құлагерімізді бәйгеге баптау керектігін ұмытпайық. Ол үшін ұрпақты таза қазақ тілінде сөйлетуге баулу керек-ақ. Тегіміздің тегін еместігін ұмытпасақ, тіліміздің өшпейтіні ақиқат.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ