Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әйелдер салған әлекке тоқтам бола ма?

Әйелдер салған әлекке тоқтам бола ма?

Жуырда шиелілік бір топ аналардың аудан әкімдігінде болып, жанжал шығарғаны, аудан басшысы мен қызметкерлерін балағаттап, бейәдеп сөздерді жаудырғаны түсірілген бейнежазба әлем желіні шарлап кетті. Тіпті кейбір телеарнаның жаңалықтарынан да берілді. Әрине, айқайды шығарған да, оны түсіріп, желі мен арнаға таратқан да сол әйелдер.
Өкініштісі, бұл ауданда алғаш рет орын алып отырған жоқ. Бұған дейін де қаншама рет тура осындай оқиғалар қайталанып, мемқызметкерлерді масқаралаған бейнежазбалар желіде желдей ескен-ді. Жалпы осыншама ашынып, басшылардың, ер адамдардың жағасына жармасатындай аналардың басына не күн туды екен деген ой оралады біздерге. Осыған дейінгі дауқойлардың айқай-шуын бірнеше рет бейнежазбадан көрсе де «масқара-ай» десіп, қоя салған аудан жұртшылығы мен зиялылар бұл жолы үнсіз қалмады. Көпшілік фейсбук желісінде пост жазып, пікір білдіріп, үн қосты.
Мәселен, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұрмахан Елтай «Бұл –тәртіпсіздік» тақырыбымен алғашқылардың бірі болып пост жазып, онда былай дейді:
Әділдік іздеп шырылдау бір бөлек, ал сөзге қонақ бермей айқай-шу көтеру әдепсіздік. Ал жас қыз-келіншектердің әкесіндей адамдарды жұлқылап, бейәдеп сөздерді қарша боратуын қазақы қалыптың қайсысына да сыйғыза алмассыз. Ал мұндай өрескелдікті мемлекеттік кеңседе көрсету қоғамдық тәртіпті бұзу болып табылады. Рас, мына қымбатшылық, жойдасыз жөнсіздіктер жиілеген заманда әр адамның өзіндік шешілмеген мәселелері бар. Дегенде оны бетпақтықпен емес, ретімен жеткізу істің бітуі үшін тиімді болар. Бірдеңем кем екен деп көрінгеннің жағасынан ала берсек, қандай ел боламыз? Олай етсек, бабалар салған сара жолдан адасамыз. Ал адасқан елді көрінген ит талайды.
Кешелері Шиелі ауданы әкімдігіне баса көктеп кіріп, қолына бір-бір телефон алып, айқай-шу шығарғандар қызметкерлердің, «мәжіліс залына кіріңіздер, сіздерді әкім тыңдайды» деген уәжіне де ерсі сөздермен дес бермеді. Балаларымыздай жас адамдардың мына қылығы көрген көзді ұялтты. Тағы айтарым, ауданның жаңа әкіміне ширақ қимыл қажет. Оған ауданның беделді ақсақалдары, қоғамдық кеңесі жәрдемдессін. Кезінде 41 Еңбек Ері шыққан Шиелінің қыз-келіншектері, адамшылықтарыңызға көлеңке түсірмеңіздер.
Орын алған оқиғаға қатысты осы және өзге де пост соңында ой тарқатқан бірнеше пікір иесін жариялауды жөн көрдік.
Көлбай Данабай: Өте орынды айтып отырсыз, тіптен ұят болды, басқа облыстан емес, қаймағы бұзылмаған қазақы елдің ішінен сондай әдепсіздердің шығуын, ұлттың азуы деп бағалауға болады. Еңбек етудің орнына, мені асыра дегендей бұл не? Біреу орнын тартып алып әділетсіздік болып жатса да, тап сондай әдепсіздік таныту мәдениеттен де, қазақы әдептен де жұрдай адамдардың ісі ғой. Бұлардың отбасы болса, отбасының екінші мүшесі қайда? Ақылға шақырмай ма?
Эльвира Сүлейменова: Мен сол жердегі жап-жас келіншектерді көріп ой түйдім. Бұл жас аналар о заманда әжелеріміз көрген соғыс пен ашаршылықты көрсе, не күйде болар екен? Шүкір, қазір барлық аналардың жағдайын мейлінше жасап жатыр. 100 процент барлық қажеттілікті орындап бермесе де, үкімет тарапынан көмек бар, қолдау бар. Жұмыс істе, еңбегіңе қарай айлық ал, сөйтіп бала-шағаңды асыра. Түсінемін, шынымен әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар бар.Мүмкін, бұл кісілердің әңгімесін ғимаратқа кіргеннен бастап тыңдап, жағдайды ушықтырмау керек пе еді? Оқиға орнында болған жоқпыз. Бірақ жүректі ауыртатын жағдай, сол жерде отырған бүлдіршіннің жүрегінде қандай ойлар болды екен? Оңай емес, дегенмен сабыр мен шүкір керек. «Бір адамды түсіну үшін, сол адамның өмірін сүру керек» дейді. Ащы дауыстың артында қандай шыңдық бар екенің білмеймін, бірақ бәрі шешіледі. Ерте ме, кеш пе бәрі басылады. Елдің тыныштығын берсін.
Бегімтай Сатаев: Бұл қоғамдық дерт, дерттің алдын алып емдемесе асқынып, қиындай береді-ау. Себебі, бұл бейәдеп көрініс ошақ басынан асып, әулеттен, көше-ауылдан шыңдалып, ауданның ең құзырлы бөлмесінде орын алуы бір мезеттен немесе кешелі бергі уақытта пайда болған жоқ. Сондықтан «Аналар институтын» мықтап қолға алып, келіндеріміздің ұлттық дәстүрін жаңғыртуға қоғам болып атсалысу керек сияқты. «Ұядан не көрсең...» дегендей ана бейкүнә бүлдіршінді ертіп жүру болашаққа тіптен қауіп, өзіміз отырған бұтақты балталағанмен тең дер едім.
Майра Боранбаева: Ең өкініштісі, осы көпбалалы аналарымыз ұрпақ тәрбиесінде олқылық жіберіп ала ма деп уайымдаймын. Баланы өз ұрпағын жалғау үшін дүниеге әкелді. Ең бастысы, сол балаларға өнегілі тәрбие беру. Аналардың атына кір келтірмегені дұрыс болар еді.
Бағлан Сағындықов: Бұл тақырып кешелі бері ауданның абыройын аяқасты етті. Жылдар бойы төккен тердің, есіл еңбектің мәнін зая кетірді. Әкімдіктегілер түк жұмыс жасамайтын, халқына жаны да ашымайтын, жатып ішерлер сияқты пікір қалыптастырды. Осы ұйымдасқан топ бірнеше мәрте мемлекеттік мекеменің жоғарғы лауазымды қызметкерінің кабинетін штурммен басып кірді. Алайда, мемқызметте этика-эстетика деген түсінік бар. Сол қағиданы ұстанып, сабыр сақтайды. Шыдамның да шегі бар демекші, бұл іске нүктесін қоймаса болмас. Ұйымдасқан бүлікші топ ретінде 15 тәулікке жабу қажет сияқты. Одан соң мемқызметшілердің мәртебесін, абыройын сақтайтын арнайы заң қабылдау керек деп ойлаймын.
Майя Қалжанова: Аудандық әйелдер кеңесі осы әйелдермен айына бір рет жиын өткізіп тұру керек. Психологиялық тегін тренигтер өткізсін арасында. Сұмдық ұят болды, біздің ауданның әйелдері-ақ желіні шулатады да жүреді. Мына заманда жұмыста, кәсіпте көп көзін тапқан адамға. Ана шулаған әйелдердің арасында ажырасқандар көп. Сосын шығады асыраушымыз жоқ деп алақандарын жайып. Соны көрген баланың болашағы не болар екен? Осындай адамдардың кесірінен шын мұқтаждар көрінбей қалады.
Гүлшат Рысқалиқызы: Жергілікті ақын Дәулетбек Байдрахманұлы ағамыз Шиелі ауданындағы 500 Батыр анаға
«Тартылмасын тапшы боп өзендер де,
Тоқталмасын думан-той, өлеңдер де.
Бас болыңдар, аналар, шаңыраққа,
Дәл осындай өтпелі кезеңдерде» деп, арнауын арнаған екен.
«Ана» деген ардақты, ұлы есімімізге ұят келтірдік-ау, аналар!

Гүлхан СӘБИТҚЫЗЫ

21 наурыз 2020 ж. 461 0