Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғыстың тиегі ағытылған күн

Алғыстың тиегі ағытылған күн

Қыстың аяғында тынбас­тан жауған жаңбыр басылып, аспан ажары бірте-бірте ашыла бастаған. Ауадан тап-таза, сәл қатқылдау көктем лебі сезіледі. Бірақ табиғат тәңірдің киесі шығар, күннің шуағынан жанға жайлы тиер бір тылсым күш бойға сібізгідей сіңіп, жүрекке жылы шуақ там-тұмдап құйылады. Көктемде дүние шіркіннің дәмі балдай тәтті, қызығы ешбір таусылмас­тай көрінеді. Міне, көктемнің құдіреті осы. Бұл күннің тағы бір ерекшелігі – алғашқы күнінің өзі мерекемен басталуы.

Иә, 1 наурыз – алғыс айту күні. Көктеммен бірге келетін осынау мейрамды Елбасы Н.Назарбаев 2016 жылы бекіткен еді. Бұл тұрғыда Тұңғыш Президент «Мұндай кезде адамдардың бір-біріне алғыс білдіріп, өздеріне жасаған жақсылықтарды еске алуы аса маңызды. Бұл жақсылықты бағалай білуге, оған жақсылықпен жауап­ қайтаруға, өзара сыйластық пен құрметке бастайды. Құндылықтардың қадіріне жете алған елдің келешегі кемел. Мен Алғыс айту күнін осындай мақсатпен белгіледім. Адамдар бүгінгі күні кемшіліктер болса, қатты сөздер айтылса, өкпесі болса кешіру керек» деген болатын. Яғни көктемнің алғашқы мерекесінде талайлы тағдырлардың басын өз шаңырағының астына біріктіріп, қанатымен су сепкен қарлығаштай қамқорлығына алған қазақ халқына өзге этнос өкілдері алғыс айтады.
Осы мерекеге байланысты жұма күні Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінде көңілді кеш өтті. Шараның шымылдығы мәдениет қызметкерлері сахналаған тілі басқа тілегі бір, жүзі басқа жүрегі бір жандардың мәуелі бәйтеректің саясына жиналған көрінісімен түрілді. Одан кейін жас өнерпаздар әр ұлт өкілдерінің биін мың бұрала биледі. Салтанатты шара әрмен қарай аудан әкімінің міндетін атқарушы Т.Жағыпбаровтың сөзімен жалғасты.
– Елбасымыздың жарлығымен елімізде 1 наурыз Алғыс айту күні ретінде биыл бесінші рет тойлануда. Бұл күн – мемлекетімізде ұлттар татулығы мен бірлігін жаңа деңгейге көтеретін ерекше мереке. Қазіргі таңда республикада 130-дан астам этнос өкілі өмір сүрсе, ауданда 18 ұлт өкілі тұрады. Алғыс айту күнінде барша аудан халқына елімізді өркендету мен дамыту жолындағы жұмыстарға сүбелі үлес қосқаны үшін алғыс айтамын. Сондай-ақ ел экономикасының дамуында ерекше орын алатын кәсіпкерлік, өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы саласында қызмет атқарып келе жатқан кәсіпкерлерге, құрылысшыларға, диқандарға, қарапайым шаруа адамдарына, өз ісінің майталманы болған әрбір мамандық иелеріне зор ризашылығымды білдіремін. Ұстаздар мен ақ халатты абзал жандарға және жастар қауымына да алғыс айтамын, – деді Т.Жағыпбаров.
Мерекелік кеште қазақ, түрік, өзбек, кавказ ұлттарының әні шырқалып, биі биленді. Сондай-ақ аудандағы өзге ұлт өкілі Светлана­ ­Петрова мен Хамзан Чолондоров сахна төріне көтеріліп, қазақ еліне өз ризашылығын білдірді. Бұдан бөлек риясыз рақмет айтқан тұрғындардың тілегі бейнетаспа арқылы да жолданды. Шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан С.Гофман, И.Владимирович, О.Олеговна, Б.Ермаханович, Р.Валеев, Р.Кигай, В.Хегай, А.Константинович сынды бірқатар азамат марапатталды.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА


29 ақпан 2020 ж. 455 0