ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖАТАҚХАНАЛАРДЫҢ ТЕХНИКАЛЫҚ ЖАҒДАЙЫН АНЫҚТАЙТЫН КОМИССИЯ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың тапсырмасына сәйкес қаладағы жатақханалардың жағдайын анықтайтын арнайы комиссия құрылды. Комиссия жұмысының нәтижесі осы жылдың 12 наурызында белгілі болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Марсбек Молдабаев мәлімдеді.
Облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов төрағалық ететін комиссия құрамына тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мен құрылыс салаларының жауапты мамандары енген.
«Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жатақханалардың техникалық жағдайын анықтайтын арнайы комиссия құрылды. Бүгін комиссия мүшелері жұмысқа кірісті. Комиссия 10 күн бойы жұмыс істеп, 12 наурызда нәтижесін ұсынады", - деді Марсбек Молдабаев.
Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша анықталған мәселелерді шешуге арналған шаралар тізбегі әзірленіп, тиісті іс атқарылады.
«Қалада 22 жатақхана бар, олар негізінен 70-90 жылдары салынған»,- деді қала әкімінің орынбасары Асылбек Шәменов.
Естеріңізге сала кетсек, 28 ақпан күні Қызылордада Титов тұрғын ауданы 16А жатақхананың бос тұрған бір бөлігі опырылып түскен. Өзге бөлігінде тұрған 46 отбасы эвакуацияланды. Облыс әкімі Қ.Көшербаевтың тапсырмасына сәйкес тұрғындар 6 айға уақытша баспанамен қамтамасыз етілді, қаржысы жергілікті бюджеттен бөлінеді. 1-2 күннің ішінде олар пәтерлерге көшіріледі. Аталған жағдайға байланысты құрылған арнайы комиссия отбасыларды заң талаптарына сәйкес баспанамен қамту үшін әр жанұяның жағдайын зерттеп жатыр. Сонымен қатар, құлаған жатақхананы бұзу туралы шешім қабылданды.
Бұл жағдай облыс әкімдігінің жіті бақылауында