Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Сабырлылық – несібенің өзегі

Сабырлылық – несібенің өзегі

Қазақтың әйелдеріндей төзімді, иманы берік әйелдер жоқ. Әйел – ол ана, жар, қамқоршы, отбасының берекесі. Анаға жетер ешкім жоқ. Тағдырдың ауыр сынағынан да, өмірдің қиын асуларынан да, өткелдерінен де өткен, бойындағы құдіретті қуатымен ер азаматтардан кем түспеген халық. Балаға берген қайнамайтын, піспейтін, дәрежесі түспейтін, мал болып сойылмайтын, дәм болып дастарқанға қойылмайтын қасиетті бір тамшы ақ сүтінің өзі неге тұрады?!

Арыға бармай-ақ қазақтың ұлы ақыны Абайды бірі сүтімен, екіншісі ұлттық тәрбиенің негізін беріп өсірген қос ана Ұлжан мен Зере емес пе әлемге танытқан? Қаһарман Бауыржан Момышұлының келіні Зейнептің келіндер жайлы айтылған ұлағатты сөздері, кешегі бір қолына кетпені, бір қолына сәбиін құшақтап, белдерінен батпақ кешіп, ел ырысын жинаған Шырынкүл, Зәкира, Ұлбала, Жадыра апаларымыздың ұрпақ тәрбиесіндегі ерлігінің орны төрде.
Қазақ халқы не көрмеді? Аттың жалы, түйенің қомында көшіп-қонып жүріп-ақ, жүгірген аң, ұшқан құс түгілі жер бетіндегі тірі жәндікке дейін қалмай аштан бұралып о дүниелік болғандардың бетін жабуға шамасы келмеген шақта да, қала берді атпал азаматтарды қуғын-сүргінге ұшыратып, жазықсыз жапан далада атып тастаған қатыгез кездерде де, ат кермеде, ер жігіт түрмеде шіріген заманда да, 20 млн-нан астам қыршындарды баудай жапырған сұрапыл соғыстың кезінде де аналар мойымай, ұрпағын дүниеге әкеліп, ешкімге қол жаймай, аман сақтап, жеткізгендерін тарихтан кім сызып тастай алады?
Бұлар біздің өткен тарихымыз. Ал бүгінгі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда әуелі Алланың, сонан соң ел басқарған ер азаматтардың тартқан сыйын құрметтеу, қадіріне жете білу нәзік жандардың үлесіне тиесілі екенін ұмытпаған жөн. Еркіндік берілді. Қалай табыс табасың? Мемлекет бермесе, алмайды. Анаға, балаға деген қамқорлық жасалуда, 10-13 баланы да өмірге әкеліп, біздің батыр аналарымыз кімге міндет етті? Өткенге бұрыла тұрып, жасалып жатқан қамқорлыққа шүкіршілік етейік. Қанағат тұтсақ, алдымызда бұдан да жақсы күндердің болары хақ.
«Қай істің өнуіне де үш шарт керек. Ең әуелі ниет керек. Одан соң күш керек, содан кейін тәртіп керек» деп бекер айтпаған жазушы Мұхтар Әуезов. Осы үш шартта біздің алтын құрсақ аналарымыздың бойындағы қасиеттер. Десек те көпке топырақ шашудан аулақпын. Бәрін түсіне, біле тұра Үкіметке иек арта, берген үстіне бере түссе деген қысқа оймен билік басында отырған азаматтардың жұмыс істеуіне кедергі жасайтын әрекеттер аракідік қылаң бере бастады. «Сабыр түбі – сары алтын», қазіргі жасалып жатқан қамқорлық бастамасы. Бірте-бірте жағдай бұдан да жақсара түсетіні анық. Билік басына кім келсе де заң аясында жұмыс істейді. Сондықтан әрбір басқан қадамымызға әрбір айтқан сөзіміздің шынайылығын сақтай отырып, көзсіз айғай-шуға берілмей, өз орнымызды біле жүрсек. «Жаратушы тұрғанда жаратылғаннан не сұрайсың?» деген ұлы ақын Абайдың сөзі осыған сая­­ды. Іліктен шілік шығарып, істің байыбына бармай, заңдылықтарды сақтамай, жазықсыз жандардың жанын жаралай бергенді жаратушы да қолдай қоймас. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әл-ауқатын көтеру үшін Үкіметке көп тапсырмалар беріп жатыр. Күнделікті ақпараттардан естіп, оқып отырмыз. Сондықтан ізеті мен ибаны тұмар еткен келіндер әлемнің жарығын, даланың бар гүлін жинаған айбарлы аналар ең бірінші азаматтарымызды, олардың жасап жатқан еңбегін бағалайық. Ұлттық санамызды, дәстүрімізді биік ұстай білейік.
«Үйге әйел кірсе, жарық әкеледі. Еркек кірсе, жылу әкеледі. Ал бала кірсе, бақыт әкеледі» дегендей, бүгінгі бала ертеңгі дана аналар екенін ұмытпайық. Әрқашан үйіміз жарық, көңіл пейіліміз кең, менің анам нағыз адамзаттың асылы, ең жақсы адам болған деп мақтанатындай, әкемнің әкелген жылуы әлемді жылытқандай деп үлгі тұтатындай, бақыттың базарында сайран салатындай жандар болуды ұрпағымызға нәсіп етсін.

Айжамал Әбдіхамитқызы


07 қаңтар 2020 ж. 494 0