Ауызашар таратқан алғашқы ұжым
Исі мұсылман халық мың айдан да қайырлы қасиетті Рамазан айының бүгін бесінші күнін өткермек. Халқымыз ораза айын үлкен дайындықпен қарсы алып, отыз күн бойы мол сауапқа кенелуге асығады. Мәселен, жамағатпен жиылып мешітте тарауих намазын оқу, ауызашар беру, туған-туыстарының жағдайын біліп, мұқтаж жандарға көмектесу, пітір-садақа беру.
Дегенмен биыл әлемді жайлаған пандемия Рамазан айында орындалатын әрекеттерімізге де әсер етпей қоймады.Карантин талаптарына сай бұл жолғы ораза айында ауызашар өткізілмейді және мешіттерде тарауих намазы оқылмайды. Соған орай елде жарияланған төтенше жағдай кезінде діни жоралғылар жасаудың жаңа үлгісі ұсынылды.Мәселен, мейрамханаларға тапсырыс беріп, аузы берік адамдарға тамақ таратуға болады. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік беру, ауызашарға жұмсалатын шығындарды ораза ұстаған адамдарға қаржылай беру де мол сауап екені сөзсіз.
Қасиетті айда сауапқа кенелгісі келген жандар қайырлы істерін бастап кетті.Алғабас ауылдық мәдениет үйінің ұжымы алғашқылардың бірі болды. Аталған ұжым Рамазанның бірінші күнінде ауылдағы 14 үйге ауызашар асын таратып,тұрғындарды қуантты.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз өсиетінде: «Ораза ұстағанды тамақтандырған, ораза ұстағанның сауабындай сауап алады, әрі ораза ұстаушының сауабы кемітілмейді» деген. Алғабастық мәдениет қызметкерлерінің игі ісі «қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген халық даналығын да еске салды. Сондай-ақ бұл сауапты іс өзгелерге де үлгі болмақ.
Садақа пенденің мал-дәулетін азайтпайды, керісінше, берекесін арттырады. Сіз берген кішкентай ғана дәм-тұз бір отбасын қуанышқа бөлейді. Ендеше, айлардың сұлтанында айналамыздағыларды шаттыққа бөлеп, үлкеннің батасын алып, алғысына бөленейік.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ