Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлт ұстазының сөз сәулесі

Ұлт ұстазының сөз сәулесі

Абай отыз алтыншы қара сөзінде «надандықтың ұяты» деген қасиетті айтады. Ұялмайтын нәрсеге ұялатын, ұялатын нәрседен ұялмайтын таяз санадан, ергежейлі рухтан, соқыр надандықтан, ардың ластығынан туындайтын әрекетті әшкерелейді. Абайдың данышпандығын, ұлылығын, көрегендігін оның сол кездегі көтерген мәселелердің бүгінгі күн үшін де өзекті, өзінің маңыздылығын жоймағандығынан да көруге болады.

Абай атамыздың айтқан салмақты ойларының түпкі төркіні адамды ар-намыспен ғана рухани баюға болатынын көздейді. Иә, біз қит етсе байбалам салып, біреудің кішкене ғана қателігін түйедей етіп бетіне басып, жұртқа масқара етуге ұялмаймыз. Есесіне, несие алып, қарызға батып, аста-төк туған күн мен той жасамасақ, келген қонақтарға жәшіктеп қымбат ащы суды ұсына алмасақ ұяламыз. Шамамызға қарамай баламызға қымбат киім, соңғы үлгідегі ұялы телефон, астына көлік әперіп, ақысы аспандап тұрса да, жоғары оқу орнына түсіруге тырысамыз. Сондағымыз «Елден ұят болмасын» деген таяз ой ғана. Ал өмірге әкелген сәбиіміз ардан аттап, теріс қылық жасаса, қыңыр-кесапат болса, некесіз баланы дүниеге әкелсе, «пәленше де жүр ғой» деп өзімізді ақтауға тырысамыз.Шындығына келгенде ұяттың ұлысы осы болса керек. Сол секілді өзіміздің кедейлігіміз бен жолымыздың болмағаны үшін айналамызды, қоғамды, билікті кінәлауға, балағаттауға дайынбыз. Ал қиналып еңбек етуге, оқып, ізденуге, осы өмірімізге шүкіршілік етіп, садақа беруге жалған намыс пен надандығымыз жібермейді.
Хакім Абай жоғарыда айтқан отыз алтыншы қара сөзінде «Ұят деген – адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіс қылған қысымның аты. Ол уақытта тілге сөз де түспейді, көңілге ой да түспейді. Көзіңнің жасын, мұрныңның суын сүртіп алуға да қолың тимейді, бір ит боласың. Көзің кісі бетіне қарамақ түгіл, ешнәрсені көрмейді» деп, «Осы күнде менің көрген кісілерім ұялмақ түгіл, қызармайды да. «Ол істен мен ұятты болдым дедім ғой, енді нең бар?» дейді. Я болмаса «Жә, жә, оған мен-ақ ұятты болайын, сен өзің де сүйтіп пе едің?» дейді. Немесе «Пәленше де, түгенше де тірі жүр ғой, пәлен қылған, түген қылған, менікі оның қасында несі сөз, пәлендей, түгендей мәнісі бар емес пе еді?» деп ұялтамын десең, жап-жай отырып дауын сабап отырады. Осыны ұялған кісі дейміз бе, ұялмаған кісі дейміз бе? Ұялған десек, хадис анау, жақсылардан қалған сөз анау. Осындай адамның иманы бар дейміз бе, жоқ дейміз бе?!» деген ойлы сауалымен қорытады.Осылайша ұяттың иманнан екенін, надандықтың білімсіз, таяздықтан екенін айтады. Тағы бір сөзінде «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек: әуелі — надандық, екінші – еріншектік, үшінші – зұлымдық деп білесің» деп, күллі қазақ халқын қор болмауға, бойына жақсы қасиеттерді жиып, «толық адам» болуға үндейді. Сайып келгенде оның шығармаларының көпшілігі адамның жақсы қасиеттерін, болмысын зерттеп, зерделеуге, жаман мен жақсының ара жігін ажыратып, сапалы өмір сүруге бағытталған.
Абайдың қай өлеңін оқысаңыз да, бүгінгі күннің өзекті мәселесіне жазылғандай. Оны білдік, таныдық, ұқтық дейтініміздің бәрі – бекершілік. Ұлы ойшылды зерттеп, шығармаларын оқып, ой түйген сайын Абай жайлы аз білетініңе көз жетізесің.
«Атымды адам қойған соң
Қайтіп хайуан болайын?» дегендей, адам болған соң, ар-ұятқа жат қылық пен надандықтан қашып, рухани бай болуға ұмтылмақ керек.

Гүлхан ЯХИЯ

11 ақпан 2020 ж. 635 0