Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Анаң саған керек болса, балаңа да сен керек

Анаң саған керек болса, балаңа да сен керек

«Анаң саған керек болса, балаңа да сен керек. Кезекпенен ауысатын ғұмыр ғой бұл дөңгелек» деп Төлеген Айбергенов айтқандай, жер бетіндегі әр адамға ана және бала керек-ақ. Өйткені, ұрпақ өсіріп, артында із қалдыру пенденің пешенесіне жазылған тағдыр-талайы. Сондай-ақ мемлекеттің де басты байлығы адам екені әмбеге аян. Олай болса, ең алдымен ана мен баланың денсаулығына ден қоюымыз қажет. Осы орайда біз ауданаралық аурухананың ана мен бала денсаулығын қадағалауда қандай жұмыстар істеп жатқанын бағамдаған болатынбыз.
Жалпы аудан халқының саны қазіргі таңда 77 415 дейтін болсақ, оның ішінде туу жасындағы әйелдер саны – 16 443 екен. Ал биылғы жылдың туу көрсеткіші 1361-ді көрсетіп отыр. Бүгінде ауданаралық ауруханада 0-14 жас аралығындағы 26 849 бала бар. Балалардың барлығы жылына бір рет скринингтік тексеруден өтеді екен. Әдеттегідей жаңа туған сәби мен енді босанған анаға аурухана тарапынан «ана мен бала» қобдишасы және «Д2» дәрумені беріледі. Сонымен бірге қосымша тамақ та ұсынылады. Ал есепте тұрған балалар тегін дәрімен қамтылады. Бұдан бөлек ана мен бала денсаулығын жіті қадағалап, ылғи назарда ұстайтын бірнеше кабинет жұмыс істейді. Біздің назарымызды аударған да осы бөлмелер. Арнайы кабинеттердің жұмысымен бізді бас аяжан Назым Сейлханова таныстырды.
– Жас отбасылар және ана мен баланың денсаулығын қадағалайтын кабинеттердің негізгі мақсаты – дені сау ұрпақ өсіретін отбасын даярлау. Бүгінгі таңда бұл жұмыстар ел арасында жүйелі жүріп жатыр. Енді бір-екі жылдың көлемінде халық арнайы кабинеттердің жұмысына толығымен үйренеді деген сенімдеміз, – дейді бас аяжан.
Қаз-қатар тізілген кабинеттердің ішінде бірінші болып бас сұққанымыз «Отбасын жос­парлау кабинеті». Кабинеттің дәрігері ­Алтын Жұмабекова 15-49 жас аралығындағы әйелдерге жүктілікті жоспарлау, шарананың туа біткен ауруларға шалдығудың алдын-алу жөнінде кеңестер береді. Сондай-ақ ана болуды жоспарлаған әйелдерді психологиялық және медициналық тұрғыдан әзірлейді. Бұдан өзге ерлі-зайыптылардың денсаулығын жақсарту барысында әртүрлі дәрумендер даярлап береді. Аталған кабинет жүкті әйелді бала босанғаннан кейін де бақылауда ұстайды.
Дәрігер А.Жұмабекова қазіргі таңда жасөспірім қыздармен жұмыс істеуді де қолға алған. Яғни ол мектеп пен колледжде білім алып жүрген бұрымдыларға барып арнайы лекция оқиды. Дәріс барысында қоғамда белең алып тұрған ерте жүктілік пен бедеуліктің алдын-алу шаралары айтылады. Әрі отбасын жоспарлаудың маңызы зор екенін өскелең ұрпаққа ұғындырады. Бұдан өзге кабинеттің дәрігерлері елді мекендерді аралап, әйел-аналарға медициналық тұрғыдан бағыт-бағдар береді. Осы орайда келешекте кабинеттің жұмысын одан әрмен дамытып, әйелдердің денсаулығын жақсартуға құрған арнайы жоспарлары да бар. Бұл жөнінде:
– Қазіргі таңда барлық ауылда әйелдер кеңесі бар. Біз әйелдер кеңесінің төрайымдарымен бірлесе отырып, елді мекендегі мәдениет үйлерінде ауыл әйелдеріне арнап шара өткізгіміз келеді. Ондағы негізгі мақсат – әйелдерді отбасын жоспарлап барып бала босануға әзірлеу. Мұның денсаулыққа қаншалықты оң және теріс әсер беретінінен хабардар ету, – дейді ақ халатты абзал жан.
Бас аяжан Н.Оралбекқызы бүгінде балаларын 62 тамырын идіріп, емірене емізетін аналардың азайып бара жатқанын айтады. Көбінесе жас аналар денсаулығында ақау болмаса да, жаңа туған сәбиді емізуден ат-тонын ала қашады екен. Бұл сәйкесінше баланың ой-өрісі мен денсаулығына кері әсерін тигізеді. Осы орайда аналарға баланы шымыр әрі ширақ етіп өсіру үшін не қажет екенін түсіндіретін «Жас аналар мектебі» жүйелі жұмыс істеуде. Мұнда аяғы ауырлаған әйелдердің өзін-өзі күтуі мен босануға психологиялық тұрғыдан дайындалу үрдісі жүреді. Оны аталған кабинеттің дәрігері әрі акушер Іңкәр Ибраева жүргізеді екен. «Жас аналар мектебінде» жүкті әйел дұрыс тамақтануды, сәбиді құндақтауды, оны емізуді үйренеді. Сонымен бірге толғақ барысында өзін-өзі қалай ұстау керектігі де назардан тыс қалмайды. Әсіресе, босану кезіндегі серіктестікке баса назар аударылады. Бұл көбінесе жас аналарға айтылып, оларды алғашқы босану кезіндегі күйзелістен сақтандырады. Мұнымен қоса жас аналарда кездесетін қауіп-қатерді болдырмаудың жолдарын жасайды.
Ана мен бала денсаулығын жақсартуда маңызды рөл атқаратын кабинеттердің бірі – «Баланы дамыту» кабинеті. Ақ жаулықты ана атанған кез келген жан осы кабинетке келіп, баланы өсіру туралы ақпаратқа қаныға алады. Аналарға мейіргер Жайдар Тілеулиева өз көмегін көрсетеді. Аталған кабинет көбінесе 0-5 жасындағы балалармен жұмыс істейді.
– Біздің жұмысымыз жаңа туған сәбиді дұрыс тамақтандырудан басталады. Аналарға қосымша тағамды қалай әзірлеу керектігін үйретеміз. Сонымен бірге ойыншықтың пайдасы мен зияны туралы да ақпарат береміз. Әр ойыншық баланың жас ерекшелігіне байланысты әртүрлі пайда әкеледі. Біз соған ерекше назар аударып, ананың қандай ойыншық алу керектігіне нұсқаулық береміз. Дәрігерлердің қазіргі таңда баса назар аударып жатқаны – бала емізуді насихаттау, – дейді мейіргер Ж.Тахарқызы
Адамның күнделікті күнкөріс көзі және әлеуметтік-тұрмыстық ахуалы да денсаулыққа тікелей әсер етеді. Бұл мәселені де ауданаралық аурухананың дәрігерлері өз назарына алған. Яғни арнайы ашылған «Патронаж мейірбикелер» бөлмесінде аналардың хал-ахуалы ғана емес, тұрмыстық өмірдегі жай-күйі де қатаң бақылауда. Мұнда 8 аймаққа бекітілген ақ халаттылар күн сайын арнайы тексеру жүргізіп, ақ жаулықты ананың көңіліне кірбің ұялатқан мәселенің түйінін тарқатуға тырысады. Отбасында ішерге ас, киірге киім немесе жылу жоқ болса, арнайы құрылған салааралық комиссия мүшелерімен ақылдасып, мәселенің шешімін табады. Сондай-ақ «Патронаж мейірбикелер» кабинетінің дәрігерлері бала тәрбиесіндегі әкенің рөліне ерекше назар аударады. Оны сәйкесінше отағасы мен отанасына да түсіндіреді.
– Шыны керек, кейбір отбасындағы ер-азаматтар бала тәрбиесінде шет қалып жатады. Ерлер тек түздің адамы емес, олардың тәрбиесі мен жылылығы балаға керек. Әке тәрбиесін көрген бала жігерлі әрі жауапкершілікті сезініп өседі. Тағы бір айта кететін жайт, депрессияға әйелдер ғана емес, әкелер де ұшырайды. Сол себепті ерлер жұбайы жүкті болған сәттен бастап онымен бірге кеңес алуға келгені жөн. Бұл өз кезегінде сәбидің барлық жағынан толыққанды әрі сау болып өсуіне септігін тигізеді, – дейді аға мейіргер Меруерт Медетбек.
Балтыры сыздап, басы ауырғандарға жанұшыра көмек беретін ақ халатты абзал жандардың осы сынды жұмыстарының нәтижесінде ауданда отбасын жоспарлайтын жастар көбейген. Өңірде күн сайын аталған кабинеттерге келіп, кеңес алатын жандардың қарасы қалың. Сонымен бірге бала денсаулығына бейжай қарамайтын, аяғы ауыр әйелдеріне қолғабыс болатын әкелердің де саны артқан.

Маржан
ҚҰРМАНҒАЛИЕВА

05 қараша 2019 ж. 1 077 0