Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Заманның құрметтісі еді

Заманның құрметтісі еді

Қай заманда да халыққа қалтқысыз қызмет көрсету, елдің сұранысын, мұң-мұқтажын, талап-тілегін қанағаттандыру кімді болса да зор қошеметке, елеулі сый-құрметке бөлеген, абырой биігіне көтерген.

Өткен ғасырда елге тұрмыстық, сауда, тағы да басқа қызмет көрсету мекемелері аз болмаған. Бүгінде бұлардың біразы таратылып кеткенімен, мұнда жұмыс істегендер ел есінде. Олар барлық саналы ғұмырын халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуге арнады, өз мамандығына деген сүйіспеншілік, еңбекшілер талабын қанағаттандыруға деген зор жауапкершілік, ынта-ықылас оларды биік абыройға жеткізді. Салада қол жеткізген мол табыстарымен бірге олар өз отбасында балаларын, ұжымда жастарды тәрбиелеуде де табыс биігінен көрінді. Ардақты ана, ақылшы-ұстаз, көреген жолбасшы, ұжым бастығы, сүйікті жар, сенімді серік, белсенді қоғам мүшесі де бола білді. Солардың бірі – Құлахметова Гүлжәмила Мырзабекқызы. Ол 1938 жылы 13 наурызда Шиелі кентінде теміржолшының отбасында дүниеге келді. Әкесі Мырзабек Құлахметов Шиелінің байырғы тұрғыны, теміржолшы, жастайынан еңбекке осы теміржолшы болып араласқан. Заманына қарай білім алған, Шиелі теміржол дистанциясында маман болып қызмет істеген. Қанды соғыстың өрті лаулап тұрған 1943 жылы әскер қатарына шақырылып, сол жылы майданға түскен. Қызыләскер-атқыш ретінде 1944 жылдың шілде айында майданда қаза тапқан. Біз әңгіме арқауына айналдырып отырған Гүлжәмила Мырзабекқызы осылайша әкеден жалғыз қалған.
Ол 1946 жылы аудан орталығындағы жалғыз қазақ орта мектебінің (қазіргі №45 «Ақ орда» мектеп-гииназиясы) бірінші сыныбына барып, оны 1956 жылы үздік аяқтайды. Тұрмыс жағдайына байланысты мектепті бітірісімен Шиелі аудандық тұтынушылар одағының (бүгінде аты да қалмаған) Ленин ауылдық тұтынушылар одағына (сельпо) есепшінің көмекшісі болып жұмысқа орналасқан. Жұмысқа деген ынтасы, алғырлығы, қызметіне аса жауапкершілікпен қарайтын мінезі оны ұжымында абыройлы етіп, басшылары оны 1958 жылы Алматыдағы Қарғалы сауда техникумына жібереді. Оқу орнын 1960 жылы бітіріп, елге оралып, сауда саласындағы алғашқы дипломды бухгалтер болды.
1961 жылдың қаңтарында өзімен бірге оқыған сыныптасы, Қызылорда педагогикалық институтының соңғы курс студентіне тұрмысқа шығып, отбасылы болады. Ол институт бітірген соң жолдамамен Ақмола облысы, Шортанды ауданына барып, өз мамандығымен 2 жыл жұмыс істеп, 1963 жылы елге оралады. Сол жылдан ­бастап Шиелі аудандық тұтынушылар одағына бухгалтер, аға бухгалтер, бас бухгалтердің орынбасары, аға экономист, әмбебап дүкеннің (райкоопунивермаг) директоры, 1967 жылдың 26 қарашасынан сауда және кооперация қызметкерлері кәсіподағының аудандық комитетінің төрайымы болып сайланып, осы қызметті 19 жыл абыроймен атқарады.
Қай салада істесе де адалдығымен, әділдігімен, қалтқысыз қызметімен, қиянатқа бармай, қоғам мүлкіне қол салмай, талан-таражға жол бермей, адамгершілік арын таза ұстап, ұжымның ғана емес, аудан тұрғындарының құрметіне бөленеді. Осы мінезі, адал еңбегі бағаланбай қалған емес. Ол бірнеше рет тұтынушылар одағының аудандық, облыстық басқармаларының «Құрмет» грамоталарымен, 1976, 1980 жылдары «Социалистік жарыстың жеңімпазы» төсбелгісімен, 1984 жылы «Кеңестік сауда үздігі» атағымен, «Еңбек ардагері» медалімен марапатталады.
Сауда қызметкерлері кәсіподағының XV-XVI-XVII Қызылорда облыстық конференцияларының, IX кәсіподақ республикалық съезінің, XXIII-XXV аудандық партия конференцияларының делегаты болып сайланған. Партия, кәсіподақ ұйымдарындағы ұзақ жылғы табысты қызметі оны кезінде аудан белсенділері арасында да танымал етіп, зор беделге ие қылды.
Гүлжәмила Мырзабекқызы мансабымен қоса отбасылық өмірін де қатар алып жүрген қазақтың қайсар қыздарының бірі еді. Ол сүйікті жар, ардақты ана, құрметті әже, ағайындарының ақылшысы, қамқоршысы да бола білді. Жұбайы партия-кеңес, халық ағарту саласының белгілі қызметкері, қазіргі дербес зейнеткер, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Рахим Мәуияұлымен 2 ұл, 2 қызды тәрбиелеп өсірді. Олардың барлығына жоғарғы білім алып берді, аяқтандырды. Бүгінде 8 немере сүйіп, солардың құрметіне бөленуде. Немерелерінің үшеуі жоғарғы оқу орнын бітіріп, алған мамандығы бойынша қызмет істеуде, қалғандары ЖОО студенттері.
Аудандағы экономика саласының дамуына өз қолтаңбасын қалдырған еңбек ардагері өткен жылдың желтоқсан айында сексен жасқа қараған шағында өмірден озды. Елге елеулі еңбек еткен ел анасының өзі өмірде болмағанымен, жасаған ізгі амалдары, игі істері жұрт жадынан өшпек емес.


Г.СӘБИТҚЫЗЫ


28 қаңтар 2020 ж. 507 0