Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазыналы туған жер

Қазыналы туған жер

Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ұлтымыздың тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтап қана қоймай, бүгінгі таңда оны қайта жаңғырту, тарихи-мәдени мұралардың маңыздылығын арттырып, оларды сақтау мен қорғауды өскелең ұрпақ санасына сіңіру жолында жұмыла еңбек етуіміз қажеттігін атап көрсетті. Н.Назарбаев рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөліне баса назар аударып, бірнеше міндеттерді айқындап берді. Ол аталған мақаладан жаңаша бастау алатын «Туған елге» ұласатын «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынып отыр. Әрбір азаматты өзінің туған жерінің гүлденуі үшін үлес қосуға үндейді.

Мақалада қозғалған өлкетану ісін дамыту мәселесін Шиелі индустриалды-аграрлық колледж мұғалімдері толық қолдайды. Жастар өз Отанын сүюді өскен өлкесінен ­бастауы керек. «Туған жер» бағдарламасы шеңберінде өлкетану ісін жетілдіру, жастарға патриоттық тәрбие беру, жергілікті жердегі тарихи жерлерді зерттеу мақсатында тарих пәні оқытушылары мен білім алушыларынан зерттеу тобы құрылды. Зерттеу тобы Ақмая, Ортақшыл ауылындағы тарихи жерлер Ақмая көлі туралы аңыз, Қызылтам қорғаны, Ақтөбе қалашығы тарихынымен танысты. Зерттеу әдісі жергілікті көне көз қариялармен сұхбат, ғылыми еңбектерден ізденіп, талдау түрінде жүргізілді.
Сыр өңірі – құпиясын ішіне бүккен көне қалалар, тарихи жерлер мен мәдени ескерткіштерге бай өлке. Ақмая ауылының шығыс жақ бетінде Ақмая көлі бар. Осы көл туралы түрлі аңыздар айтылады. Көл туралы аңыздарды білу мақсатында зерттеулер жүргізілді. Яғни «Ақмая» көлі атауының шығу тарихын сұрастырғанда, сол ауылдың тұрғыны Жанғали Сағындықов қарияның айтуынша, 1937-1938 жылы жер аударылған кәрістер келіп, жаппай күріш еге бастаған соң, сол ойпат жер көлге айналған. Ел аузындағы аңызға сүйенсек, көлдің бұрынғы орнында қарүй тігіліп, жазда жайлау ретінде халық мекендеген. Көлдің бұрынғы түбі тегіс, біраз жері көгал, қамыс, шөп біткен. Айнала он үйге дейін қараша үйлер тігіліп, бір ауыл болып отырған, мал ұстаған делінеді. Осы қарүйлердің арасында бір ақ түйе жайылып жүреді екен. Түйенің бұл түрі мая деп аталған. Мая түйесі Сыр бойында бірен-сараңы ғана кездеседі. Мая түйесі көбінесе араб елдерінде көп болады, оны көлік ретінде пайдаланады. Денесі шағын болғанымен, құмда тез әрі жайлы жүретін болған. Кейін осы жерде көл пайда болып, ақ түйенің атауына байланысты, көл мен ауыл да «Ақмая» атанып кеткен көрінеді.
Сонымен қатар Ортақшыл ауылының шетінде «Қызылтам» қорғаны орналасқан. «Қызылтам» үстінде бір аттылы адам жүре алатындай кесек қабырғалары бар қорған. «Қабырғаларының қалыңдығы – 3 м, биіктігі – 4-5 м, жалпы аумағы – 70х70 м. Төртбұрышты болып келген қабырғасының кейбір жерлері бұзылған. Бұл жерде ешқандай қазып тазалау және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмеген. Қалашық кезінде қалмақ ханы Тоқбураның ордасы болған екен. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезінде бұл бекініс қалмақ қонтайшысы Үнжінің қол астында болды. Ол Шиелі өзенінің жанынан Қызылтам қамалын салуды бұйырады және онда өзі тұрған. Қызылтам мен Ақтөбені байланыстырып тұрған жер асты жолы бар деген сыбыс бар. Он жыл бұрын жергілікті бағбандар осы жермен бау-бақшаға су жіберген. Жол-жөнекей су бір шұңқырға құйылған. Нәтижесінде ол шұңқыр тереңдей түскен. Сол кезде бағбандар суды тоқтатып, шұңқырдың айналасынан күйдірілген кірпіштен қаланған туннельді көреді. Осы оқиғадан кейін ешкім туннельді зерттемеген деген мәліметтерді де кезіктірдік.
Шиелі ауданындағы Жансейіт ауылынан оңтүстік-батысқа 8 шақырым жерде Ақтөбе қалашығы (VІІІ-ХІІІ ғ.ғ.) орналасқан. Қалашық екі бөліктен тұрады: шахристан және цитадель. Шахристанның көлемі 170х150 м, биіктігі 1,5-3 м, қабырғалары тараптарға бағытталған. Төбенің ортасында үштаған ағаш белгі тұр. Төбеден көп құмыра сынықтары, тастан қашалған диірмен сынығы табылған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл төбеге ашаршылық кезінде қайтыс болған адамдар жерленген. Адам сүйектерін қазып көргендер де бар екен. Төбенің жанынан суы бар үлкен арық өткен. Осы сынды ақпараттарға қаныққан зерттеушілер туған жердің тарихын тереңнен біліп қайтты.
Қазіргі таңда жас ұрпақты ата-бабадан қалған аманат, ғасырлар куәсі болған ескерткіштерді қорғаумен қатар, олардың тарихын тереңнен білуге, құрметтеуге тәрбиелеу жалпыға ортақ міндет екені рас. Ұшы-қиыры жоқ ұлы даланың сай-саласын, тау-тасын, бетегелі биік белесін дүбірлеген ат тұяғымен басып, батыр да, патша да, қара халық та өткен қазақ жері – тұнған тарих, тұңғиық шежіре, асыл қазына. Елді мекендердегі ескерткіштер – әрбір елдің тарихы мен өткенінен сыр шертер халықтың ұлттық байлығы ғана емес, сол елдің өткені мен бүгінін саралауға мүмкіндік беретін маңызды белгі.
Қорыта айтқанда, туған өлкенің, жергілікті жердің, тіпті аймақтың өз ерекшелігін, табиғатын, тарихын зерттеп, осы салада қызмет ететін барлық ұйымдар мен мекемелермен ынтымақтаса отырып, жүйелі жұмыс жүргізілсе, өлке тарихына тың серпін берері сөзсіз.

Г.Жүнісбекова,
Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінің
тарих пәнінің оқытушысы


18 қаңтар 2020 ж. 1 288 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930