Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дәстүрді қолдағаның, әдептен озбағаның

Дәстүрді қолдағаның, әдептен озбағаның



Десекте жаңа өмір, жаңа заман,
Жақсы ғой бірін-бірі бағалаған.
Түйсіксіз тайлақтардан сақта құдай,
Тайраңдап алды-артына қарамаған
Мұқағали Мақатаев

Әлемде анаға жетер жан жоқ. Адамзаттың күш-қуатының негізі болған Алланың үлкен сыйына ие болған адамзаттың асылы, табиғаттың жасылы ұрпақтарды дүниеге әкелген әйел затына көрсетілер құрметтің шегі жоқ. Бойында отқа күймейтін, суға батпайтын төзімділігі темірдей, түзде ерінің үйдегі ата-ене, бала-шағаның қамын ойлаған, иманына мықты, жүрегі мейірім шапағатқа толы, шаңырақты шайқалтпаған әйелдерді неге құрметтемеске.
Осы орайда, ауданның айнасы «Өскен өңір» газетінде Нұрлан қажы Байжігітұлының «Киелі халық» деген әйел қауымы жайлы мақаласының мәні тереңде жатқанын ұғындыра білген еді. Мұхаммед пайғамбарымыздан бастап, сонау дәуірдегі хандар, патшалар құрған замандағы әйелге деген құрметтің ерекше көрсетілгенін, ол әйелдердің де соған лайық екені бүгінгіні таразылай отырып жеткізді. Қазіргі қазақ әйелдері де сондай құрметке лайықты екенін әдемі көрсете білді.
Қоғам алға жылжуда шаңырақтың ғана шамын жақпай, елдің де өсіп-өркендеп дамуына ер азаматтармен қатар жүре ел жүгін арқалаған кешегі Шырынкүл, Закира, Ұлбала, Пернеш, Сартай, Жадыра сынды аналарымыз көпке үлгі. Тоқсаннан ассада жадын жоғалтпаған ауданның бибіпатымасы Ұлман, ұстаз Бақыт Жанаева мен Гүлжан Жәукебаеваны айтуға болады. Он үш жасынан сиырдың желінінен сүтті селдей ағызған бірнеше ордендерді кеудесіне жарқырата таққан Рая Бердешова, солардың сіңлілері Шиелі ауданының құрметті азаматы Назира Парманқұлова, әйелдердің мүддесін қорғап алғыс арқалаған Шәмшәт Оразымбетова, Шиелінің ерке қызы атанған Нәйлә Палымбетова, Нұр Отанның аудандағы туын биік көтерген Патыма Мақанбеттер қоғамға қызмет етуде іскерлік, ептілік танытқан мақтан тұтар жандар, ер аналар десе артық емес.
Әйел жаны қандай нәзік болса, соншалықты қуатты, тағдырына қуана білетін, кешегі бір үзім нанға зар болған сұрапыл соғыс дәуірінде мойымай, ар-ұятты биікке қойып салт-дәстүрімізді сақтап қалған. Бірақ, деп күмілжитін, жерге қарап ренжитін сәттеріміз де бар. Әйелдердің көпшілігі күн көріс қамымен саудаға шықты. Оларды да түсінуге болады. Қолынан келген шаруаны жасау күн көрістің кейіпі. Қандай кәсіппен айналыссаңда еркіндік, жол ашық. Сол еркіндікті кімдер қалай түсінеді.
Көпке топырақ шашудан аулақпын. Дегенмен, заң біз жағында, сөйлеу еркіндігі бар деп ер азаматтардан аттап, қалай болса солай айқай салып, шу шығаруды ерлік көретіндер де арамызда бой көрсетіп жүр. Мұң-мұқтажын, ойын, талап тілегін тиісті жерлерде сөйлеу мәдениетін сақтай отырып жеткізсе, тыңдамайтын жан болмайды. Әр нәрсенің орны бар. Қай кезде қазақтың әйелдері ер азаматтың алдын кесіп, беттен алып, дәстүрімізге көлеңке түсіріп еді? Көзсіз, негізсіз айқайдың абырой әпермейтіні қақ. Сондықтан, бірімізді ана, бірімізді аяулы апа-қарындас, бірімізді ұрпағымыздың аналары келін деп алақандарында аялап жүрген, ел тізгінін ұстаған азаматтарымызға түсіністікпен қарап, қолдау көрсетуіміз керек. Теріс пиғылды әрекеттердің құрбаны етпей әдептен озбай, өз орнымызды ауыстырмай олардың елдің әл-ауқатын көтерудегі еңбектерін жалғастыра беруіне мүмкіндік беру баршамыздың міндетіміз. 
Айбарлы аналарымыз, ибалы қыздарымыз, ізетті келіндеріміз жүз жерден өмір өзгерсе де ұлттық намысымыз, салт-дәстүріміз өзгеруге тиіс емес. Өйткені, біз ата-бабалар салып кеткен сара жолды небір алапаттан қазақ деген ұлы есімді сақтап қалған, намысын қанмен жуған жауынгер жау жүрек ұлттың ұрпағымыз. Дәстүрге берік әдептен озбағанның қашанда жүзі жарқын, мерейі үстем болады. 

Айжамал Әбдіхамитқызы,
зейнеткер.

04 сәуір 2019 ж. 1 082 0