Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыбайлас жемқорлыққа қауқарлы күрес қажет

Сыбайлас жемқорлыққа қауқарлы күрес қажет

Бұл дерттің жойылу жолын жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы санасын қалыптастырудан бас­тау керек. Жас буынға жемқорлықтың теріс салдары туралы ақпаратты дұрыс жеткізу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қалыптасуына, өз құқығы мен міндетін ұғынуына көмектесу – алғышарттардың бірі болып саналады. Ол үшін ең алдымен жемқорлыққа қарсы сана керек. Қарсы сана қалыптасқан жағдайда ғана адам жат қылықтардан бойын аулақ ұстай бастайды, заңға қайшы әрекеттерді жасауға жол бермейді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет әр адамда құқықтық сауаттылығына байланысты болады. Сондықтан жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруды оқу орындарынан, мектептен бастаған дұрыс. Осы бағытта көптеген жұмыстар атқарылуда. Жалпы елімізде әлемдік стандартқа сәйкес келетін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар жүзеге асырылып келеді. Жемқорлықтың көріністерін жою мақсатында заңнамалық актілер қабылданды. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алуға болады. Мемлекеттік қызметтердің алынуын жеңілдету үшін электронды үкімет пен электронды сандық қолтаңба енгізілді.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында Мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен бекітілген «Архивтік анықтамалар беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына сәйкес, аудандық архивте «egov.kz» электронды веб-порталы арқылы халыққа қызмет көрсетуге көшті. Жыл басынан бері архив қызметіне 167 азамат жүгінген. Оның 130-ына жауап беріліп, 37-іне түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ альтернативті түрде заңды тұлғалар мен ТМД елдерінен 3 өтініш түсіп, барлығына қажетті ақпараттар берілді.

Ақбота Бакирова,
«Қызылорда облысының мемлекеттік архиві» КММ-нің
Шиелі аудандық филиалының архивисі
25 ақпан 2020 ж. 965 0