Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ӘЖЕМ МЕНІ ҚАЛАЙ ҰЯЛТТЫ?

ӘЖЕМ МЕНІ ҚАЛАЙ ҰЯЛТТЫ?

Кейде күйбең тірліктің соңында жүріп өзіміздің ұлттық болмысымыздан, салтымыз бен дәстүрімізден, ата-әжелеріміз ұстанған әдет-ғұрыптарымыздан айырылып бара жатқанымызды байқамай да қаламыз-ау. Біздердің басты дертімізге айналған күйзеліс пен іштарлықтың емін психолог жағалап, жұрттың аузына қарамай-ақ, халқымыздың дәстүрінен табуға болады. Қазақ баласын «жаман болады, ұят болады, обал болады» деген үш-ақ сөзбен қалай ұтымды тәрбиелегеніне мына тәмсілді оқып отырып еріксіз сүйсінесің.
Бірде менің ерсі қылығымды байқаған әжем мынандай әңгіме бастады: «Қызым, адамдардың әдебі, ар-намысы болатынындай, үйлердің де әдеп-тәртібі болады». Бұл сөзге мырс етіп күліп: «Әжетайым, үйлердің әдебі қандай болады екен? Бізге айтып берсеңізші онда!» – дедім. Әжем сөзін бастап кетті: «Біз кішкентай кезімізде аналарымыздан бұрын әкелеріміздің қасында әдепті болуды үйренетін едік. Үйде әкеміз, анамыз бар кезде аяғымызды созып отырмайтын едік және үлкендер сөйлеп жатқан кезде бізге сөз кезегі берілмейінше сөздеріне араласпайтын едік. Үлкендер үйге кірген кезде дереу орнымыздан тұрып, оларға орын беретін едік. Ешқашан әкемізден бұрын дастарқан басына отырмайтын едік. Әкеміз келіп, тамақты «Бисмилләмен» бастап «Қане, тамақтан алыңдар» деген кезде ғана бастайтын едік. Астан кейін дастарқан дұғасын кезектесіп оқитын едік. Ешбір тамақ, отбасыңмен бірге отырып жегендей болмайды. Бүкіл осы нәрселер дастарқанның әдебі болып саналады, балам!» – деді. Таңқалған мен: «Әже, осыншама қысымнан стреске түспейтін бе едіңіздер?» – деп сұрадым. Ол: «Жоқ, бұл қысым емес, бұл бір-бірімізге деген сый-құрмет болғандықтан өзара сүйіспеншілігіміз мәңгі болатын. Бір-бірімізге деген махаббат болғандықтан бұдан ешкім стреске түспейді.
Тағамдар дәмді, ұйқылар тынық болатын. Сенесің бе? Мен алғаш рет «стресс» сөзін осы жерде естідім. Біздің ауылымызда ақыл-есінен айырылған бір кісі бар еді. Барлығы оны жынды дейтін. Тіпті ол да өміріне бақытты еді. Оның өміріне ризалығы соншалық, айтып түсіндіре алмаймын. Кешке дейін көшеде балалармен ойнайтын. Қарны ашқан кезде кез келген бір үйдің есігін қағып: «Менің қарным ашты, жейтін нәрсе беріңдерші!» – дейтін. Қай үйге кірсе де қолы бос шықпайтын. Шашы өсіп кеткенде бір шаштараз шашын алып, моншашы жуындырып қоятын. Жұма күндері қолынан ұстап, намазға да ертіп апаратын. Яғни ешкім оны шеттемейтін. Қазір болса ешнәрсеге құрмет көрсетілмейді. Қараңдар, бұл қалада тіпті үйлерге де құрмет көрсетілмейді! Кеш батқан кезде ешкім үйлерінің перделерін жаппайды, үйлерінің іші көрініп тұрғанынан ешкім ұялмайды. Ал біз қараңғы түспей тұрып-ақ қалың перделерімізбен жауып, содан соң үйдің жарығын қосатын едік. Киім ауыстырар кезде тіпті перделер жабық болса да ұялғандығымыздан жарықты сөндіріп, жерге отырып ауыстырар едік. Сырттан қарағанда көлеңкеміздің көрінетінін ойласақ, жүзімізден от шығардай қызарып кетер едік. «Үйдің әдебі пердесінің жабылып, жабылмағанынан белгілі болады», – деп айтатын аталарымыз.
Қазіргі күнде көбісі көшеде тамақтанады. «Көз ақысы» деген нәрсе бар. Адамдар базардан алған заттарын іші көрініп тұратын пакеттерге салып, үйіне алып келеді. Бұл заттарды алуға жағдайы келмейтін адамдар бар, көз ақысы өтеді, қызғаншақтық, көре алмаушылық пайда болады. Бұған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Әркімнің көзі түскен мұндай тағамдарда шипа болмайды. Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Жасаған тағамдарыңның иісімен көршілеріңді мазаламаңдар» деген. Қазіргі таңда тағамдардың иістерін мүңкітіп, оларды баршаға көрсету арқылы айналадағы адамдардың мазасын алады. Әрине, әлгі желінген тағамдардан азапталады. Кейін «стресс» деп дәрігерлерге барады. Үйдің тағы бір әдебі бар, ең маңыздысы да осы болса керек. Үйдің ішінде болып жатқан ұрыс-керістер, әртүрлі жағдайлар сыртқа шықпауы тиіс. Бұл да үйдің әдептерінің бірі болып саналады. Сондықтан бұрын келеңсіздіктер үйдің ішінде оңай шешілетін еді. Онсызда сүйікті пайғамбарымыз, әсіресе ерлі-зайыптылардың арасында болатын ұрыс-керістерді сыртқа жаюдың үлкен күнә екендігін қаншама рет айтқан.
Ұялсам да, өзім солардың бірі болсам да әжеме: «Әжетайым, қазір фэйсбук, инстаграм деген нәрсе шыққан. Адамдар кафеге кіммен барғандарын, не жегендерін суретке түсіріп, мыңдаған досына көрсетеді!» – дедім. Таңқалған әжем: «Не деген сұмдық. Адам жеген тағамдарын көрсете ме? Қиямет қайым басталды десеңші. Біз күйеуіміздің жанында жүруге ұялатын едік. Қаншама жесір қалған әйелдер, тұрмыс құра алмаған қыздар бар. Олардың көңіл жараларына тұз баспайық деп, ерімізден бір қадам артта жүретін едік. Қазір ұрыс-керіс те, жақсы көру де адамдардың көз алдында болуда. Әрине, құпиялық қалмаған соң, адалдық та қалмайды. Үйдің берекесі – үлкендерге құрмет көрсетуде. Үйдің әдебі – жабылған перделерде. Махаббаттың әдебі – жасырын болуда, көздің әдебі – көздің қабақтарында. Дененің әдебі – оранған, киінген болуында. Ал ұят – иманнан. Ақыл миға, ілім көңілге (жүрекке), ал ұят көзге орналасады. Ұяттың орны – көз. Сондықтан көзімізді қорғау керек, әрі көзге түсетін нәрселерді де бақылауда ұстау керек» – деді.
Әжемнің бұл сөздерін естіп, жерге қарадым. Бетім ұяттан өртеніп бара жатты...

Дайындаған Г.ЯХИЯ
09 маусым 2020 ж. 355 0