Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Соқыр сенім сорлатқандар

Соқыр сенім сорлатқандар

Еуропа дінкештері Крест жорығын пайдаланып, 30 мың баланы құл етіп сатқан. Кімдерге дейсіз бе? Иә, кәдімгі ежелгі қарсыластары мағриптық арабтарға. Қалай дейсіз бе? Онда осы жазбаны жалықпай оқып шығыңыз. Христиандар үшін қасиетті Иерусалимді азат ету үшін Еуропа корольдіктері сонау орта ғасырларда мұсылман әлеміне қарай дүркін-дүркін соғыс ашып отырғанын тарихтан білеміз. Себеп, Рим папасынан бата алып, кісінің қанын төгіп, халықты қан қақсатса, жұмаққа жауапсыз енетіндігіне бек сенген догматтар қаптаған қараңғы батыс жұрты өркениетті шығысқа шапқыншылық жасай отырып, мол байлыққа кенелуді басты мақсатына балағандықтан.
Бұның бірден бір дәлелі деп 1204 жылғы төртінші крест жорығын сөз етсекте жетеді. Осы жылы Иннокентий III пападан пәтуа алған крестшілер Шығыс Рим яғни Византияның астанасы Константинопольді аямай шауып, тонаған. Мұсылман әлеміне аттанбақ болып, еуропадан сайланып шыққан крестші-сарбаздардың Византиялық діндестерін шабуы олардың сенім, дінге емес байлыққа қызыққанын һәм құныққанын айқындап берсе керек. Әңгіменің негізіне қайта оралсақ. 1212 жылы Францияның Клуа аймағында қойын бағып жүріп, далада ұйықтап қалған Сетефан деген жас бала түс көріпті. Түсінде ақ киімді кісі оған өзі құралпы жас балаларды жиып, Йерусалимге жорыққа аттануды айтып, аян берген екен. Аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермейтін сөзшеңдік қасиеті басым бала болған ау, сірә, сол Стефан аз ғана уақытта айналасына мыңдаған баланы жинап алыпты. 10-12 жас аралығындағы жасөспірімдерге арналған жалынды сөзі жандарына жаққаны соншалық айналдырған бірнеше айда Стефанның соңынан еріп, Йерусалимге аттануға серт берген 30 мың бала Франция королі II Филиптің сарайына барып, есігін қағып, жорыққа шығуға рұқсат сұрапты. Король Филип болса, Рим папасына хат жазып, пәтуасын сұрапты. Папа жауап беруден бас тартып, үнсіз қалыпты.
Ал Париж университетінің ғалымдар кеңесі бұған қарсы шығып, балаларды үйіне қайтаруды сұраған екен. Осыдан кейін отыра қалып ойланған патша балаларға балалық жасамай үйлеріне қайтуға кеңес берген екен. Бірақ патшаның кеңесін құлақтарына ілмеген жаужүрек балалар теңізді бетке алып, Марселге қарай марш жасапты ғой. Ата-аналары қайда қараған деймін. Сәйкестікті қараңызшы, дәл осы уақытта Германияда 12 жасар Николас деген қойшы балада айналасына уағыз жасап, мұқым неміс балаларын жорыққа шығуға үндеп, мақсатына жетіп, олда 30 мың баладан армия жасақтап алыпты. Оғанда өздерінің корольдері ll Фридрих рұқсат бермей үйлеріне қайтуға кеңес беріпті. Корольдердің екеуі де екінші екен. Сәйкестік пе? 12 жасар неміс бала Николаста тегін қойшы болмаса керек, патшаның сөзін құлағына қыстырмастан 30 мың баланы соңынан шұбырта ертіп, Италияға қарай жөнеп кетіпті. Жолай Альпі тауынан асып өтеміз деп 15 мың бала жан тәсілім етіпті. Қалған жартысы Рим папасы Иннокентийге барып, бата беруін сұрапты. Папа Иннокентий балаларға бата беруден бас тартып, елдеріне қайтуды бұйырыпты. Патшасын тыңдамай Альпіден асса да басты діндардың сөзінен асып кете алмаған балалар еліне қайтып, алып Альпіден тағы да асамыз деп жүріп, қалған жартысы қырылып тыныпты. Сөйтіп 12 жасар Николастың балалар армиясы Альпі тауының биік қарлы асуларынан ары-бері асып жүріп, үсіп, қатып, жойылып тынған екен. Ал француздық бала Стефанның Марселге қарай марш жасаған 30 мың баладан құралған армиясы ше? Бұлардың жағдайы нешік болды десеңіз оғанда арнайы тоқталатын уақыт енді келді.
Сонымен 12 жасар Стефанда патшасының уәжіне құлақ аспай, соңынан ерген балаларды тарқатпай Францияның Вандом қаласында жиылып, етең-жеңін жиып, Марсел айлағынан кемеге отырып, теңіз кешіп, мағрипқа аттанбақ болыпты. Бұл тобыр алғашқыда біраз бөгеліп қалыпты. Марсел портында жатып, арабтардың еліне аттанатын кеме иелерімен келіссөздер жүргізіпті. Енді осы жерде өзіңіз бір сәт жазбадан көзіңізді алып, ойланып қараңызшы, 10-12 жас аралығындағы 30 мың бала айлақта жатып, өздерінше кеңесіп, ірі сауда кемелерінің иелерімен келісім жасапты. Таңғаласыз ия. Содан марселдік екі ірі саудагер Гуго Ферреус пен Гийом Поркус өздеріне тиесілі кемелерді балалардың құзыретіне беруге келісіпті. 30 мың баланы тиеп алған алып,сауда кемелері Палестинаны емес Алжирді бетке алып жүзе жөнелген екен. Нәтижесінде Йерусалимді азат етеміз деген француздық жасөспірім балалардың алғаусыз армандары көкке ұшып, Алжирдің құл базарынан бірақ шығыпты дейді тарихшылар. Балалардың сатылуына патшаларда, папаларда, поп-молдаларда кінәлі емес екен. Үлкендердің айтқанына құлақ аспай қойған жасөспірімдердің өздері кінәлі. Бұған шіркеу мен сарайдың түк қатысы жоқ екен. Әшейінде айтқанға көнбегенді өртеп, асып, қырып-жойып салатын қос биліктің он мыңдаған балалар шекара асып бара жатқанында қаннен қаперсіз қолқусырып қалғаны таңқаларлық жәйт емес пе?
Иә, балаларды алдап, арбап, жиып алып, шет елге құл етіп өздерінің дінкештері сыртынан жаппай саудалар сатып жібергендігі анық. Соғысамыз деп жүріп, шытырлаған қып-қызыл ақшаға сатылып, біреулердің қалтасын қалыңдатып, өз өмірлерінің өксікке толарын білді ме екен сорлылар. Ал анау Альпінің қарлы шыңдарынан ары-бері асып жүріп, жойылып,жоғалып кетті деген 30 мың неміс баласының тағдыры ше? Шындығында шыңнан асамыз деп жойылды ма екен? Әлде оларда мағриптың бір құл базарында саудаланып кетті ме мекен? Византияның шабылып, Константинопольдің тоналуы, француздық 30 мың баланың сатылуы, немістің 30 мың баласының жойылып кетуі Иннокентий папаның дәуірімен тұс келуі тегін емес.
Айтпақшы, осы Иннокентий III папаның батасын алған крестшілерді мұсылман әлемінің әйгілі қолбасшысы Салах ад-Дин сұлтан тоқтатқан болатын. Кәдімгі ағылшын корольі Арыстан Жүректі I Ричард, Балдуин Йерусалимовскийлердің заманындағы шайқастарға осы папа пәтуа беріп отырған еді. Америкалық режиссер Ридли Скоттың 2005 жылы түсірген «Царство небесное» деген киносын көбіміз көрдік. Басты рөлдерде Орландо Блум, Ева Грин, Гасан Масадтар ойнаған ше. Міне сол кинодағы тарихи ірі оқиғалар осы мен әңгімеге арқау етіп отырған кезден бар жоғы 10-15 жыл бұрын ғана өткен екен. Әлгі неміс пен француз балаларының соғысамыз деп, Йерусалимге аттанамыз деп жүргені сол өздерінен бұрын кеткен әкелерінің кегін қайтару, соларды іздеу екен ғой. Байғұс балалар қайдан білсін дінсіз дінкештер әкелерін алдағандай өздерінде алдап, сыртынан сатып жіберетінін! Осыны кешегі біздің елден Сирияға аттанып, опық жегендердің оқиғасына ұқсата беремін.

Н.ПІРІМБЕТ
23 маусым 2020 ж. 305 0