Ерінбеген етікші болады
Жанды жадыратар көктемнің шуақты күндері де келіп жетті. Таң ата салысымен орталық базарды бетке алдым. Мақсатым қыстық аяқ киімімді ретке келтіру еді. Базар іші ығы-жығы. Бәрі жеке басының қамымен жүргендей көрінді. Менің етікшілер қатарына бағытымды бұрғаным сол еді, жүзі жылы, жасы 50-ді еңсерген ер азамат қандай көмек керек екенін сұрады. Мен де өз кезегімде тосырқап қалмай, аяқ киімімді жөндеуге келгенімді айттым. Осылайша таң шапағымен таласа тұрып, қас қарайғанша балғасын, шегесін, бізін жанына серік ететін етікшімен әңгімем жараса кетті. Иә, етікшінің істеген ісіне қарап, орасан еңбекті қажет ететінін түсіндім. Өйткені, жаңа технология қарыштап дамып жатқан заманда аталған кәсіпке келуді ар санайтындар да кездесіп жатады. Осыған орай газетіміздің кезекті санында ата-бабадан қалған көне кәсіптің қыр-сырына тоқталғанды жөн санадым.
Адамзат баласы өмірде екі таңдаудан жаңылыспаған жөн. Оның бірі – жар таңдау болса, екіншісі – мамандық таңдау. Ал осы екеуінде де жолы болған адамдар өмірде бақытты болады деген түсінік бар. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз де өзін жолы болғыш адаммын деп есептейді. Өйткені, ол қазіргі таңда сүйген жарының қолдауымен жаны қалайтын кәсіппен айналысуда. Ол – Шиелі кентінің тұрғыны Амандық Жәкеев. Кейіпкеріміз етікшілік шеберлікті, дәлдікті, жауапкершілікті, нағыз еңбекті қажет етеді деп есептейді.
– Қазақта «Ерінбеген етікші болар» демей ме? Шынында, етікті ретке келтіру, яғни жөндеу, жамау, тігу, табан жапсыру, желімдеу оңай шаруа емес. Оған бастысы шыдамдылық, тиянақтылық қажет. Мен бұл кәсіппен айналысқаныма ешқашан өкінген емеспін. Өйткені, менің бойымда жоғарыда аталған қасиеттердің барына шүкіршілік айтамын. Жасыратыны жоқ, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жандар қоғамда жетіп артылады, – дейді ұста.
Қазақ «Еңбегің қатты болса, тапқаның тәтті болар» деп тәмсілдеген. Етікшілік кәсібінің қыр-сырына қанық болған соң, әңгіменің ауаны кейіпкеріміздің аталған кәсіпке қалай келгені, кім үйреткеніне қарай ауды.
– Осыдан он бес жыл бұрын жұмыссыз қалып қойдым. Содан не керек, базарға барып, әртүрлі жалдамалы жұмыс істей бастадым. Бар ойым – екі қолға бір күрек тауып, бала-шағамды асырау. Күндердің бір күнінде аяқ киім тігетін ұстамен танысып, оның қасында 2 айдай көмекші болдым. Шебердің бар білгенін үйреніп, машықтанып, аяқ киім тігуді бастап кеттім. Сол уақыттан бері табан аудармастан 15 жыл базар ішінде аяқ киім тігумен айналысып келемін, – деді А.Зеңгібайұлы.
Сондай-ақ кейіпкеріміздің айтуы бойынша, тұтынушылар легі қыс айларында ағылады екен. Ал жаз мезгілінде олардың саны бірнеше есе азаятындықтан, қосымша егін егумен, құрылыс жұмыстарымен айналысатын көрінеді. Айта кетейік, А.Зеңгібайұлы адал еңбегімен нанын тауып отырған етікші ғана емес, отбасында жолдасы Ырыскүл Айтжановамен 3 қыз, 2 ұлдан 6 немере сүйіп отырған ардақты ата. Әңгіме барысында отбасы, туған-туыстары мен көрші-қолаң, ағайыны кәсібіне оң көзқараспен қарайтынын да тілге тиек етті.
Кәсібінің нәсібін көріп отырған Амандық Жәкеев аталған кәсіпті бес саусағындай меңгерген. Ол алдағы уақытта қолынан іс келетін, ынта-жігері бар жандарға етікшіліктің қыр-сырын үйретуге дайын. Біз де өз кезегімізде шеберге мол табыс тілейміз.
Фариза КЕНЖЕШОВА