Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Латын әліпбиіне көшудің тиімділігі

Латын әліпбиіне көшудің тиімділігі

Латын әліпбиіне көшу туралы мәселе – қазақ халқы тәуелсіздік алғалы күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деп айтқан еді.
Бүгінгі таңда елімізде латын әліпбиіне көшу әлі де тартыс пен талас тудырып отырған мәселе болып табылады. Латын әліпбиіне көшуді жақтаушылар бұл мемлекеттік тілдің өзінің күшіне енуіне оң әсерін тигізеді десе, латынға қарсылық білдірушілер халық арасында сауатсыздық белең алады деп шошуда. Бәзбіреулер Ахмет Байтұрсынов бастаған қазақтың ардақтылары латын әліпбиіне қарсы болған деген пікірлерін де алға тартады. Тағы бір дау туғызатын мәселе – латынға көшкен жағдайда орыс тілін қай әліпбимен жазамыз деген пікір. Орыс тілін кириллица әліпбиімен қалдыратын болсақ, мемлекетке де, халыққа да қиыншылық туғызуы мүмкін әрі тиімсіз. Бұл тұрғыдан алғанда латын әліпбиіне өту процессі әлі де баяу қозғалатын сияқты. Мәдениеттанушы, ғалым Мұрат Әуезов «Кезіндегі Кеңес үкіметі тұсында бізбен бауырлас кейбір халықтар латынға көшкенде, арамыздағы рухани байланыстар үзіліп, бір-біріміздің жазуымызды түсіне алмайтын деңгейге түсіп кеттік. Біз бұған дейін отаршылдық саясаттың құрбаны болып келдік. Ал латын графикасын қабылдау арқылы біз рухани, саяси дербестігімізді де нығайта түсер едік. Олай болса латын графикасы жалпы түркі халықтарының ортақ түсінісетін жазуы болары сөзсіз. Қазіргі уақытта латын әрпін қолдану, ең біріншіден, заман талабы болып отыр. Сондықтан да заманауи технологияларға тәуелді екенімізді мойындап, кез келген жаңа дүниелермен санасуымыз керек» деген ойын білдіреді. Ал филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы қазақтың латын әліпбиіне көшу себебін бүгінде біз қолданып жүрген кириллицаның тілімізге тигізіп жатқан мынадай кері әсерін былай жіктеп көрсетеді:
— Қазақ тілінің фонетикасы қате теориялық түсінік бойынша оқытылды;
— и, у дыбыстары біресе дауысты, біресе дауыссыз деген қате тұжырым пайда болды;
— кірме сөздер мен терминдер тіліміздің бас­ты заңы – сингармонизмге бағындырылмады, таза орыс тілінің дыбыстық заңы бойынша айтылды;
— қазақы акцент жоғала бастады;
— жуан және жіңішкелік белгі бойынша сөйлеу қалыптаса бастады, мәселен, Асель, халің қалай? (Әсел, қалың қалай?)
— сөзде екі дауысты дыбыс қатар жазылатын орфограмма енгізілді, мысалы, киім, киік, тиын, қиын, жиын, суық, буын т.б.;
— ерін үндестігі есепке алынбады, мектеп бағдарламасына енгізілмеді;
— қазақ тілінде дыбыс «сингема» емес, «фонема» деген тұжырым енгізілді;
— орфографиялық сөздікте фонетикалық ұстаным басты болмады, орфографияда ала-құлалықтар пайда болды;
— сөйлеуде орфоэпиялық норма басты болмай, орфографиялық норма басты болды; емле саласында күрделі қиындықтар пайда болды.
Бұл еңбектердің барлығы латын әліпбиіне көшудің кезек күттірмейтін мәселе екендігін көрсетеді. Бүгінгі таңда біз тіл тазалығына мән беруіміз керек. Латын әліпбиіне көшу арқылы тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтап қаламыз. Қазақ тілін латын әліпбиімен оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық орындарда оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Сондай-ақ латын әліпбиіне көшу қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Өйткені, әлемде қолданушылары мол латын графикасы арқылы қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кіруге тиімді жолдар ашылады. Түбі бір түркі дүниесі, негізінен латынды қолданады. Латын харпі арқылы біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз керек.
Жалпы латын әліпбиіне көшудің тиімділігі туған тіліміздің дамуы үшін өте қажет. Ең бас­тысы, ата-бабамыздан аманат болып қалған ана тіліміздің тазалығын, әуезділігін сақтау, келесі ұрпаққа саф, таза қалпында жеткізу бүгінгі қазақтың борышы екенін әрқайсымыз терең ұғынуымыз керек.

Гүлмира Байдарбекова,
№149 Ә.Монтаев атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
07 ақпан 2020 ж. 837 0