Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Көңілден кетпес ер есім

Көңілден кетпес ер есім

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында жүргізіліп келе жатқан тірлігіміздің бір көрінісі ретінде өткеннен ұлағат, ертеңге мұрағат ету, салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарымызды қастерлеп «Мәңгілік ел» болуға бағыт алғанымызға да біршама уақыт өтті. Биыл Ұлы Жеңіске 75 жыл толғалы отыр. Осынау жарқын күндеріміз үшін жан төзгісіз қиындықтарға төзіп, қажетті жерінде жандарын да қиюға барған ата-әжелеріміздің қаһармандық ерлігі мен ерен еңбектерінің арқасында бүгінгі ұрпақтары біздер – бақытты да қызықты ғұмыр кешудеміз.
Адам өмірінің қадір-қасиеті өмір сүрген жылдар санымен емес, тындырған істерінің ауқымдылығымен бағаланады екен. Осындай саналы ғұмыр кешкен, өмірден өтсе де, артына өшпестей із қалдырып, есімін ел-жұрты құрмет тұтқан өңіріміздегі асыл жандардың бірі – Дүйсет Тайманұлы. Қазақта «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деген сөз бар. Бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған кейіпкеріміздің шыққан ата-тегі, өмір сүрген ортасы жайлы оқырманымыз біле жүрсін деген мақсатпен, оның туған жері, Отаны жайлы тарқатып айтуды жөн көрдік.
Сыр бойын мекендеген сары қыпшақтардың бұл өңірдегі бөлігінің ертеректен мекен-жайы Сырдарияның орталық ағысы, оның саласы Көксу бойы, қазіргі Сұлутөбе өңіріндегі (бұрынғы 1 Май колхозы) Мұстафа Шоқай атындағы шаруашылықтың жерін мекен еткен. Олар жайлы «Сары қыпшақ – қыпшақ тайпасының бір тармағы, қазақ шежіресі бойынша: Қара қыпшақ, Сары қыпшақ, Қытай қыпшақ, Құлан қыпшақ, Бұлтың, Торы қыпшақ. Сары қыпшақтың тарихи дерегі толық жиналмаған» деп жазылған. (Қаз. Кеңес энциклопедиясы 10 томы. 44 бет. 1 басылым. 2 Өнегелі өмір кітабы. Тарихшы Тайманов Т. 97-б). Біз әңгіме етіп отырған Сары қыпшақ Көшек, Қожық, Жұмық билерден тараған. Шежіре бойынша Тайман әулетінің балаларына «Жұмық» тоғызыншы ата болып табылады. Жұмықтан Шомақ, одан Батбақ және Қаратай деген балалары, одан Қаражан, Атабай, Тайман, Тайманнан – Төлеген, Дүйсет, Тамшыбай, Кенжәлі болып жалғасып келеді. Жыл өткен сайын жас ұрпақтар оқыды, өсті, мамандық алды. Соның нәтижесінде, олар қызмет бабымен Қызылорда қаласына, облыстың басқа жерлеріне барып орналасты. Қазір Сары қыпшақтар сол Мұстафа Шоқай ауылында, Сұлутөбе станциясында, Тартоғай, Тараз қаласында тұрып жатыр.

Тамырын тереңге жайған Тайман әулеті
Өздерінің айтуына қарағанда Тайман Атабайұлы шамамен 1884 жылы, ал шешелері Ұлмекен Тоқпанбетқызы 1886 жылы туылған. Кеңестік дәуірде «Красный октябрь» балық колхозында мүше болған Тайман атты кісі екеу еді. Біріншісі руына қарай Сары қыпшақ Тайман тәуіп, ал екіншісі Бошай Тайман немесе бір көзінің ағы бар болғандықтан, оны сырттай «Әдемі көз» Тайман деп атаған. Тайман ата балықшы, аңшы, етікші сияқты кәсіпкерлігімен қатар емшілігі бар «тәуіп» болған адам. Ол кісі «Өзім жасымда көп ауырдым, көп ауырған адам дәрігер, тәуіп болады, оның үстіне «аруақ» қонды. Тәуіпшілікті ұстамасаң ауру боласың деп бабаларым аян берді. Содан халықты емдейтін болып кеттім» деп айтып отырушы еді дейтін. Ал кейіпкеріміз Д.Тайманұлы 1920 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданы (қазіргі Шиелі ауданы) 1 Май колхозында дүниеге келіп, Қызылорда педагогикалық институтының тарих факультетін бітірген. 1938 жылы сол ауылындағы (бұрынғы Орджоникидзе) мектебінде мұғалім, мектеп директорының орынбасары қызметтерін атқарған. Ол мектепке басшылық жасаған 1948 жылы ауылдан интернат ашуға мұрындық болады. Сол маңайдағы елді мекеннің балалары интернатта жатып оқитын жағдай жасалды. Содан соң Сырдария аудандық оқу бөлімінде инспектор, 1949-1954 жылдары қаладағы Коммунизм, Комсомол орта мектептерінде директор, Сырдария аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, 1954-1979 жылдар аралығында 25 жылға жуық Шиелі аудандық білім бөлімінің меңгерушісі қызметкерін атқарды. Д.Тайманұлының Шиелі аудандық оқу бөлімін басқарған 1954-1979 жылдар арасында ауданда 30 мектеп жұмыс істеген. Бұл жылдары мектептерді А.Сейдахметова, М.Күлімбетов, А.Бекпенбетов, С.Әлтаев, Ә.Нариков, М.Оспанов, Ә.Исмаилов, К.Көшкінбаева, М.Ким т.б директорлар басқарған. 1975-1985 жылдар аралығында аудан мектептерін М.Қалдыбаев, Ә.Ахметов, П.Бошайбеков, А.Бәкіров, М.Рүстемов, Р.Мауяев, Е.Мұқанов, Л.Добрынина, Е.Баймұратов, Р.Тобажанов, Х.Құнанқараев, К.Жәукебеава, Б.Жанаева, Б.Сейтенова сынды білімді, беделді басшылар басқарған. Ал, аудандық білім бөлімін басқарғандардан есімізде қалғандары Н.Еспенбетов, А.Бекпенбетов, Е.Есенгелдиев, Д.Тайманов, Ж.Зермұхамедов, Н.Палымбет. Содан бері ауданның білім жүйесінде қаншама реформалар жасалып, оның басшылары жиі ауысқанымен, бұрынғы басшылардың бет-бейнесі қай жағынан болмасын биіктеп, өсіп бара жатқандай.
Білім бөлімін жиырма бес жылға жуық басқарған атамызды Шиелі ауданының халқы: «Аудандық білім бөліміне Таймановтай басшы керек-ау» деп әлі де еске алады. «Тайманов білім бөлімін басқаруға жаратылғандай жан» – деуші еді көзін көргендер. Айтса айтқандай, дене-бітімі бойшаң, зор денелі, ұзын бойлы әрі ажары айтып тұрғандай «Ұстаздардың ұстаханасы» атанған ол аудан мектептерін жаңа кабинеттік жүйеге көшіруге, мұғалімдердің білім-біліктігін арттыруға баса назар аударды. Өзімен қызметтес қарамағындағы Ә.Әлжанов, С.Есенов, М.Ақылбаев, З.Тұрсынова сындыларға қатаң талап қоя отырып, облыстық білім басқармасындағы басшылар У.Төралиев, С.Науановтармен бірлесе жұмыс істеп, ауданның №40, 41, 45, 47, 50, 219, 251 мектептері облыс­та алдыңғы қатарлы мектептер дәрежесіне көтерілді. Қызметте қатаң талап қоя білген іскер басшы, қызметтен тыс аудан басшылары арасында сөзге шешен, шебер ұйымдастырушы «асаба» атанған. Атамыздың майдан және бертіндегі өмірінен көп сөз қозғауды артық санадым. Оның бейбіт еңбекке етене араласып, ұрпақ тәрбиесіне ден қоюы, аудандағы оқу-ағарту жұмыстары, халықтың сауатын ашуға, бар қажыр-қайратын жұмсағанының дәлелі ретінде Шиелі ауданы Ұлы Отан соғысының және дербес еңбек ардагері Тайманов Дүйсет Тайманұлы атындағы көшесіндегі тақта алдында жиылған жұрттың қарасы, аудан басшылары, облыс аумағынан келген қонақтар, жазушылар мен БАҚ өкілдері оның атқарған қызметтеріне ризашылықтарын айтып, құран бағышталған болатын. «Жақсының аты жатпайды, жақсы ат пен ізгі атақ мәңгі қалады» дейді халық.
«Тамыры терең дарақтың саясы мол» деген тәмсілді осы кісіге қаратып айтқандай. Зайыбы ақын анамыз аз сөйлеп, көп тыңдайтын, ақ жарқын, бала тәрбиесінде көп еңбек еткен абзал жан еді. Ұл-қыздарынан тараған немерелері – жиырма үш, шөберелері қырыққа жуық өсіп-өнген, саясы кеңге жайылған ұлағатты отбасы. Д.Тайманұлы өмірінің соңғы жылдары, яғни 1979-1984 жылдары аралығында Қызылорда қаласындағы №235 қазақ орта мектебінде директорлық қызмет етті. Ол – Ұлы Отан соғысының ардагері, дербес зейнеткер. Соғыстағы ерен ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз», «Ұлы Отан соғысының 1 дәрежелі» ордендері мен бірнеше медальдарының иегері. «Қазақстанға еңбегі сіңген мұғалім» атағын алған дербес зейнеткер еді.
Атамыз Дүйсет Тайманұлы 1997 жылдың 26-қарашасында 78 жасқа қараған шағында дүние салды. «Жұпарды қанша жасырғанмен иісі білінеді» демекші, білім саласына зор үлес қосқан Тайманов Дүйсет Тайманұлының орны бөлек. «Өлі риза болмай, тірі байымайды.» «Өмір – керуен» деген халқымызда. Жүз жыл. Бір ғасыр. Атамыздың жаны жәннатта болғай дейміз.

Оразбек Жұмаділұлы

19 мамыр 2020 ж. 693 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№30 (9194) (1)

16 сәуір 2024 ж.

№29 (9193)

13 сәуір 2024 ж.

№28 (9192)

09 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930