Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұрағы дария жағасы, жүзе біле ме баласы?

Тұрағы дария жағасы, жүзе біле ме баласы?

Суға түсер маусым таяды. Адамзаттың басым бөлігі еңбек демалысын осы бір жаздың жайдарлы жайма шуақ күндерінде, жағажайлардың жағасында өткізуге тырысып жататыны белгілі. Мектеп оқушылары үшін де армансыз ойнап, бой жазатын кездері - жазғы демалыстары. Олар жаз бойы ата-аналарына қайтсек те көкке шығып, суға түсу орындарына барайық деуден жалықпайды. Әрине, жазғы демалысты жан рахатына бөлер әсем табиғат аясында, оның саф таза ауасы мен өзен көлдердің жағасында өткізген кімге ұнамасын. Алайда, керемет көрінетін осы бір демалыстың жетегінде кеткен жандардың талайы тілсіз жаудың тырнағына ілініп жатқан жоқ па?
Жұртшылық қапырық ауа мен аптап ыстықта тершіген тәнінің салқындағанын аңсап тұрады. Ондайда бірден ойына құс ұшар биіктіктен қарағанда көз алдыңда жыландай ирелеңдеп жататын дария елестей кетеді. Сол сәтте сылқым судың салқын самал ескен жағасына жетіп, жалаң етіңді суға салғанда жаныңды ерекше рахатқа бөлейтін тылсым қасиетін сезінгің келеді. Суға түсу, өзенде шомылу – шынымен де жүзуді білетін адамның тәніне ерекше күш-қуат дарытатын, тұла бойын сергітетін бірден-бір демалыс түрі. Мәселен Пайғамбар (с.а.у) өзі жүзуді бала кезінде Мәдине қаласына анасымен барғанда үйренген. Хадистерінде басқа спорт түрлерімен қатар жүзуді үйренуді үмбетіне насихаттаған. Сондықтан одан кейінгі дәуірлерде мұсылмандар балаларын тәрбиешіге табыстағанда оларға оқу-жазумен қатар жүзуді де үйретуді міндеттеген екен. Жалпы, баласына суға жүзу, садақ ату, атқа мінуді үйрету мұсылманға сүннет болып саналады. Бұл күндері атқа міну мен мылтық ату аса қажеттілік тудырмаса да, суға жүзуге баулу өмірлік маңызды іс болып отыр.
«Шаншар» әзіл-сықақ театрының «Жүзбе-жүз» қойылымы естеріңізде ме? Нұржан Төлендиевтың қойылымдағы мына бір диалогы тақырыбымыздың тамырын дөп басып тұрғандай:
– Ммм. Не ғой, көмек болғанда... Күйеуің қайда, күйеуің?
– Күйеуім бишара бізді құтқарам деп жүріп, суға ағып кетті...
– Ммм... Бишара жүзе алмайды екен ғой я? Енді дарияның жағасында тұрып жүзіп үйренбей ме?! Мен неғылайын, саған барайын ба енді?! Біртүрлі сұрақ қояды екен, адам­ның нервысына тиіп... Міне, бұл жолдар езуге күлкі үйіргенімен, астары бар сықақ. Ащы да болса, шындық. Астарлы ой, салмағы бар әзіл. Расында, апат айтып кел­мейді. Бірді айтып, бірге кетті демеңіз, 2-мамыр күні көрші Өзбекстан еліндегі Сырдария облысында жарылған Сардоба су қоймасы ала тақиялы ағайынды ғана емес қазақстандықтарды да әлекке салды. Шекара асып жеткен су Қазақстанның бір шетін алып үлгерді. Алла сақтасын! Алайда, әзілде айтылғандай дарияның жағасында тұрып жүзуді үйрену Сыр елінің балаларына да артықтық етпес. Ең бастысы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау керектігін де естен шығармау керек.
«Су – тіршіліктің көзі, салауатты өмірдің кепілі» деп те айтамыз. Ал, шомылу немесе жүзу – шынығудың ең тиімді түрі. Жүзуді әдетке айналдырған ағзаның тамыр жүйесі су температурасының алмасуына ыңғайланып, микробтар мен бактерияларға төзімді болады. Бұл өз кезегінде қан айналымының жақсаруына әсер етеді. Әсіресе, адам ағзасының суық­қа деген төзімділігі арттырады. Ғалымдардың айтуынша, жас кезінде суда жүзіп үйренген адамның миы кеш «қартаяды» екен. Сондай-ақ, олар бойды сергітіп, жағымсыз әсерлерден арылудың бірден-бір жолы – осы екенін баса айтқан. Жүзе білу тек шынығу емес, қандай да бір аурудан сауығу үшін де таптырмас «құрал». Тарқатып айтар болсақ, жүзу кезінде сіздің барлық бұлшық еттеріңіз қимыл-қозғалыста болады. Сондықтан артық дене жаттығуын жасаудың да қажеті болмайды.Дене сұлулығын қалайтындарға жүзу ең керекті спорт түрі. Өйткені, ол омыртқа мен қозғалыс аппараты ауруларының алдын алады. Жүзу барысында бел омыртқаның қасындағы бұлшық еттер босаңсиды. Сонымен қатар, жүрек ауруларына да қарсы төтеп береді. Егер күнделікті жүзумен шұғылдансаңыз, жүрек-қан тамыр жүйесінің ауруларын ұмытуға болады. Одан бөлек тыныс алу жолдарын жақсартады. Ағзаңызды шынықтырып, иммунитетіңізді көтереді. Cондықтан, сізге тұмаудан қорқудың қажеті жоқ.Фитнеске қарағанда, жүзу арқылы тез арықтайсыз. Себебі жүзу барысында жүгіруден де көп калория жұмсалады.Ең бастысы, жүзу — керемет хобби. Мұндай спорт түрінен ешқашан жалықпайсыз, тек қана ләззат аласыз.
Сөз соңында оймақтай ой болсын. Сақтансаңыз сақтайды. Олай болса жаз бойы балаңызды қадағалап отыру әсте мүкін еместігін ескеріп, жүзуге баулуды бастағаныңыз абзал. Өйткені «ит пен бала қорыған жерге өш» демеуші ма еді? Ал енді құлда да бір дат болар. Шиелі ауданына қарасты әрбір ауылда аяқ су келетін ауылішілік шағын каналдар бар екендігі белгілі. Сол каналдардың жанынан трактормен бүйендеп қазып, жан-жағын то­пырақ­пен көтеріп, қазық қағып, арқан ке­ріп қойса, «қолжетімді жағажай» болмас па еді?Қауіпсіз, жүзіп үйренуге таптырмас орын. Кәсіп қыламын деушіге таптырмас ұсыныс. Сонда ауыл әкімдерін де су маусымындағы келеңсіз оқиғалар мазаламас еді. Судан сақтану жөніндегі бильборд ілу, канал басына кезекшілік ұйымдастыру, т.б. жұмыстардан алшақтар еді.

Гүлнәр Әбдіханиқызы

05 мамыр 2020 ж. 557 0