Кітап сыйлау күнін неге атап өтпейміз?

Жақында, яғни 14 ақпан күні дүниежүзілік кітап сыйлау күні өтті. Әдеттегідей әлеуметтік желіде бірді-екілі оқырмандар айтулы датаны ескерусіз қалдырмай, жақын-жуығына кітап сыйлағанымен бөлісті. Одан қалды онлайн кітап дүкендері де дүниежүзілік мерекені қалт жібермей, үздік оқырмандарына өзі ұнатқан туындысын тарту етті. Міне, осылайша кітап сыйлау күнін әркім өзінше ескерді. Алайда, рухани құндылыққа қатысты осынау мейрамды біріміз білсек, біріміз білмейміз. Шынын айтқанда, кітапқа қатысты акция немесе шаралар тек кітапханада ғана жүргізіледі. Мәселен, Шиелі аудандық кітапханасында ақын, жазушы, туған жерден түлеп ұшқан тұлғаларға арнап көрме немесе оқушылар арасында мәдени-рухани кеш өтеді. Кітап пен оқырманды байланыстыруда кітапхана қызметкерлері бір сәт қол қусырып қалған емес. Олар әркез қызықты, тартымды шараларды ұйымдастыруда. Тіпті аудандық кітапханада тұрақты түрде «Кітап сыйлау» акциясы өтеді. Бірақ оған да толық қатысып, араласып жүрміз деп айта алмаймыз.
Жер бетіндегі жұмыр басты пенденің барлығы мереке, мейрамды жақсы көреді ғой. Күнтізбедегі халықаралық, бүкіләлемдік, отандық, діни мейрамдардың тізімінен көз тұнады. Олардың қатарында дәстүрден жаңылмай тойланып келе жатқаны да, заман ағымына сай пайда болғаны да бар. Ал енді осы мерекелердің арасында «Бүкіләлемдік кітап сыйлау күні» деген мейрам кімнің болса да тақиясына тар келмесі анық. Иә, бір-бірімізге кітап сыйлап, анда-санда акцияға атсалысамыз. Алайда, мұндай акциялар рухани білімге сусындаған жұртты жарылқай алмайды. Шыны керек, кітап төңірегінде өткен кішкене жәрмеңкелер мен шаралар теңізге тамшы тамызғандай әсер қалдырады. Егер біз дүйім жұртты кітап оқуға шақырғымыз келсе, кітапхананың тұрақты оқырманы қылғымыз келсе, елді елең еткізетін мерекелік шара өткізуіміз керек.
Мұндай үрдіс кітап оқудан бізден кенже қалған Армения елінде 2008 жылдан бастап тойланып келеді. Бәрімізге белгілі, 14 ақпан Дүниежүзілік кітап сыйлау күні, ал 1967 жылдан бастап 2 сәуір әлемдік балалар кітабы күні болып белгіленді. Осылай біз де қазақтың классик жазушыларының, ақындарының туған күндерінің құрметіне бір күнді «Кітап сыйлау күні» деп белгілесек, сол күні ауқымды шара ұйымдастырып, кітапхана қызметкерлерінің ерен еңбегін көрсетсек тамаша болар еді-ау. Бір-бірімізге кітап тарту етіп, ұлағатты сөздер мен кітап біліміне арналған сайыстар ұйымдастырсақ, жасы да, кәрісі де үлкен қуанышқа бөленер еді. Оның үстіне биыл Абай Құнанбаевтың 175 жылдық, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы. Ауданда кітапқа арнап ауқымды шара өткізу үшін осы екі тұлғаның өзі жеткілікті емес пе?
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА