Қызылордалық шахматшы Азияның 5 дүркін чемпионы атанды
Қызылордалық шахматшы Азияның 5 дүркін чемпионы атанды. ҚазАқпарат - Вакадува қаласында (Шри-Ланка) шахматтан оқушылар арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында қызылордалық Әсел Серікбай бас жүлдені жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлағанда, отандасымыз 17 жасқа дейінгі қыздар арасында рапид бойынша бақ сынасып, 7 турдан 6 ұпай жинап, чемпион атанды. Бұл оның Азия чемпионатында бесінші мәрте топ жаруы. Швейцар жүйесімен ұйымдастырылған жарысқа 17 мемлекеттен 400 спортшы қатысуда. Дүбірлі бәсеке 14 шілде күні мәресіне жетеді. Айта кетейік, Әсел Серікбай шахматтан ФИДЕ шебері және ҚР спорт шебері. Ол 12 дүркін Қазақстан жеңімпазы, 5 дүркін Азия чемпионы (Сингапур 2015 ж. классика, Ташкент 2017 ж. классика, рапид, блиц, Шри-Ланка 2018 ж., рапид) 2 дүркін Әлем чемпионы (Польша 2011 ж., Румыния 2017 ж.). Әсел №1 Қызылорда облысының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде тәлім алады.
inform.kz
inform.kz