Бірегей болмыс иесі
Адамды замандастары арасында мерейлі етіп, әманда мәртебесін биіктетіп жүретін оның тек қоғамдық өмірде алған орны, атқарған жұмысы, қызметтегі абыройы ғана емес, сонымен бірге жарасымды мінез-құлқы мен бірегей болмыс-бітімі, тәлімді тірлігі мен өнегелі өрісі болса керек. Мен алғаш рет ат жалын тартып мініп, азамат атана бастаған шақтан жай-күйін жақсы білетін Нағима Бәйменова апай осы өлшемнің өресінен толық табылатын кескін-келбетті кісі еді.
Тағдыр айдап, 1972 жылдың тамыз айында Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінің редакциясына қызметке келдім. Ол кезде жасым 18-ден жаңа асқан бозбаламын. Орта мектепті бітіргеніме бір жыл ғана болған. ҚазГУ-ге оқуға барып, түсе алмаған соң, бір жыл совхозда жұмысшы болып істедім. Келесі жылы тағы да оқудан жолым болмады. Ал «тағдыр айдап» дейтінім, соның алдында ғана Оңтүстік Қазақстан облысы, Келес аудандық «Мақташы» газетіне әдеби қызметкер болып жұмысқа тұратын болып келісіп қойғанмын. Алайда, соның артынша мынадай нұсқа шығып, корректорлық қызмет ұсынылғанда, мен ойланбастан, бірден Шиеліні таңдадым. Себебі, екі газетті іштей салыстырып қарағанда, «Өскен өңірдің» мазмұны мен пошымы көш ілгері екенін бұрыннан байқап жүретінмін. Бұған қоса газеттің редакторы Зәкім Жайлыбаев жұмысқа қабылдар кезінде жақында бір әдеби қызметкердің орны босағалы жатқанын, мені солай қарай ауыстыратынын айтқан. Обалы не керек, ағам сол уәлі сөзінде тұрды, мен үш ай корректор болып істеген соң, айтылған лауазымға жылжытылып, редакциядағы шығармашылық топтың қатарына қосылып кеттім.
Сол жылдары редакция аудандық кеңес атқару комитетінің ғимаратына орналасқан болса, баспахана мәдениет үйі мен пионерлер сарайының ортасындағы кесектен соғылған баспанада еді. Екеуінің арасы біршама жер. Мен өзімнен бес жас үлкен екі ағам Сәрсенбек Бекмұратұлы мен Серікбай Әлжановпен бірге редакцияда орын болмағандықтан, үлкен ұжымның негізгі құрамынан бөлініп, баспахананың бір бөлмесінде отыратынмын. Бұл мұндағы қым-қуыт тірлікке күн сайын куә болып жүруімізге көп мүмкіндік берді.
Менің Нағима апайды танып-білуім сол кезден басталды. Өзі менің анаммен бір жылда туған құрдас екен. Түрінде де ұқсастық барын байқадым. Ең бастысы, сол кісінің қасында тұрғанда, өз анамның иісін сезініп тұрғандай, қатты тебіреніп кетуші едім. Анадан жастай қалған мен үшін анам сияқты болып көрініп жүретін. Сол сезім қазір осы жолдарды жазып отырған кезде тағы лап етіп көтеріліп, әлдеқандай бір сағыныш лебі денемнен өрлеп өткендей болып отыр.
Жұмысқа кіріскеннен кейін-ақ аудандық газеттің редакциясы мен баспахана екі мекеме болып саналғанымен, іс жүзінде екі жақтың бір ұжым болып саналатынына да көз жеткізе түстім. Бұған бір жағы екі мекеменің де негізгі жұмыс көзі газет шығару ісі болса, екінші жағынан екі мекеме басшыларының бірін-бірі қатты құрметтейтіні себепкерлік еткен сияқты. Былайынша статусы жағынан газет редакциясы бір саты болса да жоғары саналғанымен, біздің ұжым басшысы Зәкім аға баспахана директоры Нағима апайдың алдынан ешуақытта кесіп өтіп көрген емес. Олар ортада туындай қалған әлденендей түйткілдер болса, оларды үнемі бір-бірімен кеңесе отырып, бәрін бірлесе шешетін. Сондықтан екі ұжым ешқашан бір-бірінен бөлініп көрген жоқ, ойын-тойда да, мерекеде де, басқалай жағдайда да ұдайы бір үйдің баласындай болып, қанаттасып бірге жүрді. Біз жастар редакциядағы үлкендерді қалай сыйласақ, баспаханадағы апа-ағаларымызды да солай құрмет тұттық. Бұл бір сондай сыйластығы жарасқан керемет келісті ұжымдар болып еді.
Сонда менің тағы бір байқағаным, баспахана директоры қарауындағы қызметкерлерге барынша қамқор екені, оларды қайда да жаны қалмай қорғап жүретіні. Ол тұстары аудандық газетте сыйлық деген нәрсе атымен жоқ. Ал газет басып шығарғаннан бөлек, аудан колхоз-совхоздары мен мекемелерінің түрлі тапсырысын орындап, қосымша табыс тауып тұратын шаруашылық есептегі баспахананың бұл жағынан айдыны ашық, туырлығы түзік. Сондайда қызметшілерінің жай-күйін өзінен бетер ойлап отыратын Нағима апай көбіне тоқсан сайын, кейде айма-ай оларды сыйақы алуға ұсынып жататын. Ұсынатыны ол кезде редакция да, баспахана да тікелей облыстық баспа, полиграфия және кітап саудасы басқармасына қарайтын. Соның ішінде өзін-өзі толық қаржыландыратын баспахана ақшаға қатысты кез келген рұқсатты жоғары жақтан алып тұратын. Редакция болса газет басатын қағаздан бастап, күнделікті бар ұсақ-түйек қажеттіліктері мен қаражатына дейін аталған басқармадан қамтамасыз етілетін. Оның үстіне редакция мен баспахананың бухгалтериясы ортақ еді де, ол әмісе баспахана үзіріне қарайтын. Сондықтан біз жалақы мен қаламақыны осы бухгалтериядан алатынбыз. Газет аудандық партия комитеті мен аудандық кеңес атқару комитетінің органы болып саналғанымен, бізге бір тиын да бөлмейтін. Партия билеген кеңес кезеңінің қитұрқы тірлігі мен әлімжеттілікке әдіптелген әділетсіздігінің бірі осыдан да айқын көрінеді.
Біз сөз етіп отырған кезеңде редакцияда редактордың орынбасары болып Қанапия Дәрібаев, жауапты хатшы болып Мұрат Күлімбетов, бөлім меңгерушілері болып Сәфи Құрманаев пен Нағашыбек Иманғалиев жұмыс істеді, радио хабарларын таратуды Мәрия Жұматова атқарды. Жоғарыда айтылып кеткен әдеби қызметкерлер қатарында Тұрғанбек Кәрімқұлов та бар еді. Ал «бір өзі – бір архив» іспеттес Саидхасан Хутаев фототілші болып қызмет атқарды. Корректорлық менен кейін денсаулығына байланысты өзі шығармашылық қызметтен босаған Қамбар Құлпейісовке жүктелді. Менің бұлардың қай-қайсысынан да үйренгенім аз болған жоқ. Ал баспахана жағында бухгалтер Мәрия Исаева, әріп терушілер Мәлике, Сақып, Болған Сарбасова, Лиза Сүлейменова секілді апайларымыз, баспашы Тәңірберген Қалкөзов ағамыз кәсіпорынның діңгегі сияқты болып көрінетін.
Арада қаншама жылдар өтіп кеткеннен кейін Нағима апайдың өз кезінде осындай қаншалықты жауапты да маңызды саланы басқарғанына көзім жетіп, оны соншалықты биік деңгейде атқара білгеніне қайран қала беремін. Айтатыны жоқ, ол заманда баспахана деген лаулап жанып жатқан оттың тура ортасындағы көрік секілді-тін. Керек десеңіз, мемлекет мезіретіндегі стратегиялық нысандар қатарынан жататын бұл мекемедегі әрбір қаріп кассаларына дейін қатаң есепте тұратын, ол ұдайы қауіпсіздік қызметі қызметкерлерінің қырағы бақылауында болатын.
Өзі барынша таза, жұмыста әділ, сөзі тура Нағима Бәйменованы екі ұжымның мүшелері ғана емес, аудандық партия комитетіндегі басшыларға дейін өте жақсы сыйлайтын. Кезінде өзі де мұндағы жұмысты әріп терушіден бастаған басшы кейін мекеме тізгінін қолға алған кезінде қарауындағыларға қамқор бола білді, әртүрлі жастағы, әртүрлі мінездегі, әртүрлі қабілеті бар баспахана ұжымын өте тату-тәтті шаңыраққа айналдырды. Қызылорда қаласында туып өскен, есейе келе комсомол және партия органдарында қызмет етіп, жұмыста шыңдалған, өмірде көргені мен түйгені мол, екі тілде бірдей жазып, сөйлей алатын апай өзінің қабілеттілігі, еті тірілігі, пысықтығы, зеректігі, бейнеткештігі, кіршіксіз тазалығы, адалдығы, табандылығы арқасында бірнеше жылдан кейін үлкен ұжымның тізгінін ұстауға дейін көтеріліп, оны зейнеткерлікке жеткенінше ұзақ жылдар жемісті басқарып шықты. Бұл кісі өзінің саналы өмірінің 47 жылын осы полиграфия саласына арнаса, соның соңғы 22 жылында Шиелі аудандық баспаханасының директоры болған екен.
Нағима апай осындай аса жауапты қоғамдық жұмыс атқарып жүргеніне қарамастан, отбасының да берекесін тасытып, бірлігін ұйыта білді. Ол кісі өмірлік қосағы Әбілқасым Палымбетовпен өте тату-тәтті өмір сүрді. Апай асыл жарының атын туралап бір де атамай, «Әбеке», «отағасы» деумен өмірден өтті. Бір-бірлеріне «ищай» десіп көрмеген бұл кісілер балаларын да барынша тәрбиелі етіп өсірді, бәріне дерлік жоғары білім алып берді. Әбекең ұзақ жылдар бойы аудандық статистика бөлімін басқарды. Жұмыс жағдайында біз онымен де жиі араласып тұрушы едік. Екі жайсаң жаннан 4 ұл, бір қыз өрбіді. Мен сол олардың бәрін сол кезден бастап жақсы таныдым. Балалардың үлкені Серік апайдың өз қарауында баспаханада баспашы болып жұмыс істеді. Бірақ кітапты өте көп оқитын, білімділігі әрдайым байқалып тұрды. Серік менен екі жас үлкен болса, одан кейінгі ұлдары Берік менің құрдасым еді. Жоғары оқу орнын бітіріп келіп, біздің Зоя атты қарындасымызға үйленіп, күйеу бала атанды. Үшінші ұл Ерікпен кейін КазГУ-де қатар оқыдым, мен журфакты тәмамдасам, ол конкурсы өте күшті философиялық-экономикалық факультетті бітірді. Ал Нәйла мен Болат сол жылдары мектеп оқушылары болатын. Екеуі кейде қол ұстасып, баспаханаға аналарына келіп тұратын. Кейін екеуі де үлкен басшылық жұмыстар атқарды. Нәйла Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, аудандық білім бөлімінің меңгерушісі секілді жауапты қызметтердің тізгінін ұстаса, Болат Маңғыстау облысының әкімі, Атырау облысы әкімінің орынбасары тәрізді жоғары лауазымдардың биігінен көрінді. Болаттың қайын атасы Қален Әбдешов ағамызбен де көп жылдар қызметтес болдық. Мамандығы журналист Қалекең 70-ші жылдардың ортасына қарай аудандық партия комитетінің хатшысы болып, аудандық газетке тікелей басшылық етті. Мен 1982 жылы «Өскен өңірге» жауапты хатшы болып қайта оралып, бірер жылдан соң редактордың орынбасары болып қызмет атқарған жылдарымда бұл кісімен тереңірек таныстым. Оның үстіне, Қалекең бір жылдары біздің №150 «Ортақшыл» орта мектебін бітірген болып шықты. Оны осы мектептің 50 жылдығы тойланған кезде білдім.
Осындай отбасын қалыптастыруға үлкен үлес қосып, өнегелі ұрпақ тәрбиелеп өсірген, сонымен бірге қоғамдық жұмыстың да шырайын шығара білген Нағима апай туралы өте көп айта беруге болады. Бұдан оның тек айшықты тұлғасы, адами болмыс-бітімі ашыла түседі. Шынында ол қалай асқақтатып айтса да жарасатын өз заманының лайықты тұлғасы еді. Сол дәуірде мұндай тұлғалармен шендесетін замандас құрбы-қатарлары тым көп болған жоқ. Ол сол сиректің бірі-тін. Осы тұрғыдан келгенде, өзін өмірлік тұрағы еткен Шиелі ауданы мен кентінде қасиетті Нағима Бәйменова апайды есте сақтап қалуға әсер ететіндей нақты шаралар жасалып жатса, соның ішінде ол кісінің атына көше беріліп жатса, ешбір артықтық етпейді деп есептеймін. Бұл бүгінгі ұрпақтың оның өзі жанындай жақсы көрген Шиелісі үшін сіңірген зор еңбектеріне білдірілген қарапайым ғана алғыс сезімі болып шығар еді.
Серік ПІРНАЗАР