Шежірелі Шиелі
Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруды басты мақсат еткені белгілі. Бұл мақала – қоғам дамуына тың серпін беріп, барша қазақстандықтардың жаппай қолдауына ие болар тарихи бастама. Бұл игі бастаманы ел ішінде лайықты жүзеге асыру – баршамыздың міндетіміз.
«Туған жер» бағдарламасы қазақ тарихы шежіресінен орын алатын, талай тарихтың ізі болған жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіру бастамасын да қолға алуды ұсынады. Осы бағдарламалық мақала аясында ұлттық тарихымызды, мәдениетімізді түгендеуге, оның аумағын кеңейтуге, рухани болмысымызды бүтіндеп шегелеуге бағытталған игі шаралар атқарылып келеді.
Мақалада қозғалған өлкетану ісін дамыту мәселесін Шиелі индустриалды-аграрлық колледж мұғалімдері толық қолдайды. «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде өлкетану ісін жетілдіру, жастарға патриоттық тәрбие беру, жергілікті жеріміздегі тарихи жерлерді зерттеу мақсатында тарих пәні оқытушылары мен білім алушылар бірлескен топ құрған болатынбыз. Зерттеу тобы Бала би, Жөлек, Бестам ауылындағы тарихи жерлер «Нәнсай қалашығы», «Бестам қаласы», «Мортық бекіністі мекені», «Ноғай қорғаны», «Жер асты жолдары», «Хан базарын» зерттеді.
Бала би ауылындағы тарихи жерлерге жүргізілген зерттеу тобы мәлімет іздеу мақсатында «Талаптан» ауылдық округі әкімінің аппараты маманы Н.Оспановпен, №50 Абай атындағы орта мектептің басшысымен, тарих пәні оқытушылары К.Сейтжаппарова, Ш.Омаровпен сұхбаттасты. Сонымен қатар Бала би ауылында дүниеге келіп, өсіп-өнген жергілікті ауыл тұрғыны, көнекөз қария Ж.Жұмабаевамен әңгіме өрбіткен едік. Зерттеу нәтижесі бойынша төмендегідей мәлімет жиналды.
Шиелі ауданы, Бала би ауылынан солтүстік-батысқа қарай 26 шақырым жерде орналасқан ертедегі Нәнсай қаласы Оңтүстік Қазақстан мәдениеттері жүйесіне жатады. Оның археологиялық зерттелуі Кеңес дәуірінде А.Бернштам (1947-1956 жж) және А.Марғұлан басқарған археологиялық ескерткіштерден бастау алады. Х-ХІ ғасырларда Нәнсайдың сол жағалауында Бестам секілді қала болған екен. Бұл қаланың басты ерекшелігі: бұл жерде үш зауыттың орны анықталған. Бірі темір қорытатын, екіншісі кірпіш күйдіретін пеші бар зауыт, ал үшіншісі керамика-сыр зауыты делінеді. Кейбір болжамшылар зауыт санын 7-ге жеткізеді. Бестамдағы құрылыс қалдықтары арасынан әк-балшықты бор мен ақ шақпақ (кварц) тасты диірменде майдалап қосу арқылы алған деген деректер кездеседі. Бестам қаласының өз заманында ірі мәдениет және өнеркәсіп орталық болғандығына ой жетектейтін дәлелдемелер ізденген жанды қызықтыра түсетіндігі сөзсіз.
Орта ғасыр дәуіріне жататын Мортық бекіністі мекені рабаттар ескерткіштер жүйесімен жалғасқан. С.Волиннің дерегі бойынша рабат «қорғанысты мекен» дегенді білдіреді. Тарихшылардың айтуынша, жер асты жолдары кезінде Сыр өңіріндегі ескі қалалардың көбісінде болған делінеді. Жергілікті тұрғындардың ішінде аталған үңгірмен жүріп өткендер де бар екен. Олар бірнеше шақырым жүріп, Қаратаудың биіктеу бөлігінен бірақ шыққан. Елдің аузында айтылатын әңгімелерге сүйенсек, осы жер асты жолдары арқылы Түркістан, Сауран, Шолаққорған және өзге де көне елді мекендермен байланыс жасалған екен. Шамамен жер асты үңгірі Шиелі ауданы аумағындағы Еңбекші, Қосүйеңкі ауылдарынан асып, Тақиятөбеден оңтүстік-шығысқа бұрылған маңда тұр. Ел аузындағы мәлімет бойынша үңгірдің тереңдігі шамамен бес метрге дейін екен. Үңгірдің қабырғасы ойықтармен ойылған. Бұл жер асты өткеліне ауа жеткізетін вентиляциялық ойық. Дәліз бойымен 150 метрдей жерде тағы сондай ойық кездеседі. Көне құрылысшылар бұл саңылауларды тастардың арасынан өріп шығарған. Сондықтан жер бетінде жүрген кісі бұл ойық-тесіктерді байқамайды екен. Ұзыннан ұзаққа созылып жатқан үңгірдің бойында әр жүз қадам сайын ойық бөлмелер бар екен. Елді мекенді жау келіп қоршағанда халық осы жер асты өткелімен қауіпсіз жерге шығып кеткен. Кішкентай сәбилер жылап, мал-мүліктің мазасыздануы мүмкін. Азан-қазан дабырды жоғарыдағы жау естіп қоймасы үшін әлгіндей дыбыс жұтатын вакуумді ойықтар соғылған. Ішкі дәлізге ат жетектеген адам еркін жүре алады. Үңгірдің ұзындығы шамамен 4-5 шақырымдай. Осы жолдармен көне қалалар соғыс жағдайында бір-біріне көмек берген, босқындарды қабыл алған. Мұны академик Әлкей Марғұланның да еңбектері растайды.
«Ноғайқорған» жергілікті халықтың берген мәліметі бойынша саудагерлікпен айналысқан ноғайлар Бала би ауылы шетіне орналасып, келіп қорған жасап, зауыт салған. Теріден, жүннен әртүрлі тұрмыстық заттар, киімдер жасаған. Сондай-ақ Жөлек тоғыз жолдың торабында орналасқан бекініс болғандығы дәлелденген. Ұлы Жібек жолының бойындағы үлкен базардың бірі «Хан базары» Жөлекте орналасқан екен, сондықтан әкімшілік орталық та осы жерде болған. Жөлек арқылы Қытайға және Орталық Азияға дейін алып баратын сауда керуен жолы өткен. «Хан базарындағы» сауда-саттық бейнеленген көне фотосуреттер Ташкент мұрағаттарында осы күнге дейін сақталып тұр. Жол иегінде керуен сарайы болған. Мұнда Абылай әскері мен Кенесары әскері келген. Жөлек ауылының ақсақалы Әділхан қажымен білім алушылар барып сұхбаттасқанда, Жөлек базарында саудамен айналысқан ата-бабалары жайлы мәліметтер берді. «Әкемнің әкесі Досан ірі саудагер болып, яғни ірі қара мал, мал өнімдерін Ресей елінің Самара қаласындағы базарда саудалап, ол жақтан азық-түлік, қант-шай, мата түрлеріне айырбастайтын болған. Жөлек базарында осы атамның екі лавкасы (дүкені) болған. Оның біреуінде азық-түлік, қант-шәй сатылса, екіншісінде кездеме мата тауарлары сатылған. Ел ішінде атамызды «Қазынашай Досан» деп атаған екен. «Жөлек» жәрмеңкесінде даулы мәселелер шешіліп, бірнеше күнге созылатын түрлі ойын-сауықтар да өткізілген», – дейді ол.
Туған жер тарихын осылай зерделей түссек, келешек ұрпақтың туған жеріне деген ыстық сағынышы, мәңгі толастамайтын сүйіспеншілігі арта түсер еді. Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі.
Қ.Издина