Мәңгілік елдің мақсаты айқын
Жуырда Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын негізге ала отырып, Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінде «Рухани жаңғыру – мәңгілік елге апарар басты жол» атты ғылыми-танымдық кездесу өтті. Аталған шараны тарих пәнінің оқытушылары Қ.Издина мен Г.Жүнісбекова ұйымдастырды.
Ғылыми-танымдық кездесуді колледж директоры М.Дүйсенов ашып, келген қонақтармен таныстырып өтті. «Nur Otan» Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары П.Маханбет, аудандық сот төрағасы М.Күздеубаев, аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Б.Әбуов, аудандық ішкі саясат бөлімінің мамандары Д.Марданаев, Н.Сапарбаев және колледждің ардагер ұстаздары қатысқан кездесу мазмұнды да мәнді өтті. Келген қонақтар өздерінің құнды пікірімен бөлісіп, ұсынысын айтты. Алдағы уақытта да бағдарламалық мақалада келтірілген міндеттерді жүзеге асыру үшін осындай шаралар жалғасын табатынын жеткізді.
Кеш соңында «Аспаз» және «Фермер» мамандықтары үшін өндірістік оқу тәжірибеде машықтанудан өту мақсатында ашылған сауын орны мен көлемі 150 шаршы метр болатын жылыжай нысандарының тұсаукесері өтті. Нысандардың ашылу рәсіміне қатысқан аудандық сот төрағасы М.Күздеубаев, колледж ардагерлері Ә.Әбсаттаров, Қ.Полатов колледждің осындай игі істері үшін ыстық ықыласы мен жылы лебізін білдірді. Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында колледжішілік зерттеу тобының аудан көлеміндегі тарихи ескерткіштер мен көне орындар, ел жадынан ұмыт бола бастаған тұлғалар туралы жинақтаған тың мәліметтері зерделеніп, қорытындыланды.
Г.Дүйсебай