Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Елтай Ғайыпов, фотограф: Ықыласпен істеген жұмыстың нәтижесі жақсы болады

Елтай Ғайыпов, фотограф: Ықыласпен істеген жұмыстың нәтижесі жақсы болады

«Болар бала – жасынан» дейді даналық сөздердің бірінде. Жас болса да отбасының қол қанаты болуға тырысқан Елтай 17 жасынан бастап еңбек етуге кіріседі. Жаздың ыстығы мен қыстың суығына қарамастан көлік жуу бекетінде үш жылға жуық жұмыс істеген. Кез келген істі өзіне жат санамаған еңбекқор жігіт жұмысты ауыр немесе жеңіліне қарап бөлмеген.
– Кез келген адамның арманы болады. Бірақ басым көпшілігі сол арманына жету мақсат қоя білмейді. Кейбіреулер жетістікке жету жолында қаражатың болу керек деседі. Бірақ барлығы олай емес. Арманға қолың жету үшін ең бастысы ниет керек. Сол кезде ғана қолың армандаған дүниеңе жетеді, – дейді бүгінгі мақаланың кейіпкері Елтай Ғайыпов.
Бала күнінен сурет салуға және түсіруге әуес болған Е.Ғайыпов қолы қалт етсе мейрамханаларда фотограф болып жұмыс істеген. Арманы мен кәсібі тоғысқан тұста ниет пайда болады. Осылайша суретке түсіруді кәсіпке айналдыруды жоспарлайды. Үш айға жуық тәжірибе жинақтағаннан соң, 2014 жылы тәуекелге бел байлап, аудан орталығынан жалға ғимарат алып, өзінің фотосалонын ашады.
– Фотоаппараты алғаш ұстатқан әрі ұстазым болған аудандық «Өскен өңір» газетінің фототілшісі Бақытжан Бәйімбеттен үйренгенім көп болды, – дейді фотограф.
Алғашқыда Елтайдың 1 фотоаппарат, 1 ноутбук, 1 сурет шығаратын принтері ғана болған. Күндіз фотосалонында, түнде мейрамханалардағы жұмысын жалғастыра береді. Осылай екі жұмыстың басын біріктіріп жүріп күнелтеді. Бос уақытында кәсібін жетілдіру мақсатында ізденісті тоқтатпаған ол тойларға шығып, альбомға тапсырыс қабылдайды. Жасаған дүниесі халықтың көңілінен шықсын деп кей күндері фотосалонда қонған кездері де болған.
– Шын ықыласпен істеген жұмыстың нәтижесі де жақсы болады. Жаңа идеяларды қолға алдым. Әлеуметтік желілерден парақша ашып, өзімді тұрғындарға таныта бастадым. Суретке түсіруге икемі бар жігіттерді жұмысқа қабылдадым. Техникаларымды жаңарттым. Себебі, технология жылдан-жылға даму үстінде. Жаңаларының мүмкіндігі де көп, сапасы да жақсы. Ал сапалы дүние халықтың көңілінен шығады. Осылай кәсібімнің шеңберін кеңейте бердім. Тек фотосуретпен ғана шектелмей, видео түсіруге де кірістік. Одан соң оған тойларды безендіруді қостық. Қасымдағы жігіттер жұмысына жауапты болған соң ісім алға бас­ты», – дейді Е.Ғайыпов.
Бүгінде Елтайдың еңбегі еш кеткен жоқ. Ол аудан тұрғындарының ықыласына бөленіп, алғысын алып жүр. Алдағы уақытта өзін кәсіптің басқа түрінен сынап көргісі келеді. Осы тұста шағын сауда орталығы мен жастар демалатын орынның құрылысын бас­тап қойған.
«Қимылдаған қыр асады» деген сөз бар емес пе? Әуелгіде жалдамалы жұмысшы болып, нәпақасын тапқан ол қазіргі таңда өзі би, өзі қожа болып отырған бүгінгі кейіпкеріміз соның бір дәлелі.

Ерұлан ДАТКЕНОВ

20 тамыз 2019 ж. 1 542 0