Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » қасымұлын құрметтемеу елге сын

қасымұлын құрметтемеу елге сын

Елімізді дүрбелеңге салған Ұлы Отан соғысының аяқталғанына да 75 жыл толып, әдемі өмір сүрген бір қарияның жасы болыпты. Ардақ тұтар ағаларымыз да дүниеден озып, оларды еске алып, Құран бағыштау ғана қалды. Туған жерінің туын тік көтерген, жаумен шайқаста да ерлігімен көзге түсіп, омырауына «Қызыл жұлдыз» орденін қадаған батыр тұлғалы ағамыздың бірі – Нұрмахан Қасымов болатын. Ол кісі өткен жылы 100 жасқа толса да, оның замандастары, қызметтес болған інілері тарапынан кезінде адуынды ақсақалдың шарапатын көргендер атынан бір ауыз жылы сөзін арнаған мақаласын, еске алу ниетін көрмедік. Соғысқа қатысқан оның артында қалған ұл-қыздары, туыстары «Әкемізге көше атын беру керек» деп жүгірмеді, үндемеді де. Өзгелер секілді жұрттың мазасын алмады. Тарихтың да өз заңы бар, елегі бар. Ол қандай адам болған десе, елеуіш елеп бере қояды.
Нұрмахандай азаматты електен өткізбеу қиянаттың қиянаты болар еді. Соғыс ардагерлерін газетке жаза жүріп, соғыста бір тірі неміс фашистерін көрмегендерді де естігенбіз. Шынын айтқанда сол майдангерлерге де құрмет көрсетіліп, ардақталып жатты. Қазір олимпиадада жүлде алмаса да, соған қатысқанның өзі мәртебе боп жүр. Сондай-ақ соғысқа қатысты ма, қатысты. Окопта бұғып жатса да, олар Ұлы Отан соғысының ардагерлері. Соғыстың аты – соғыс. Қашаннан қара қылды қақ жарған әділ адамдарды кім ұнатқан? Ол уақытысында басшылардың әділетсіз тірліктерін әшкерелеп, бетіне басып отырды. Айналадағы жансыздар, жағымпаздар оны арызқой, бұзық деп ананың зәресін алып өсек бағытында жеткізетінінен де хабардармыз. Шын мәнісінде Нұрмахан Қасымұлы кім? Кейіпкерім келісті кісі болған. Соғыс және еңбек ардагері. Шиелінің топырағында жарық дүниеге келген. Тағдыр оның мойнына соғыс ауыртпалығын салды. Ол Шиелінің беделді, ақылды ақсақалы болды. Жеңіс мерекесі күні кеудесі толған орден, медальдарымен інілері, соғыс ардагерлері Жақантай Қойбағаров, Бәкір Тоқбаулин, Әзімхан Исмаилов, Мәлік Санаубаев тағы басқаларды ертіп, алаңға шығып, қарапайым жан екендігін танытатын. Елдің еңселі ағаларының сол жүрісі соңына ерген інілеріне демеу, таяныш, сүйеніштей көрінетін. Олар сықиып киініп алып, жан-жағына нұр шашып, ақыл-кеңесін беріп, бізге қанат бітіріп жіберетіндей сезінетінбіз. Соның басында Нұрекең жүретін. Соғыста командир болған. Батыл сөйлеп, батырша іс-қимыл жасайтын, ашуы бір секундтық адам болатын. Соғыс даласында өмір мен өлім үшін айқасып, оққа оранған Н.Қасымұлы аман-есен елге оралып, еңбек майданында тер төгіп, қошеметке бөленді. Нұрмахан Қасымұлы 1919 жылдың 20 жұлдызында Нартай ауылында дүниеге келген. Ауыл мектебін бітірген ол Жамбыл облысы, Жуалы ауданындағы ауыл шаруашылығы техникумын тәмамдайды. Әскер қатарына шақырылған Нұрекең 1939 жылы Киев қаласына саяси жетекшілерді даярлайтын оқуға жіберіледі. Алғыр, ерекше қабілетті жігіт одан кейін ішкі істер халық комиссиаратының шетел барлаушыларымен күресетін бас басқарманың арнайы оқуын бітіреді. Бас басқармада құпия жедел қызметтер атқарады. Н.Қасымұлы соғыс майданына 1942 жылы түседі. Украина жерін азат етуге қатысады. Днепр өзенінің батыс бетіне өту кезіндегі жойқын шайқаста ерлік көрсеткен лейтенант Н.Қасымов «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады. Чехославакияның астанасы Прага қаласын шабуылдап алғаны үшін «Отан соғысы» орденін және «Праганы азат еткені үшін» медалін кеудесіне қадайды. Ұлы Отан соғысы аяқталған соң «Ұлы Отан соғысы» орденін иеленеді. Соғыс қазір айтуға ғана оңай. Ертегі сияқты. Бұл кісі де дым болмағандай, соғыс көрмегендей ордендеріне қоса, оншақты соғыста алған медальдарын сылдыратып тағып жүре беретін. Соғысты чех жерінде аяқтаған Нұрмахан Қасымов жоғарғы басқармасының шақыруымен Австрия қаласында «Смерт» барлау басқармасында 1946 жылдың қазан айына дейін барлаушы-жедел өкіл қызметінде болады. Саяси тұрғыда білімді, орыс тіліне жетік, қатал тәртіпке бейім жас офицер Н.Қасымов еліне адал қызмет жасаудың биік үлгісін танытқан соғыс ардагерлерінің алдыңғы қатарындағы солдаты, офицері саналды. Бейбіт өмірде де, отбасында да, басшылық қызметтерінде де жұрттан темірдей тәртіп, шындық пен адалдықты талап етіп кетті. Үнемі заң аясында, адамдық, азаматтық парықта сөз сөйледі, әңгімелері де сондай тұғын. Ол кісі өмірден де әскери тәртіппен өтті. Өмірлік сүйген жары, найманның Бақыт есімді ару қызы «Нұрекеңнің тәртібіне көніп жүрген менен тәртіпті солдат қызды көрдіңдер ме?» деп отырады екен келіншек кезінде. Н.Қасымұлы 1946 жылы Қызылорда облыстық партия комитетінің жолдамасымен бейбіт өмірдің еңбек жолын Жалағаш ауданында райфоның бастығы болудан бастайды. Қармақшы ауданындағы МТС-қа жеті жыл директор болған Нұрмахан ағай, 1954 жылы Шиелі ауданына оралып, Молотов атындағы колхозға басқарма төрағасы болып тағайындалады. Отызмыңдықтар қатарында 1958 жылы Бәйгеқұм ауыл шаруашылығы учелищесінің СПТУ директоры қызметін атқарады. Онан кейінгі жылдары Шиелі аудандық атқару комитетінің жоспарлау бөлімінің бастығы, Тереңөзек ауданындағы Аққұм колхозының бастығы, Шиелі өндірістік комбинатында директор қызметтерін абыройлы атқарып, халық көңілінен шығады. Білімді, іскер, сауатты басшы 1968-1980 жылдар аралығында аудандағы ПМК-07 мекемесінде жоспарлау бөлімінде қызмет істеп, ауданымыздың экономикасы мен мәдениетінің өркендеуіне зор үлес қосады. Еліне жасаған орасан еңбегі еленіп, «Еңбек Қызыл ту» орденімен наградталады. 1980 жылы құрметті еңбек демалысына шығып, зейнеткер атанады. Сырт көзге ешқандай қызмет істемегендей болып көрінетін Нұрекең, еңбек демалысына шыға сала бойындағы табиғат сыйлаған жазып-сызу, яғни шығармашылық талантына ден қояды. Құймақұлақ, зерделеуге пайым, жазуға бейім қасиеттері оны жазушылыққа итермелейді. Ол кісі жасынан естігенін, көрген-білгендерін, атақты адамдардың өлеңдерін, сөздерін, айтқандарын ақ қағаз бетіне ерінбей, жалықпай жазып, түсіріп отырады екен. Оның жеке архивінде Бұдабай ақынның, Бала би, Досбол би т.б. шешендік сөздері мен өлеңдері ұқыпты сақталған. Н.Қасымов қазақ әдебиеті мен мәдениетіне тамшыдай болса да үлес қосып, соңына көп мұра қалдырды. Ол Бұдабай Қабылұлы ақынның өлеңдер жинағын бастырып шығарды. Әбдіқаппар Тәжібаевтың «Ибрагим пайғамбар» поэмасын, «Абылайхан тарихы» поэмасын Шәді төре жазған арабшадан аударып, баспаға бастырған. Сондай-ақ Есім хан дәуірінде қазақ-қалмақ арасында бітпейтін соғыстардың бір көрінісін жазған «Жапал батыр мен Таңшебер қыз» атты үлкен дастанын араб тілінен аударады. Сыр бойының белгілі адамдары, тарихи азаматтары Ахмет Ишан, Бала би, Досбол датқа шешендердің шығармаларын жинақтап, аудандық «Өскен өңір» газеті арқылы үнемі халық назарына ұсынып отырады. Шиелі өңірінің белгілі азаматы Нұрмахан Қасымұлы 1998 жылы Шиелі ауданының жетпіс жылдық мерейтойы мен тарихына арналған «Ата мекен» кітабын тарихшы-ғалым Мәдіахмет Аянұлы екеуі жазып шықты. Шиелі өңірі туралы тарихи тұңғыш кітап қасиетті ата мекен Сыр бойындағы азаттық жолындағы сан алуан күрестер, ел қорғаны болған батырлардың, би-шешен, ақын, шайырлардың үлгілі істері, өшпес мұралары, майдандағы ел азаматтарының жанқиярлық ерліктерін сөз етеді. «Ата мекен» кітабы оқырман қолына зорға ілігетін шығарма болып, тарихта қалды. Соғысты гвардия аға лейтананты шенімен аяқтаған Н.Қасымұлы Ұлы Отан соғысының елу бес жылдығына орай Астана қаласында өткен шеруге қатысып, Елбасы қабылдауында болып, бағалы сыйлықпен марапатталады. Елдің сыйлы ардагерлері болған Нұрекең өнегелі әке, үлгілі отбасының қожайыны да болды. Өзінен өрген төрт ұл, бір қызы ұрпақ жайған ұлағатты жандар. Бәрі ержеткен, оқыған, отбасылы. Нұрмахан аталары көзі тірісінде ұл-қыздарынан оншақты немере сүйіп, көңіл қуанышына да бөленген. Қасымовтар «Адам ұрпағымен мың жасайды» дегендей, өсіп-өнген шаңырақ. Біреу соғыстан мұқалып, жасып келсе, ол еліне шыңдалып келді. Оның ұланғайыр шығармашылық шабытынан туған халық ақындары мен бабаларымыздың даналық сөздері ой сөмкесінен шығып, мәдениетіміздің мұрасы болып қалды. Туған жеріне, еліне біркісідей еңбек еткен, соғыс және еңбек ардагері болған, Шиелі өңіріне танымал азамат Нұрмахан Қасымұлына қандай құрмет көрсетілсе де лайықты деп ойлаймыз. Оның өмір жолы бізді соған жетелейді. Ұлы Жеңістің 75 жылдығында «Жақсылықтың ерте-кеші жоқ» дегенді де еске алғанымыз дұрыс секілді. Ардақты адамды ардақтай, құрметтей білу, оны тани, көре білу елдігімізге сын.

Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі
05 мамыр 2020 ж. 533 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№30 (9194) (1)

16 сәуір 2024 ж.

№29 (9193)

13 сәуір 2024 ж.

№28 (9192)

09 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930