Әйелдің парызы – ана болу
«Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді әлдилейді» деп тегін айтылмаса керек-ті. Себебі, ақ жаулық тағынып, 62 тамырын идіріп, дүниеге сәби әкелген ана ұлттың болашағын қалағанмен бірдей. Отбасында тағылымды тәрбие, өнегелі әңгіме айту арқылы ата-ана сәби жүрегін жақсылықпен нұрландырады. Сондықтан қоғамда отбасылық құндылықтарды насихаттау басты назарда. Сондай-ақ аналардың мәселесі мен бала құқығын қорғау да бүгінгі қоғамның күн тәртібінен түскен емес.
Осы орайда бейсенбі күні аудан әкімдігінде әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі аудандық комиссияның отырысы өтті. Кеңес отырысына ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымдары, комиссия мүшелері қатысты. Аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Жаниязов жүргізген жиында әйелдердің қоғамдағы және отбасындағы рөлі сөз болып, жалғызбасты және мүгедек балалары бар аналардың құқығын қорғау, ана мен бала өлімі, жас отбасылардың ажырасуы сынды маңызды мәселелердің себебі мен шешілу жолдары қаралды.
Әйелдің мойнына жүктелген ауыр жүк – ана болу. Еліміздегі әр әйел халық санының артуына және саналы ұрпақ тәрбиелеуде өлшеусіз үлес қосып келеді. Сондықтан мемлекет ең бірінші кезекте ана мен баланың денсаулығын жақсартып, олар үшін бар мүмкіндікті жасау керек. Осы тұста ауданаралық аурухананың бас дәрігері Нұрлан Әмір жүкті әйел мен балаларға көрсетілетін медициналық көмектің көрсетілуі туралы және ана мен бала өлімі жөнінде мәлімдеме жасады. Жалпы Шиелі ауданында 77 415 тұрғын бар болса, оның 16 443-і туу жасындағы әйелдер екен. Ал биылғы жылдың тоғыз айлық көрсеткіші бойынша 1471 жүкті әйел есепке тұрған. Жыл басынан бері босану саны 1337-ге жеткен. Бас дәрігердің мәлімдеуінше, аудандағы босанудың 1078-і жергілікті ауруханада өтсе, 256-сы облыстық перинатальды орталықта босанған. Жалпы биылғы жылғы туу көрсеткіші 17,2 пайызды құрап отыр. Айта кеткен жөн, аудандық ауруханада ана мен бала денсаулығын жіті қадағалап, үнемі назарда ұстайтын бірнеше кабинет жұмыс істейді. Оған әйелдер қауымы және жас аналар келіп, мамандар кеңесін алуға болады. Атап айтар болсақ, ауруханада 15-49 жас аралағындағы әйелдерге жүктілікті жоспарлау, шарананың туа біткен ауруларға шалдығуының алдын-алу жөнінде бағыт-бағдар беретін «Отбасын жоспарлау кабинеті», аяғы ауырлаған әйелдердің өзін-өзі күтуі мен босануға психологиялық тұрғыда дайындалу процесі жүретін «Жас аналар мектебі» сынды кабинеттер тұрақты жұмыс істеуде. Сонымен қатар бас дәрігер жиын барысында ана мен балаға арналған «Баланы дамыту» мен «Ресурстық» кабинеттің жұмыстарымен таныстырды. Бұдан бөлек аналарға дәстүрлі түрде ана мен бала қобдишасы, нәрестелерге қосымша тағам беріліп келеді. Биыл диспансерлік бақылауда тұрған балаларды тегін дәрі дәрмекпен қамтамасыз ету үшін 14 829 818 теңге көлемінде қаржы қарастырылған.
Жиында келесі болып аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Ағыбай Төлегенов сөйледі. Ол аудандағы мүмкіндігі шектеулі жандардың жай-күйі мен әлеуметтік қызметті қажет ететін жұмыстар жөнінде мәлімдеме жасады. А.Рүстемұлының мәліметіне сүйенсек, бүгінде ауданда әлеуметтік қолдау шараларын қажет ететін 3442 отбасы бар. Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жандарды рухани қолдау мақсатында «Әлеуметтік рухани қолдау» жобасы жұмыс істеп келеді. Аталған жоба аясында әртүрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып, балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалануға мұрындық болады. Қазіргі күні 3 мәдени шара өтіп, оған 40-қа жуық бала қатысқан. Қатысушыларға бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталған. Сондай-ақ атаулы күндердің қарсаңында мүмкіндігі шектеулі балалар рухани астанаға сапар шегіп, тарихи-мәдени өлкемен танысқан. Бұдан бөлек аз қамтылған көпбалалы отбасыларға бүгінге дейін өңірдегі мекемелер, бөлімдер мен кәсіпкерлер, депутаттар қолдау көрсетуде. Биыл бұл тұрғыда 55 отбасына азық-түлік, 18 отбасына қаржылай көмек берген. Сонымен қатар жаңа оқу жылына байланысты 1469 балаға арналып қайырымдылық шаралары жасалған. Кеңес отырысында мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алуы туралы және олардың жүріп-тұру жағдайы қаншалықты жасалғаны жөнінде де айтылды. Ағыбай Төлегеновтің сөзіне сүйенсек, ауданда арбаға таңылған жандар үшін ешқандай кедергі жоқ. Демек барлық мекемелердегі маманды шақыру қоңырауы мен пандустар, мүгедек жандарға арналған автотұрақтар қолайлы екен. Ал білім беру жағына ойыссақ, бүгінде ауданда ПМПК тіркеуінен өткен 155 балаға үйден оқытуға жағдай жасалған, ал әлеуметтік қызметті 110 бала көріп отыр. 93 бала оңалту орталығында ем алуда. Жыл басында аудандағы 12 мектепке арнайы маман бөлінген. Олардың көбісі логопед-дефектологтар. Демек тілінің мүкістігі мен сөйлеу қабілеті нашар балалар білім ошағында жүріп-ақ қосымша сабақ ала алады.
Комиссия отырысында жас отбасылардың ажырасу мәселелері де қаралды. Өткен жылы ауданда 133 отбасының ажырасу туралы арызы қаралған болатын. Оның ішінде 95 ерлі-зайыпты екі жаққа кеткен екен. Биыл жыл басынан бері есептеу бойынша 180 арыз түскен. Яғни былтырғы жылмен салыстырғанда осы жылы ажырасу факторы 38 пайызға өскен. Бұл туралы кеңес отырысында аудандық соттың төрағасы Марат Күздеубаев хабарлаған болатын. Сот төрағасының мәліметінше, ажырасуға ниетті ата-аналардың арасында атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін некесін бұзғысы келетіндері де бар екен. Алайда, мамандар түсіндірме жұмыстары арқылы 18-ге жуық жанұяның жарасымын сақтап қалған. Сонымен қатар өңірде ажырасуға ниетті өзге де жандармен әртүрлі түсіндіру жұмыстары және алдын-алу шаралары атқарылуда. Мәселен, медиация тәсілін пайдалану арқылы 18 жұбайдың ажырасуына жол берілмеген. Олардың ішінде билер кеңесінің арқасында отбасын сақтап қалғандары да кездеседі.
Әйел – отбасының ұйытқысы, тыныштықтың шырақшысы. Десек те күнделікті күйбең тіршіліктен шаршап, тұрмыстық өмірдегі қиындықтарға төзе алмайтын нәзікжандылар бар. Мұндай жағдай әсіресе жаңадан босаға аттаған келіншектер де кездеседі. Көп жағдайда оларға көпті көрген көнекөз қариялар ақыл айтып, жөн сілтейді. Міне, осындай жұмыспен айналысып, бүтіндей бір ауылдың абыройын сақтап отырған Ақмая ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы – Раушан Нұрымбетхожаева. Ақ жаулықты әже де кеңес отырысында болып, әйелдер арасындағы өзекті мәселелерді қаузады. Жалпы Ақмая ауылында зейнетке шыққан 155 әйел бар. Ал алтын құрсақты аналардың саны төртеу. Р.Нұрымбетхожаева ауыл әйелдерінің арасында ауызбіршілік, татулық сынды қағидалар қатаң сақталғанын айтады. Ал егер әлдеқандай жағдай орын алса, әйелдер кеңесінің мүшелері туындаған мәселелерді өзара шешуге тырысады екен. Жас аналарға ақыл-кеңес айтып, егде тартқан кісілерге қолдау көрсетіп келеді. Алайда, Р.Нұрымбетхожаева атаулы әлеуметтік көмек тағайындалғалы бері айрандай ұйыған отбасылардың арасында жанжал туындағанын тілге тиек етті. Әйткенмен, әйелдер кеңесінің мүшелері ажырасудың алдын-алып, қолдан келгенше көмек беріп келеді.
Әйел-аналардың жағдайын жақсарту мақсатында атқарылып келе жатқан жұмыстар сараланып болған соң, аудан әкімінің орынбасары Б.Лепесұлы көпшілікке қараша айының 7-8 жұлдызында республикалық әйелдер форумының өтетінін хабарлады. Аталған форумның негізгі тақырыбы – отбасы және бала тәрбиесі жөнінде болмақ.
Маржан
БОЛАТҚЫЗЫ