Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегі ел есінде

Еңбегі ел есінде

Тарихтың терең қойнауынан шығып, болашақтың белгісіз бір бағытына беттеген өмір керуенінің көлігіне кімдер мініп, кімдер түспеген? Ұшы-қиыры жоқ сол керуеннің бір сәттік қана жолаушылары болып, не мақсатпен шығып, не мұратқа жеткенін бір Алла ғана білетін шығар. Әйтеуір текке келіп кетпейтіні анық. Өткен ғасырдың сонау 1924 жылының 23 ақпанында Сыр бойында жарық дүниеге шыр етіп бір сәби келді. Әділ деген кісінің бұл ұлына ағайын-туыс, ауылдастары жиылып, құлағына «Төлеш» деп азан шақырып есімін қойды. Бұл бір аумалы-төкпелі ала құйын заманның алды, кешегі аңдысып, атысып өткен азамат соғысы жылдарынан кейінгі аз ғана жайма шуақ уақыт еді. Алдарында аждаһаның аранындай от атқылаған қанды қырғын күтіп тұрған-ды. Бала Төлеу ауыл мектебінде бес-ақ сыныпты бітіріп, ерте еңбекке араласты. Қазақ даласын жалмаған аштықтың сүргінін басынан өткерді. Аман қалды. Батыстан басталған дүмпу алыстағы қазақ ауылдарында шайқаған Ұлы Отан соғысы басталғанда балаң жігіт Төлеу Әділұлы 15-тен енді ғана асқан еді. Барша дала ұлдарына тән батырлық жырларын құлақтарына құйып өскен жасөспірімге өзі бармай бұл соғыс бітпейтіндей көрінді. Атын естігенмен заты белгісіз «кермонды» қырып салу өзінің ғана қолында тұрғандай көрінген болар. Әйтеуір асығып жүріп ол, 1942 жылдың күзінде Шиелі вокзалынан соғысқа аттанды.
Сол жылдың өзінде-ақ №291 атқыштар бөлімінде қатардағы жауынгер болып майданға кірді. Бір айдан соң №138 атқыштар полкіне сапер болып ауысады.
Қаһары жерді жарған қанды соғыстың жалыны бетке ұрып, өмір мен өлім сәт сайын таласқан жауынгерлік жорығы осылай басталып, 1945 жылдың мамырына дейін жалғасты. Уақыт өтіп, арасы ұзаған сайын сол соғыстың сүреңі жасырынып көмескілене бастайды. Ал осынау зұлматты басынан өткергендерге алапат соғыстың 1400 күнінің әр қайсысы ондаған жылдарға, бәлкім ғұмырларға татығанын қарапайым жұрт – біз білмейтін де шығармыз. Бұл ғасырларға татыған күндер Төлеш Әділов үшін 1948 жылға дейін созылды. Нағыз ала өкпе жастығы мен жалын атқан жігіттік шағы қан мен терге қатар бөккен азамат жаралы отанды қорғауға әлі де керек еді. Ол 1948 жылдың 25 желтоқсанындағы КСРО жоғарғы кеңесінің жарлығымен әскер қатарынан босатылып, келесі жылдың басында елге оралды. От пен оққа төрт жыл бойы ысылып келген майдангерді Шиелі аудандық ішкі істер бөлімі бірден жұмысқа қабылдап тұрған жерінде де әскери өмірдің ыстығы мен суығына кірісіп кетті. Дегенмен ауылда туып, есін білгелі еңбек етіп қана шаруаның қыры мен сырын қанына сіңіріп өскен жігітке ауыл өмірі ыстық көрінген болар. Көп ұзамай «Қызылту» колхозына колхозшы болып қабылданды.
Уақытпен санаспай, санасса да бозала таңмен тұратын, түнді орталап барып қонысына оралатын. Төлеш Әділовке ежелден-ақ етене таныс осы тіршілік ұнады. Шаруашылықтың сан қырлы саласында сабылып жүріп өз ортасын таптыеңбегінің жемісін көрді. Өмірлік жары Нәзігүл Шерімбетқызымен де осы ортада танысып, білісіп, ортақ шаңырақ көтерді. Төлеш Әділұлы бұл шаруашылықтың шаншылған бір уығына айналып, өз отбасымен ортақ қазынаның ара жігін ашып көрмеген-ді. Колхоз көркейсе қуанды. Бәрі өзім үшін, өзімнің «осы ауыл» деген қарашаңырағым үшін деп білді. Төкең соғыстан кейінгі осынау өмір-еңбек жолында халқының ыстық-ықыласына бөленіп, мемлекет тарапынан да зор қошеметке ие болды. Қарапайым шаруаның қамын жеген еңбек адамының жеткен бұл биігін бүгінгі күннің көзімен қарасаң ертегі көрінері анық.
Төлеш аға отбасында абыройлы болды. Нәзігүл апа екеуінің мәуелі бағы болған қара шаңырағынан төрт ұл, төрт қыз түлеп ұшып жаңа заман кеңістігіне қанат қақты. Бүкіл саналы ғұмырларын бірге өткізіп, бірін-бірі түсініп өткен бұл ерлі-зайыпты екі адамның ауызбіршілігі мен тату-тәтті тіршілігі, әдемі әзілі мен әңгімелері келіскен жанұялық жарасымы өз алдына бір әңгіме. Күллі ғалам, жаратылыс Алланың аясында өмір сүреді. Адамзат баласына бұйырған тағдырында да толып жатқан хикметтер осы құдіретке ұйыған. 1998 жылы Төлеш Әділов аға мен өмірлік жары Нәзігүл апа бір жылдың ішінде бірінен соң бірі дүниеден озды.
Жарқырап жақсы өткен өмірдің дәл осылай аяулы аяқталғаны да бір қасиет шығар. Бұл күндері артындағы ұл-қыздары, олардан тарап бір қауым әулет болған немере-шөберелері аталарына дұға бағыштап, көзін көрген қариялардың естеліктерімен өсіп келеді.

Е.ДАТҚА
26 мамыр 2020 ж. 380 0