Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерікті жастың ертеңін ойлайық

Ерікті жастың ертеңін ойлайық

Еріктілер жылы ел ішіндегі қиын-қыстау сәттерде көп пайдаға жарап келеді. Олар – адал еңбегімен айналадағы адамдарды ыстық ықыласқа бөлеп, бірақ ол үшін ақы алмайтын ерік-жігерге ие жандар. Жыл басынан бері елімізде бірлігіміз бен төзімділігіміз сыналар сын сағаттар жиі болды. Олардың қатарында пандемияға ұласқан коронавирус індетін ауыздықтау бағытындағы түрлі шараларды өз деңгейінде орындау міндеті болды.
Жалпы эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру бағытындағы төтенше жағдай режиміне орай шектеу талаптарына мойынсұну, карантин құрсауында болу сынды жағдайларда күн кешу қазақстандықтарға оңай соқпағаны белгілі. Екі айға жуық уақытқа жалғасқан шектеулерден соң қалыпты өмірге өтудің бірінші кезеңіне енді қадам басқалы жатқанда Мақтааралдағы бірқатар ауылдың су астында қалуы барша халық үшін ауыр төтенше оқиға болды. Ерікті болу адамның қызметіне, жасына, біліміне қарамайтын осындай күрделі ахуалдарда айшықтала түсті. Ерікті болу жан қалауымен игі дүние жасау арқылы өзіне рухани күш беріп, кемелдене түсу. Яғни, Абайша айтқанда «толық адам» болуға бастар жол емес пе?
Еріктілер барлық қоғамда бар. Айналаға көз тастар болсақ, еріктілердің басым көпшілігі – АҚШ-та екен. Ең қызығы бұл мемлекетте балаларды мектеп жасынан бастап жақсылық жасауға баулиды. Ал волонерлікпен айналысу – алпауыт мемлекет азаматтарының ең басты қасиеттерінің бірі болып саналады. Осы бір ақысыз қызмет өтілі болмаса да, түйіндемесіне ерікті болғаны туралы жазылса, жұмыс беруші тарап мұны жетістіктің бірі ретінде бағалайды. Сондықтан да ондағы колледж және ЖОО студенттері ерікті болуға асығады. Үйренетін бұл үрдіс біздің елімізде де орын алса, жастарды қайырлы іс жасауға баули түсеріміз хақ. Әрі оқу орнын енді бітірген жас маман үшін де таптырмас мүмкіндік болар еді. Сондай-ақ қоршаған ортаның тазалығы, жастардың белсенділігі арта түседі. Бұл әдіс жас­тарды ерікті болуға шақырудың оңтайлы шешімі іспетті. Жалпы студент кезден бастап қайырымды іс атқарған жас өмір жолында жақсы бастамаларға мұрындық болып, саналы ұрпақтың қалыптасуына септігін тигізері анық.
Қазақ қоғамында ерікті болу қанда бар қасиет. Әлі күнге дейін қоғамда асарлатып үй іргесін құйып, қабырғасын өріп, баспана салу – осы сөзіміздің айғағы. Еріктілік – әрбір адамның белсенділігін арттырып қана қоймай, өмірлік тәжірибелерді жинақтауға, әлемді басқа қырынан танып, мол сауап жинап, бос уақытты пайдалы әрі тиімді өткізуге мүмкіндік беретін бірден-бір жол. Сол себепті де, еріктілікке жұмсалған уақыт – адами прогресстің бастауы болмақ. Еріктілер жылының бірінші жартыжылдығы да аяқталуға жақын. Бір ғана жылдың ішінде бүкіл шаруа шешіліп кетуі мүмкін емес. Бірақ осы жылғы еріктілердің ісі ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Ел ішінен табылып, түрлі шараның басы-қасында жүретін еріктілер ісімен үлгі болары анық. Ұлы ойшыл Сенека «Жақсылыққа құр сөз арқылы шақырып, ынталандыру мүмкін емес. Адамның табиғаты сол кез келген нәрседе үлгіні қажет етеді» – дейді. Олай болса, АҚШ-тан үлгі алып ерікті жастардың ертеңін жарқын етудің жолдарын қарастырып, үлгі алсақ ұтылмаспыз.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
16 маусым 2020 ж. 532 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930