Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сенаторлар ауылдарды аралады

Сенаторлар ауылдарды аралады

Бейсенбі күні ауданға сенат депутаттары Б.Еламанов пен М.Бақтиярұлы арнайы жұмыс сапармен келді. Меймандардың Шиеліге атбасын бұруы да бекер емес. Мақсаты – қаңтардың бірінен бастап күшіне еніп, ­Конституциямен бекітілген жаңа заңды бұқараға таныстырып, мұндағы ел-халықтың тұрмысын көзбен көріп, ашық сұқбат құрып, пікірлесу.

Жоғары палата өкілдерін аудандық мәслихат хатшысы Б.Сыздық пен аудан әкімінің орынбасары Т.Жағыппаров күтіп алып, орталықтан шетқары орналасқан Бәйгеқұм, Жөлек, Бала би ауылдарына барды. Депутаттар Бәйгеқұм ауылдық ауруханасы мен №251 М.Әуезов атындағы білім беру мекемесіне бас сұқты. Мұнда мұғалімдермен кездесіп, жаңадан қабылданған «Мұғалім мәртебесін көтеру» туралы заңды толық тәпсірлеп, ұғынықты етіп баяндап берді. Өз кезегінде ұстаздар да депутаттарға көкейде жүрген сауалын жолдап, ұсыныс-тілегін жеткізді.
Келесі кездесу Жөлектегі ауылдық мәдениет үйінде жалғасты. Аудан әкімінің орынбасары Т.Жағыпбаров ауыл халқына қонақтарды таныстырғаннан кейін сөз тізгінін сенат депутаты Б.Еламанов алды. Сенатор Ата заңдағы ішімдік ішіп, көлік тізгіндеу мен мал ұрлығына қатысты қабылданған баптарға ерекше тоқталып өтті. Сонымен қатар 2020 жылдан бастап жұмыс істеп жатқан медициналық сақтандыру жайлы кеңінен әңгіме өрбітті. Осы тұста айта кеткеніміз жөн болар, бізде МӘМС-тің мәнісін түсінбейтіндер көп-ақ. Оларға әлі де болса түсіндірме жұмысының жеткіліксіз екенін жиын барысында байқап қалдық.
Күн сәскеде шыққан сапарымыздың соңғы кездесуі Бала би ауылында өтті. «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы қария сәлем береді» дегендей Алашқа ақыл айтып, жоғары палатада жүрген азаматтармен дидарласуға ауыл тұрғындары тайлы-тұяғымен ауыл мектебіне жиналыпты. Туған ауылына табаны тиіп, ауылдастарымен кездескен сенатор М.Бақтиярұлы тұрғындармен емен-жарқын әңгіме айтып, баяндама оқыды. Сондай-ақ ауыл халқын маңдай терін төгіп еңбек етіп, кәсіп ашуға шақырды.

Елдос Айтөреұлы


11 қаңтар 2020 ж. 508 0