Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Латын әліпбиіне көшу – тіліміз үшін жасалған игі қадам

Латын әліпбиіне көшу – тіліміз үшін жасалған игі қадам


Адамды мұратқа жеткізетін тілі мен ата дәстүрі. Себебі, тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деген болатын.
Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселесі қолға алынып, үлгісі жасалды. Осы орайда аудандық мәдеиет үйінде «Латын әліпбиіне көшу – тіліміз үшін жасалған игі қадам» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Алғашқы болып сөз сөйлеген аудандық білім бөлімінің әдіскері Ә.Тәжиева аталмыш шараны ашып берді. Одан әрі қазақ жазуында қолданылып келген әліпбилер тарихы туралы тарих пәнінің мұғалімі А.Әбдіхалықова баяндама жасады. Шара барысында тіл тарихын зерттеген Н.Боранбаева латын тілінің қажеттілігі жайында сөз өрбітті. Сондай-ақ, Г.Сатинова, Л.Есенова, Б.Нұртазаев өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты. Дөңгелек үстел барысында кириллица мен латын әліппесінің ерекшеліктері мен кемшіліктері талқыланып, түрлі сауалдардың шешімі табылды. Шара соңын аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Г.Достиярова қорытындылады.
Алпауыт 30 елмен терезе теңестіруді көздеген дамушы мемлекет ретінде жасалған оң қадамның бірі саналған латын әліпбиі үлкен мүмкіндіктерге қол жеткізеді. Мысалы, «Үштұғырлы тіл» сая­сатын жүзеге асыру бағытында ел бойынша ағылшын тіліне көп назар аударылып келеді. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда ағылшын тілін меңгеру дегеніміз – ғаламдық ақпараттар мен инновациялардың ағынына ілесу дегенді білдіреді. Оған қоса, ағылшынша білсең – әлемдегі ең үздік, ең беделді жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндігің мол. Осы орайда, латын әліпбиіне көшуді шет тілдерін жоғары дәрежеде игерумен байланыстыруға болады.

Г.ДҮЙСЕБАЙ.
23 маусым 2018 ж. 1 605 0