Тағдырға сенесіз бе?
«Пешенеңе жазылғанын көрерсің», «Тағдыр ғой». Бұл бала кезден үлкендердің аузынан құлаққа жиі шалынатын сөздер. Шындығында, адам өмірінде болып жатқан жағдайлардың мезгіл мен мезгілдің, күн мен түннің ауысуындай бір заңдылық бар секілді. Десе де тағдыр таңдау ма әлде өзгермес жүйе ме?
Пайғамбардың (с.ғ.с) көзін көріп, барлық өсиет-насихатын естіген сахабалардың өзі тағдыр жайлы ойда талас жүргізген. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с) оларға «Тағдырға иман ету адамның уайым-қайғысын кетіреді» деп өсиет айтқан. Ал тағдырға иман ету Аллаға иман етуден басталады. Әрбір Аллаға иман еткен мұсылманның белгісі жақсылықтың да, жамандықтың да тек ұлы Алладан сынақ ретінде берілетінін және қиындықта сабырлық танытып, қайғыдан соң әрқашан жеңілдік бар екенін, Алланың пендесіне ненің қайырлы екенін білетіндігін, қуанышта, молшылықта, астамшылдыққа, тәкәппарлыққа салынбау қажеттігін түсінуде. Бұл дегеніміз – пенденің өмірдегі жағдайларды қабылдауы, соған сәйкес әрекетінің тек өзіне ғана байланысты екенін ұғынуы. Сондықтан «Адам бейне бір жапырақ секілді жел қайда ұшырса, сонда кете барады. Жапырақта ешбір қалау жоқ» деп ой түюден сақтануымыз қажет.
Бірде бір кісі ұстазға: «Ұстаз, менің пешенеме намаз оқуды жазбапты», – дейді. Сонда ұстаз дәрет алатын жерді көрсетіп: «Жеңіңді түріп мына сумен дәрет ал, сосын мына жерге екі рәкат намаз оқы. Сонда сенің пешенеңе намаз оқу жазылатын болады», – деген екен.
«Тағдырды өзгертуге бола ма, тағдырға қалай әсер етсем болады?» деген сұрақтар туындайтыны анық. Құранда бұл жайлы да мәлімет берілген. Тағдырдың өзгеретіні де, өзгермейтіні де бар. Мысалы, өзгермейтін ажал, бұл адамның ниетіне және амалына қарай Алладан берілетін ризық-несібесі өзгеруі мүмкін. Расында, пенденің ниеті, амалдары, игі дұға-тілектері өмірінің оң болуына үлкен әсерін тигізері сөзсіз. Игі жақсылыққа сеніп, ниетіңізді түзеу, Жаратушыдан тілек тілеудің жақсылығы осында. «Тағдыр алдын алумен, сақтанумен өзгермейді. Бірақ қабыл болған дұға пәлекет келерде қорғайды». Сондықтан әрбір пенденің парызы Алланың бұйырған адал жолынан адаспай, пейіл-ниетін түзеу, ал ниетіңіз түзелсе, ісіңіз түзеледі, ісіңіз түзелсе, өміріңіз түзеледі!
Азамат ЖАПБАРБЕРГЕНОВ