Ана мен бала денсаулығы маңызды
Жұмыр басты пенде болғаннан кейін денсаулық сыр беріп, аурухана табалдырығын аттауға мәжбүр боламыз. Иә, еңбектеген сәби мен еңкейген қарияның да балтыры сыздап, басы ауырады. Алайда, біз бүгін Шиелі ауданаралық ауруханадағы балалар саны туралы тарқатпақпыз.
Ауданаралық ауруханада қазіргі таңда 0-14 жас аралығындағы 26849 бала бар. Биылғы жылдың тоғыз айында бала туу көрсеткіші 1361-ді көрсетіп отыр. Жалпы ауруханада барлық балалар жылына бір рет скринингтік тексеруден өтеді екен. Биыл 21437 бала тексеріліп, 4336 баланың ауруы анықталып, 18865 бүлдіршінге ем-дом жасалған. Ал 1506 бала диспансерлік есепке тіркелген. Жылдағы дәстүр бойынша осы жылы да жаңа босанған аналарға «ана мен бала» қобдишасы мен «Д2» дәрумені берілген. Сонымен бірге қосымша тамақ 7712 анаға ұсынылған. Есепте тұратын балалар тегнін дәрілермен қамтамасыз етілген.
Жалпы Шиелі ауданаралық ауруханасында ана мен бала денсаулығын жіті қадағалап, ылғи назарда ұстайтын бірнеше кабинет жұмыс істейді. Атап айтар болсақ, «Отбасын жоспарлау кабинеті». Мұнда 15-49 жас аралағындағы әйелдерге жүктілікті жоспарлау, шарананың туа біткен ауруларға шалдығудың алдын-алу секілді кеңестер алуға болады. Ал «Жас аналар мектебінде» аяғы ауырлаған әйелдердің өзін-өзі күтуі мен босануға психологиялық тұрғыдан дайындалу процесі жүреді. Дүниеге келген сәбиді дені сау етіп тәрбиелеу үшін жас аналар «Баланы дамыту» кабинетіне барса болады. Сонымен бірге «Ресурстық» кабинет те ана мен бала үшін зор пайда келтіреді. Осы кабинетте анаға баланың жасына, дамуына қарай, барлық минералдар мен витаминдер және ақуыздармен қамтылған қосымша дұрыс тамақтандыруды практикалық түрде көрсетеді.