Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Толғауы тоқсан тақырып

Толғауы тоқсан тақырып

Жаз – таңның атысы, кештің батысы балалардың үй көрмей, алаңсыз асыр салып ойнайтын мезгілі. Ал сол көз алдыңда жайраңдап жүрген балақай қас пен көздің арасында жазым болып қалса қалай болады? Әлбетте, өзіңді қоярға жер таппайсың. Әрі ол бір жанұяның жалғызы болса ше? Жаныңды жегідей жейді. Осындай сәтте қазақ бір ауыз сөзбен «Сақтықта қорлық жоқ» деп дөп айтқан.
Ішкі істер министрлігінің таратқан мәліметін оқысаңыз еріксіз күрсінесіз. Өткен жылдың статистикасын сөйлетсек, кәмелетке толмағандардың түңгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғын үйден тыс жерде заңды өкілдерсіз жүргені үшін 40 мыңнан астам ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Ойлаңызшы, осы 40 мың бала байқаусызда бір нәрсеге ұрынса не болады? Кімді кінәлаймыз? Әрине, кінәні әлдекімнен іздеп, оған жала жаба салу оңай, ал өзегіңді өкініш өртесе, бәрінен де сол қиын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Жасөспірімдер арасында көбейіп кеткен суицид мәселесімен мақсатты түрде айналысу керек» деген болатын. Осы бір қордаланған түйткілдің түйінін тарқату расында, жүйелі жұмысты қажет етеді. Неге десеңіз, өткен жылдың өзінде елімізде 312 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсап, оның 108-і көз жұмған. Ал бұл көрсеткіштің жыл өткен сайын қалай құбылатыны бізге беймәлім. Төрт баланы тәрбиелеп отырған Әйгерім Аяпова мұндай өкініштің алдын алып, болдырмау үшін әрбір ата-ананың өзі психолог болғаны жөн екендігін алға тартады.
– Ең алдымен ата-анасы баласымен ашық сөйлесе алуы керек. Әсіресе, өтпелі кезеңде жүрген баласына бар ақылын айтып, ішкі ойын тыңдап, белгілі бір қиындыққа тап болған кезде оның ең сенімді сырласына айналғаны абзалырақ. Балаңыздың араласатын достарыменде таныс болғаныңыз дұрыс. Бүгінгі балаларға дауыс көтеріп, айғайлағаннан ештеңе шықпайды. Сол себепті барлық мәселені тек сырласып, пікір алмасып қана шешуге болады, – дейді.
Бала өміріне қауіп тек өрт, су, болмаса суицидтен келмейді. Елімізде жиі орын алатын жол-көлік оқиғаларынан да балалар айтарлықтай зардап шегеді.
Биыл дүние жүзін дүрліктірген қауіпті індетке байланысты балалар жазғы тынығу лагеріне бара алмайды. Оларға 3 ай демалыс­ты үйлерінде өткізуге тура келеді. Осындай кезде ата-ана көз алдында жүрген балаларына бас көз болғандары дұрыс. Бар жауапкершілік сіздерге жүктеліп отыр. Себебі, бала өміріне келген қауіп ең алдымен ата-ананы алаңдатады. Әрине, бұл басқалардың жауапкершілігін жеңілдету деген сөз емес. Қазақ мұндайда «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп айтқан. Дегенмен «Тас түскен жеріне ауыр» деген тағы бар. Баланың өлімі яки оның бір нәрсеге ұшырауы ата-ананың жүрегіне салмақ салады. Ал күнделікті күйбең тұрмыста жауапкершілікті ата-анаға бір сәтте естен шығармай арқалап жүру – ардың да, заңның да жазасынан әлдеқайда жеңіл болмақ.

Сұлушаш МАДИЯРОВА
14 маусым 2020 ж. 353 0