Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еселі еңбек, толағай табыс

Еселі еңбек, толағай табыс

Қаңтар айының 15-не басталған аудан әкімінің есеп беру жиыны бейсенбі күні Сұлутөбе, Майлытоғай, Жаңатұрмыс елді мекендерінде жалғасты. Аудан әкімі Ә.Оразбекұлы және сала басшылары, аудандық мәслихат депутаттары, тиісті мекемелерден құрылған топ әуелі әйгілі Мұстафа Шоқай ауылы Сұлутөбеге табан тіреді.

Сырлы Сұлутөбе
Әдеттегідей алдымен ауыл әкімі К.Маматов өткен жылға шолу жасады. Сәйкесінше жаңа жылдағы ­жоспарларымен де бөлісті. Ауыл әкімінің сөзіне қарап аталған ауыл алтын құрсақты аналардың мекені ме деген ой түйдік. Себебі, мұнда «Алтын алқалы» 48 ана болса, «Күміс алқалы» 55 ана бар екен. Айта кетейік, бүгінгі таңда сұлутөбеліктердің саны үш мыңнан асады. Олардың арасында Ұлы Отан соғысында тылда еңбек еткен ардагерлер мен зейнеткерлердің қарасы қалың. «Ауылыңда қартың болса, жазылып қойған хатпен тең» демекші, сырлы Сұлутөбедегі ахуалдың тұрақтылығы осы көнекөз қариялардың арқасы деп бағамдадық.
Сұлутөбе ауылдық округіндегі тындырымды тірліктің бірі – ауыз су мәселесі. Екі-үш жылдың көлемінде күн тәртібінен түспей жүрген бұл мәселе 2019 жылы шешімін тапқан. Қазіргі таңда Жаназар батыр және 1 мамыр ауылдары ауыз сумен толық қамтылған. Сонымен қатар өткен жылы 1 мамыр ауылына жеке кәсіпкердің қолдауымен скважина қазылған. Ал Жаназар батыр ауылындағы Болашақ көшесі мен Сұлутөбе ауылындағы Сарышығанақ көшелеріне жай жөндеу жұмыстары жүргізілген. Осылайша К.Маматов атқарылған ауқымды тірліктерді бірінен соң бірін баяндады. Әлеуметтік, білім, мәдениет, ауыл шаруашылық, денсаулық салаларына жеке-жеке тоқталды.
Бұдан кейін мінбеге аудан әкімі Әшім Оразбекұлы көтеріліп, аудан бойынша шешімін тапқан мәселелерді, жаңадан пайдалануға берілген нысандарды таныстырды. Баяндама барысында өзге ауылдық округтердің жаңалығымен де бөлісті. Одан кейін көпшілікті ашық диалогқа шақырып, ауыл тұрғындарының көкейкесті сұрақтарын тыңдады.
Сұлутөбедегі өткен жылғы жиналыста зейнеткер Е.Жұмаділов ауылдағы ескі мектеп ғимаратын жөндеуден өткізіп, сол жерден әуез мектебі ашылса екен деген ойын ортаға тастаған болатын. Биыл да сол мәселе бойынша ауыл ақсақалы пікірін білдірді. Бұған қатысты аудан әкімі Ә.Оразбекұлы ауыл әкімі және білім бөлімінің басшысына жөндеу жұмыстарына қатысты құжаттарды әзірлеп, ұсыныспен келуді жүктеді.
Е.Жұмаділов айтқан келесі мәселе «Думан-Шиелі» сауықтыру орталығына бағытталды. Ол аталған орталыққа ауылдан қатынау қиын екенін жеткізді. Бұл сауалға аудан басшысы: «Қазіргі таңда «Думан-Шиелі» орталығы күндізгі бөлімде жұмыс істейді. Келешекте 24 сағат жұмыс істеу мүмкіндігін қарастырудамыз. Бәлки ардагерлер 10-15 күн демалуға баратын болар. Сауықтыру орталығына өз ұсынысымызды айтамыз» деп жауап берді.
Былтырғы жылы бір төбе шаруа бітірген сұлутөбеліктердің алдағы уақытта атқаратын жұмыстары аз емес. Ауыл әкімі келешекте елді мекенде жылыжай салып, көркейту-көгалдандыруға ден қоймақшы. Сонымен бірге ауыл ішінде монша салу, Бақтыбай-Көксу каналдарын қазу, спорт кешенін салу сынды жұмыстар да биыл іске аспақ.

Майлытоғайдағы мәселе
Есеп беру жиыны Сұлутөбеден кейін өнегесі мол Майлытоғайда жалғасты. Мұндағы жұрт клубқа әу бастан жиналып, әкімдердің есебін тыңдауға әзір екен. Сондықтан ауыл әкімі Қ.Асанов есепті лезде бастап кетті. Бүгінде майлытоғайлықтар кәсібінің көкжиегін кеңейтіп отыр. Мұны біз бейсенбі күнгі есептен аңғардық. Атап айтар болсақ, Майлытоғай елді мекенінде Бексұлтан Тәттібаев мал шаруашылығымен айналысса, Ажаркүл ­Ерсайын наубайхана ашып, ауыл халқын нан өнімдерімен қамтамасыз етуде. Айта кетейік, ауыл кәсіпкерлері «Бизнестің жол картасы – 2020» және бизнесті дамыту бағдарламалары бойынша жобаларын іске асырған.
Ауыл әкімінің есебінен тағы бір байқағанымыз, Майлытоғай ауылдық округінде ауыл шаруашылық саласы да қарқынды дамуда. Сондай-ақ бұл ауылда ауыз су және аяқ су толық қамтылған екен. Тағы бір қуантарлық жайт, майлытоғайлықтардың өткен жылғы айтқан мәселесі жауапсыз қалмапты. Ол ауылға кіретін 3 км тас жолға күрделі жөндеу жұмысын жүргізу болатын. Бұл жөндеу 2019 жылы басталып, қазіргі таңда 1,5 км жолы әлі аяқталмады. Міне, осы жолдың жөндеуін аяқтау да биылғы жылдың басты жоспарында. Демек жақын арада майлытоғайлықтар жол азабын тартпайтын болады. Алайда, майлытоғайлықтар әзір клуб үйіне кірмейтін секілді. Бұл мәселе өткен жылғы есеп беру жиынында айтылған еді. Биыл тағы ауыл әкімі өз жоспарында бар екенін тілге тиек етті. Бірақ нақты қай уақытта Майлытоғайда мәдениет үйі болатыны туралы жақ ашпады. Есесіне аудан әкімі Ә.Оразбекұлы: «Қазіргі таңда мемлекет тарапынан белгіленген кестеге сәйкес тізімде бар. Бірақ кейінгі уақытта клуб үйінің құрылыстары тоқтап тұр. Негізі мұны мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында жүргізуге болады. Биыл ауданда екі клуб осы бағыт бойынша салынады. Сондай кәсіпкерлер болса, осыны ұсынып, әрмен қарай өзара келісуге болады», – деп ұсыныс тастады.
Есеп беру жиынында тұрғындар есімі рудың атына телінген әрі батыр, әрі датқа, әрі би атанған Әжібай Қарпықұлының атымен ауылды атауын сұрады. Бұған қатысты аудан әкімі
– Биылғы жылы халық санағы өтеді, соған байланысты атау берудің барлығы тоқтайды. Өйткені, көшенің барлығы қазіргі атауымен базаға еніп кетті. Ономастикалық комиссия халық санағы біткенге дейін бұл мәселені қарай алмайды. Бірақ сіздер құжаттарыңызды әзірлеңіздер, келесі жылы ұсынысты қайтадан берейік, – деді.
Бұдан бөлек жиында жастардың өтініші де тыңдалды. Көптің ішінен суырылып шыққан ауыл тұрғыны ауданда тағы бір халыққа қызмет көрсету орталығы ашылса екен деген ойын білдірді және №141 Қапан Сәбиров атындағы орта мектепке арнайы музей ашуды ұсынды. Аудан әкімі болса алдағы уақытта ХҚКО ғимаратының жаңа құрылысы жоспарда бар екенін айтты. Ал екінші ұсыныс бойынша мектептің бір кабинетін музей қылуды құптады. Сондай-ақ айтылған мәселелер алдағы уақыттағы жоспарға енгізілетін болады.
Жаңатұрмыстағы жиын
Жаңатұрмыстағы өткен жылғы жиналыста жұртшылық Шиелі-Байсын бағытындағы жол астынан өтетін құбырды жөндеу мәселесін айтқан болатын. Бұл 2019 жылы іске асқан еді. Сондай-ақ Жаңатұрмыста жарық мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Биылғы есеп беру жиынында Шиелі аудандық торабының басшысы Нұржан Күздеубаев Жаңатұрмыста наурыз айынан бастап электр желісі жаңартылатынын мәлімдеді. Ал ауыл әкімі М.Қазыбай алдағы уақытта шағын және орта кәсіпкерлікті қолға алмақшы. Сондай-ақ спорт кешенін салу, ауылды көгалдандырып-көркейту де жаңа жылда атқарылатын жұмыстардың қатарында.
Жалпы Жаңатұрмыстағы жиынға жиналған қауым оң бағасын берді. Ақсақалдар ақ батасын беріп, ауданнан келген меймандарды ерекше ықыласпен шығарып салды.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА


28 қаңтар 2020 ж. 486 0