Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Киіз үй тек наурызда құрыла ма?

Киіз үй тек наурызда құрыла ма?

Осыдан бірнеше жыл бұрын бұл мақаладағы көтерілген ой-пікір газет бетінде жарияланған еді. Одан беріде уақыт өтті, заман көшті. «Керегеміз – ағаш, Ұранымыз – Алаш» деп өскен көшпелі елдің ұрпағымыз. Киіз туырлықты, ағаш уықты баспана еткен бабаларымыз заманында қай саладан болсын ешкімге есе жібермеген. Бөріктінің басын идірген. Әлемге әмір де жүргізген. Бұл табиғатпен үндескен Алла Алаштың баласына бұйырған киіз үйдің киесінен дарыған күш болса керек. «Ағаштан үйін, темірден түйін түйген» халқымыз өмір-салтын табиғатпен үндес ұстады. Жаһанданбады, жойылмады. Өзіндік ерекше мәдениетімен бүгінгі күнге де келіп жетті.

Іші мен сырты тартымды, жарасымды өрнекке толы еліміздің ертедегі мәдениетінің тәбәрігі болған қазақы үйдің жай-күйі көпшілікті алаңдатып келе жатқалы біршама уақыт болды. Басты себеп – киіз үйдің тек мейрам кезінде ғана ізделетіндігі. Киесі мен қасиеті айтпаса да белгілі қазақы үйдің сұраушысы азайды ма, жоқ әлде зәулім үй, әсем ғимараттарға сұраныс артты ма, белгісіз? Әйтеуір тек мерекеде қолданылатын сәндік өнер туындысына айналып кетпесе игі. Бұл туралы «Өскен өңір» газетінің екі жыл бұрынғы санында бас редактор Н.Пірімбет «Біз құндылығын түсіне бермейтін қазақтың киіз үйі шетелде үлкен сұранысқа ие болыпты. Бір ғана мысал, Еуропаның ортасында орналасқан Андорра князьдігі қазақтың киіз үйін орталық демалыс орнына тіккізіп, келім-кетім туристерді таң-тамаша қалдырып отырған жайы бар екен. Тіптен жуырда бір телеарнада Ұлыбританияда киіз үй жасаумен айналысатын шағын цехтың жұмыс істеп тұрғандығы көрсетіліп, таңқалдырғаны жасырын емес. Әлгі цехта кәдімгі ағылшындар жұмыс істеп, киіз үйге сұраныстың көп екендігін айтып жатты. Тұтынушылардың дені ағылшындар. Коттедждерінің алдына орнатып қойған. Оның ішін заманауи технологиямен безендіріп, жанға керекті жайлылықтың барлығын жасаған. Егде кісілер шеңбер тәрізді етіп, ағаштан жасалған бұл үйдің денсаулыққа өте пайдалы екендігін айтып, мақтанып жатты. Ал цех басшысы болса, осынау өнердің отаны Қазақстанға келіп, оның жасалу технологиясымен етене танысқысы келетіндігін білдірген-ді» деп жазған болатын. Ал осыдан соң өзіміздің киіз үйге деген сұраныстың деңгейін өлшей беріңіз.
Осынау қайталанбас қолөнер туындысының іздеушісі қайда? Алдыңғы буын киіз үйдің құрылымын, оны қалай құрып, жығуын жақсы біледі. Ал көп қабатты үйде өскен жас буынның оны білуі неғайбыл. Қазақы қаймағы бұзылмаған осы өңірде киіз үй қаншалықты қолданыста?
Біздегі киіз үйлерді қытай, өзбек жерінен, қарақалпақтан өте қымбат бағаға әкеліп жатыр. Ол үйлер үлкен шараларда ғана орталық алаңға тігіліп жатады. Демек киіз үйге сұраныс аз да болса бар. Осы орайда ой туындайды. Неге сол сәні мен салтанатынан айырылған киіз үйлерді қайтадан жаңғыртып, жаңаламасқа? Киіз үй жасауды неге кәсіпкерлеріміз қолға алмай жатыр? Мүмкін жоба жоспар беруіміз әлсіздеу болар. Ұлттық бағыттағы құндылықты дәріптеу қолдан келмей жатыр ма? Әйтпесе арысы Арал берісі Жаңақорған ауданында нақ осы киіз үй жасауды кәсіпке айналдырып отырған адам жоқ бүгінде. Яғни бұл киіз үй жасау өнері құрдымға кетіп бара жатыр деген сөз емес пе? Жалт еткенге қызыға кететін қасиетіміз бар. Тек наурыз бен алтын күзде ғана тігілетін ақ шаңқаң қар үйлердің ғұмырын ұзартсақ қайтеді. Жастар демалатын орын немесе аға буын бас қосатын жерлерге орайластырып, жаңаша үлгіде киіз үйді қайта жандандырса, қызықпай отыратын қазекем жоқ шығар...

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ

14 наурыз 2020 ж. 607 0