Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Халқына қамқор қожалық

Халқына қамқор қожалық

Дүбірлі оқиғаларымен, толайым табыс, жетістігімен жұрт жадында қалған доңыз жылы да тарих қойнауына кетті. Жыл басы тышқан келді. Жұрт «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деп өткен жылды қорытындылап, келер жылға болжамдар ­жасап, ­жоспарлар нақтылануда. Иә, жалпы еліміз үшін өткен 2019 жыл жаңалықтарға толы, ерекше жыл болды, аудан үшін де және аудандағы 22 ауылдық округтің бірі «Ақмая» ауылы үшін де табысты жыл болды. Ел азаматтары дала қосында, төрт-түлік малдың, сауданың, кәсіптің, шаруашылықтың, диқаншылықтың арқасында табысқа кенелді. Өз кезегінде табыс еңбекпен, бірлікпен, білікті басшымен келетіні ақиқат болса, аудандағы, ауылдағы шаруашылықтардың жай-күйі мен ахуалын, қарқынды еңбек сағатын дұрыс үйлестіре білген шаруашылық төрағалары қамбаны астыққа толтырды, елдің жағдайын арттырды, ауылдың көңіл-күйін, әлеуметтік ахуалын түзеді.

Жұрт жадынан өше қоймаған кешегі кеңестер өкіметі кезінен ауылдық жерлердің өркендеуі, көркеюі сол ауылдағы шаруа қожалықтарын басқарып отырған ауылдың аптал азаматтарына тікелей байланысты болды десек артық айтқандық емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Туған жер» жобасы бойынша туған жерін түлетіп жүрген азаматтар аз емес. Олар халықтың, елдің, ауылдың абаттануы, гүлденуі үшін, дамуы, өсуі, өркендеуі үшін өзіндегі барды көпшілікпен бөлісіп, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін терең сезініп, көпке қолын созудан жаңылған емес. Солардың бірі «Ақмая» шаруа қожалығы төрағасы Дәулет Жұмабектің еңбегін атап өтуге болады.
«Туған елге тағзым ету парызың, туған жерге қызмет ету – қарызың» дегендей ол ауылдағы шаруашылықта 5 жыл көлемінде атқарған жемісті еңбегінің негізінде елді мекенді көркейтіп келеді. Ауыл шаруашылығы саласын цифрландыру бағытында «Ақылды ферма» жобасы аясында ауданда алғашқы болып жұмыс жасаған қожалық өткен жылдың желтоқсан айының соңын ала, жаңа 2020 жыл қарсаңында бір жылдық еңбектің қорытындысын шығарып, шаруашылықта жұмыс істеп жүрген қарапайым диқандарды, көктем, жаз, күз демей дала қосында түнеп, ел қазынасын ­еселеуде ерінбей, жалықпай жұмыс істеген еңбек ерлерін марапаттады.
Еңбек еткен адамның еңбегі еленіп, бағаланып, еңбегіне қарай марапатталып жатса, одан артық не керек?! Осы тұрғыда шаруашылық бригадирі, звено жетекшісі және механизаторы бар 4 кісіге жеңіл автокөлік кілті табысталды. 97 диқанға 40 мың мен 500 мың теңге арасында қаржылай сыйақы беріліп, сертификат табысталды. Сушылар мен механизаторлардан 6 адамға Жаңақорған шипажайына жолдама берілді. Ұзақ жылғы еңбегіне сай қаржылай сыйақы беріп, иықтарына шапан жауып, екі кісіні құрметпен зейнеткерлікке шығарды. Іс-шараның соңындағы салтанатты шара ауылдағы тойханада диқандарға ас берумен ұласты. Көктемнің желі, жаздың ыстығы, шіліңгір шілденің аптабына, күздің қоңыр желіне шыдап, еңбекпен шыңдалған ел азаматтары осынау шарадан бір серпіліп, еңселерін тіктеді. Көпке қуаныш сыйлаған осындай марапаттаулар, қаржылай көтермелеу жалпыға ортақ еңбек қоғамын насихаттаудың бір парасы емес пе?!
Ауылдағы ардагерлер кеңесінің төрағасы болып, халықпен етене жақын жұмыстардан қол үзе қоймаған біздер үшін шаруашылықтың ауыл тұрғындарына жасап жатқан қамқорлығын көріп, біліп отырып үндемей қалуға болмайды деген ниетпен әлеуметтік жауапкершілікті терең сезінген азаматтың, шаруашылық төрағасының қожалықтан тыс отбасылар мен ауыл халқына, көпшілік, мәдени-қоғамдық шараларға демеушілік танытып жатқан жақсы іс-әрекеттеріне аз-кем тоқтала отырып, қалам тербеуді дұрыс деп таптым. Себебі, қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген аталы сөз бар емес пе? Жақсы істерімізді айта жүрсек, жақсылықтар да көбейе түспек.
Қоғамдық ұйымның, бірлестіктің төрағасы болған соң ауылда түрлі шара өткізуге тура келеді. Нарық заманында көптің басын қосып, ақылдасу, ауылдың ахуалын зерделеу, мұқтаж жандарға көмек қолын созу секілді материалдық көмекті қажет ететін жағдайлар туындаған кезде шаруашылық төрағасына жүгініп жататынымыз жасырын емес. Сондай кездерде Дәулет ініміздің көмек қолын созатын көпшілдік қасиеті көптің көңілінен шығады.
Атап айтқанда көктемгі егін егу науқанының аяқталуына орай ауыл тұрғындарына «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деп Құран оқытуға бір бас малы мен 250000 теңге қаржысын берді. Ақмаялықтарға (үлескерлерге) қыстық мал азығына деп 12000 рулон жоңышқа шөбін, 50 тонна ақ күрішін таратты. 8 наурыз мерекесінде «Батыр ана», «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері мен зейнет жасындағы аналарды марапаттауға 500 000 теңге қаражат жұмсалды. 1 қазан – Қарттар күні мерекесінде ауыл зейнеткерлеріне 5 тонна ақ күріш таратылды және қарттарға арнап дастарқан жайылды. 9 мамыр – Жеңіс күнінде 16 тыл ардагеріне 160 000 теңге көлемінде сыйлықтар табысталды. Ұлыстың ұлы күні – 22 наурыз мерекесінде ауыл тұрғындары болып, жиылып өткізілген мәдени іс-шараға 1 бас ірі қара малы, 75 кг ақ күріш пен 10 литр ас майы берілді. Арыс қаласындағы жағдайға байланысты «Біз Арыспен біргеміз» акциясына 1 тонна ақ күріш берілген. Жастар жылына байланысты «Біз жастар адал еңбекті қалаймыз» атты іс-шараға 280 000 теңге, 25 кг ақ күріш және 10 литр ас майы демеушілік жасалынған. ІІ-ІІІ топ мүгедектері Кенжебек Ботаев пен Алтай Тасановқа 25 кг ақ күріш және ақшалай көмек берілген. «Мектепке жол» қайырымдылық акциясында 5 бала киіммен, оқу құралдарымен қамтамасыз етілген.
Қожалықтың екі жұмысшысына денсаулығына байланысты емделуіне 150 000 теңге көмек берілді. Ауылдағы бір жалғыз бас­ты анаға, 1 асыраушысы жоқ жанұяға, жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларына көмір, азық-түлікпен көмектер берілуде. Сонымен бірге қожалық аудандағы және облыстағы іс-шараларға демеушілік жасап отырған. Осылайша «Ақмая» қожалығы ауыл халқы мұқтаждықтарына көмектесіп, демеушілік жасауда. Ауылдағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестігі аясында соғылған спорт кешені ауыл жастарын спорт түрлеріне баулып, түрлі жарыста топ жарған саңлақтарды тәрбиелеуде. Былтыр соғылған 600 орындық «Авангард» тойханасы ауылдың қуанышына айналды. Бүгінде тойлар, астар, құдайылар осы тойханада өткізіп, ауыл тұрғындарын қазан-ошақ жинау, палатка құру тағы басқа бейнеттерден құтқаруда. Кезінде осы тойхананы «Ауылда ол өзін-өзі ақтамайды, аудан орталығына соғу керек» деген ақыл айтушыларды тыңдамай, «Мұны мен ауыл халқы үшін соғамын» деген Дәулеттің елдігіне қалайша риза болмайсың?
Ауылға аудан орталығынан көгілдір отын әкелудің қамымен 6 миллион теңге қаржы бөлініп, құжаттары рәсімделуде. Жаңадан кеңсе ғимараты (офис) соғылуда, оның айналасы гүлзарлар мен демалыс орны болады деп жоспарланған. Үйі жоқ жас отбасыларына арнап үш тұрғын үйдің іргетасы қаланып қойылды. Жаңадан күріш ақтайтын зауыт құрылысы жүргізілуде. Жалпы шаруашылық төрағасы Дәулеттің отбасы – бұған дейін де кәсіптерін дөңгелетіп, заманға сай тірлік жасап келе жатқан әулет. Жұбайы Бибігүл ауылдағы дүкені мен тойханасы арқылы халыққа қызметін жасап отырса, техниканы меңгерген ұлдары да өз қызметін істеп, қарапайым көпшілік пен бірге еңбек етіп жүр. «Өзі ұстаның сөзі қысқа» дегендей, Дәулет – сөзі қысқа, көп сөзге жоқ, нақты істің адамы. Айқай-шусыз, ұрыс-керіссіз ұжымын заман талабына сай басқарып, елге жақсылығын жасап келеді. Ауыл ақсақалдарымен ақылдаса, әкімгершілікпен бірлесе, іс-жоспарларымен бөлісе отырып жұмысын жүргізуде. Қазақта «Батаменен ер, жауынменен жер көгерер» деген тәмсіл бар. Көпшіліктің көңілінен шығып, алғаусыз алғысын арқалап жүрген абзал азаматқа ауыл ақсақалдары атынан еңбегі жанып, еліне қызметін жасай берсін деп тілек білдіреміз.

Кенжетай Палмағанбетов,
Ақмая ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы


28 қаңтар 2020 ж. 393 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№34 (9198)

30 сәуір 2024 ж.

№33 (9197)

27 сәуір 2024 ж.

№32 (9196)

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031