Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудандағы алтыншы «Білім орталығы»

Аудандағы алтыншы «Білім орталығы»

Қоғам күн санап емес, сағат санап өзгеріп жатыр. Санамыз да өзгеріске түсуде. Жаңару мәселесі барлық салада өте өзекті. Кітапхана ішінен Bilim ortalygy-ның ашылуын да жаңаруға қадам басу деп қабылдау керек.

Тұңғыш Президенттің 2019 жылды ­«Жастар жылы» деп жариялауы – сөзіміздің бір дәлелі. Жастардың уақытын тиімді пайдалану мақсатында «Білім орталығы» барлық жағынан қызмет көрсете алады. Орталықтың мақсаты – жастарға мәдени тынығу жұмысын ұйымдастыра отырып, білімін шыңдау, әдебиетке деген көзқарасын қалыптастыру, жаңа заманауи жаңалықтармен дер кезінде таныстырып отыру, интелектуалды орта құру. Жастар өзіне қажетті мәліметтің барлығын осы жерден ала алады. Бұл жерде көпшіліктің сұранысына байланысты мотивациялық мақсаттағы кітаптар көрмеге қойылып, таныстырылып отырады. Қажетті ақпаратты алу үшін компьютермен, интернетпен жабдықталған. Кітапханада кітап оқимын деген оқырманға барлық жағдай жасалып, тіпті кітаптардың электронды нұсқасы да қарастырылған.
Әр кітапханаға coworking керек-ақ. «Coworking» дегеніміз не? Кітапханадағы «Коворкинг» орталығын біз жаңа және өзекті құбылыс деп қабылдауымыз керек. Бірақ шын мәнісінде ежелгі кітапханалардың бірі болып саналатын Египеттегі Александрия қаласындағы кітапхана көптеген философтар мен математиктерге сол заманында «Коворкинг» орталығы болған екен. 2005 жылы коворкингті бүкіл әлемге танымал еткен американдық програмист Бред Ньюберг. Ол өзі сияқты фрилансерлермен (тапсырыс алып жұмыс істейтін адамдар) кеңсе жалдап, жұмыс орындарын ұйымдастырудың жаңа схемасын жасады. Еркін және бір-бірінен тәуелсіз адамдардың бір алаңда жұмыс істеу моделін көрсетті. Көп жағдайда бұл еркін фрилансерлермен және стартап (жаңа фирма) командаларының бір кеңседе жұмыс істеуі. Қазіргі таңда кітапханадағы коворкинг орталығын коммуникативтік алаң деп айтуға болады.
Бұл жерде достарыңызбен бос уақытты бірге өткізіп, көптеген қызықты іс-шараға қатыса аласыз. Сондай-ақ мұнда өте маңызды кітапхана ресурстарын пайдалануға мүмкіндігіңіз бар.
Кез келген цифрлық форматтағы интелектуалды контент қол жетімді (кітаптар, мерзімді басылымдар, аудио, бейне ойындар және т.б.) барлық форматтағы ақпараттық ресурстарды пайдалануға болады. Осы орайда ауылымыздағы кітапханадағы білім орталығының ашылуына Шиелі орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлдана Жақыпова келіп, бұл орталықтың мәні мен маңызына тоқталып: «Кітапхана – рухани жаңғыру ордасы. Заманауи орталық кез келген адамға, жас болсын, орта буын болсын, зейнеткер болсын өзінің сүйікті ісімен айналысуға мүмкіндік береді. Жобаның ­басты мақсаты барлық сипаттағы адамдардың ақпараттық қажеттілігін қанағаттандыру үшін үздік әлемдік тәжірибені пайдаланып, кітапханалардың жаңа заманауи үлгісін құру деген сөз», – деп өз лебізін білдірді.
Сонымен қатар аталған жиынға ауыл әкімі Әділбек Бегайдаров, ардагерлер кеңесінің төрағасы Әріпхан Жақыпов, мәдениет үйінің меңгерушісі ­Кенжебай Жүсіп, №157 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Зағоһриа Қозыбаева қатысып, өздерінің ыстық ықыласын білдірді.


Айжамал Әбдіхамитқызы,
Алғабас ауылы
11 ақпан 2020 ж. 377 0