Кран тізгіндеген келіншек
Аудандағы тепловоздарға техникалық қызмет көрсету бекетінде жұмыс істейтін Ақмарал Исмайлова – кран жүргізудің шебері. Ол мекемеде 1991 жылдан бастап қызмет етеді.
Кейіпкеріміз өз жұмысының аса қиындық тудырмайтындығын алға тартады. Оның айтуынша, мұнда барынша сақтық шарасын назарда ұстау қажет. Себебі, сәл қалт кетсеңіз, салмағы ауыр зат кез келген жерге құлап, оқыс оқиға орын алуы бек мүмкін. Байыптап қарасаңыз, бұл нәзікжандар емес, нағыз ерлердің істейтін жұмысы. Ал Ақмаралдың пайымдауынша, жаныңыз қалап, жауапкершілікпен атқаратын әрбір шаруа ердікі немесе әйелдікі деп бөлінбейді.
– Мен бала кезімнен темір-терсекке үйір болдым. Үнемі әкемнің қасынан шықпайтынмын. Әкемнің өзі 45 жыл көлік жүргізушісі болған. Содан болар көңілім кран жүргізуді қалады. Жұмысымды сүйіп істейтіндіктен болар еш ауырлық әкелген емес. Әрбір жан өз саласында білгір болса, қолға алған тірлікке мұқият болса ғана алынбайтын қамал жоқ, – деп ағынан жарылды.
Ерекше мамандық иесі дәл осы «биіктікте» жүріп, өмірлік серігі Берік Абдуллаевты жолықтырған. Күрделі кәсібіне қарамастан, Ақмарал жолдасы екеуі 3 бірдей ұлды тәрбиелеп өсірді. Қазіргі таңда таңдаған мамандығының отымен кіріп, күлімен шығып жүрген оның өз саласында шоқтығы биік. Жуырда ғана облыс әкімінің қабылдауында болып, арнайы алғыс хатпен марапатталды.