Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » САҚТЫҚТА ҚОРЛЫҚ ЖОҚ...

САҚТЫҚТА ҚОРЛЫҚ ЖОҚ...

Бұл емі жоқ жұқпалы кесел алғашқыда коронавирус деп аталды. Таралуы жедел қарқын алып, жазылу қиындап, адам шығыны орын ала бастаған соң оны пандемия (індет) деді. Пандемия салдарынан алыс-жақын шетелдерге барып-келу, жер-жаһанның туризмі тоқтады. Мұсылманның қасиетті үйі (орны) Қағба да парызын өтеушілерге уақытша есігін жапты.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде төтенше жағдай жариялау жөніндегі Жарлығы қауіпті індеттің алдын алудың тиімді де нақты шараларының бірі болды. Халықтың амандығы үшін қабылданған шешім екеніне күмән болмау керек. Өйткені, мұндай адам тағдыры қыл үстінде тұрған жағдайда әрбір минут пен секунд қымбат. Әкелеріміз жас кезімізде «Ажал – бір дем әрі, бір дем бері» деп отыратын. Бұл – жұтқан демің қайтып шықпаса, өмірден өттің деген сөз. Мұндайда әр сағат пен минуттың қымбат екенін Италия мен Оңтүстік Кореядағы немқұрайлылық көрсетіп берді ғой.
«Жұт жеті ағайынды» демекші, осы бір қарбалас қиын шақта мұнай бағасы төмендеп, теңгеміз құлдырап, доллардың күрт өсуі етек алды. Бұл жағдайды күрделендіре түсті. Еліміздің экономикасына да, әлемдік экономикаға қосымша айтарлықтай соққы болды.
Әлемдік пандемия – халықаралық қоғамдастыққа ғана емес, Қазақстан үшін де үлкен сынақ болып отыр. Намысты жоғары қойған, ынтымақты ту еткен қазақ халқы талай қиындыққа мойымай, алапат апаттардан аман шыққанына тарих куә. Еліміз бұл жолы да төтеннен келген қиындықты жеңіп шығатынына еш күмән жоқ. Ол үшін төзімділік, сабырлылық, ынтымақ керек. Жұртшылыққа бір айтарым, тойдан тойға сабылмай, босқа шабылмай, пайдасыз басқосуды азайтып, отбасында, бала-шағаның жанында көбірек болуға, тұрмыстық мәселеге көбірек көңіл бөлуге тырысқанымыз мақұл. Осындайда қалталы азаматтардың мүмкіндігі шектеулі отбасыға, көпбалалы жанұяларға азық-түлік жөнінен қол ұшын бергендері абзал. Адамдар арасында шындықпен сәйкес келмейтін ақпараттардың таралуына, орынсыз үрейге жол бермеген дұрыс. Тағы бір мәселе, қазақтың өз салты, жол-жобасы бойынша, қолды төске қойып амандасуды, орынсыз беттен, еріннен сүюді азайтқан, тіпті тоқтатқан мақұл. Сенімді ақпарат көздерінің мәліметіне, кеңесіне илану керек.
Әлемде болып жатқан жағдайдан біздің мемлекеттің де тысқары қалмайтынына көзіміз жетті. Халықтың амандығы үшін барлық жағдайды жасап, алдын алу шараларын қарастырып, қызу жұмыстарды қолға алғанын да көріп отырмыз. Мұндай жағдайда барлығына сабырлылықпен қарауымыз керек. «Сақтықта қорлық жоқ» деген бұрынғылар. Жұртшылықты індеттен сақтандыруға, жігерлендіруге арналған жырыммен сөзімді аяқтаймын.
Еліме ауру келді аты жаман,
Халқыма тиіп жатыр зақым одан.
Індеттен құтылудың жалғыз жолы –
Әр адам сақтай білсін басын аман.
Құманын қолынан бір тастамаған,
Халық едік дұшпаны жасқамаған.
Ұмытып ата жолын енді бүгін,
Көз аша алмай отырмыз «масқарадан».
Болса дағы бабалар ашық, момын,
Ұмытпаған өмірге ғашық жолын.
Қазақ амандаспаған қолын беріп,
Амандасқан кеудеге басып қолын.
Амандасқан «арма» деп, «армысың» деп,
Малың-жаның есен бе, бармысың деп.
Қағып тұрып арқадан ұланына,
Жер-жаһанның тілеген алғысын көп.
Бұл шындық, қауесет не өсек емес,
Көз алдынан кетпейтін есер-елес.
Қаншама жақсы сөздер айтқаныңмен,
Сүйіспесең, сәлемге есеп емес.
Өліп-өшіп ерінді өптік кілең...
Кей-кейде ас орнына еттік те үнем.
Жатсынбай жан біткенді құшып, сүйіп,
Денсаулықтың түбіне жеттік білем...
Көңілде болмаған жөн сезім-күдік,
Сақтан халқым, айтқызбай өзің біліп.
«Мың өліп, мың тірілген» қазақ едік,
Тағы бір танытайық төзімділік!
Бағасы жоқ қазағым, ақтабаным,
Мақтансам өрлігіңе мақтанамын.
Ұлтыңды сақтаған боп саналады,
Сенің бүгін басыңды сақтағаның!

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

31 наурыз 2020 ж. 421 0