Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тарихи орынға саяхат

Тарихи орынға саяхат


Сәрсенбі күні Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында аудандық тарихи-өлкетану музейі мен аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен кенттегі №219 Ы.Алтынсарин және №46 А.С.Пушкин атындағы мектеп оқушылары тарихи орындарға саяхатқа шықты.

Өскелең ұрпаққа «Туған жер» деген киелі де қасиетті ұғымның мән-мағынасы мектеп табалдырығынан бастап үйретудің маңызы зор. «Тарихын білмеген елдің болашағы да бұлыңғыр болады», – деп Н.Назарбаев айтқандай туған өлкесінің тарихын, әдет-ғұрпы мен мәдениетін, салт-дәстүрін білмеген ұрпақ туған жердің қадірін түсіне алмайды. Ал, қадірін түсінбеген азаматтың жүрегі «елім» деп соқпайды. Елін ойламаған азаматтың туған жеріне қызмет ете алмасы анық.
Сондықтан, ұйымдастырылған бұл саяхаттың жастардың өмірінде алар орны ерекше. «ҚазАтом өнеркәсіп» ҰАҚ қарасты РУ-6 ЖШС мекемесінің көліктерімен қамтамасыз етсе, аудандық ішкі істер бөлімінің жол қауіпсіздігін қадағалаумен болды. Екі жүзге жуық оқушы екіге бөлінді. Түс ауасына дейін бірінші топ аралап келсе, екіншісі жұмыс уақыты аяқталамын дегенше ауданға жетті. Олар бірінші кезекте ауданның батыс беткейінде орналасқан «Оқшы ата» мазаратында болды. Мұнда аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Б.Әбуов оқушыларға мазаратта жерленген жеті әулиенің тарихымен таныстырып, аңыз әңгімелерге тоқталып өтті.
Оқушылар мінген көліктің келесі аялдамасы ортағасырлық «Сығанақ» қалашығы болды. Жеткіншектер ескі қаланың тарихымен танысып, құмыра сынықтарына таңырқап тамашалады. Ал, музей директоры Ө.Төребай: «Оқушылар арасында алғаш ұйымдастырылып отырған саяхат алдағы уақытта жалғасын табатынын және Ұлыстың ұлы күні мерекесіне орай 20-шы наурыз күні тарихи-өлкетану музейінде ашық есік күні болып, тұрғындарды музей залын тамашалауға шақыратынын атап өтті. Себебі, ауданның әрбір азаматы туған өлкесінің тарихын білуі керек», – деп сөзін қорытындылады.

Е.Даткенов.
16 наурыз 2019 ж. 1 715 0