Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Әр азаматтың абыройлы міндеті

Әр азаматтың абыройлы міндеті

Кеңес Одағы кезінде елім деген ерлер казармада сап түзеп, сабақ алудан еш жалтармайтынын алдыңғы буын өкілдерінен естіп жүрміз. Расында, бұрнағы жылдары әр азаматтың Отан алдындағы борышын өтеуі бедел саналатын. Ол кезде жас жеткіншектер соғысты көрген аға-әкелерінен үлгі алып, соларға еліктеп, бойына ерік-жігер жинайтын. Тіпті ауыл-аймақтағы бойжеткендердің борышын өтеп келген азаматтарға ерекше назар салуы да жігіттерді әскерге баруға құлшындыратын.
Ал қазір әскерге бармау үшін ерлердің сан түрлі сылтау ойлап табатынын құлағымыз естіп, көзіміз көріп жүр. Тіпті кейбір жігіттер әскерге бару десе, ат-тонын ала қашады. Мүмкін шалғайға кетіп, парыз өтеу оңай емес дейтін болар көбісі. Алайда, қазақ халқы жігері құм болып жасыған жігіттерден емес, ел басына күн туғанда алдыңғы шептен табылатын ерлерден көп үміт күтеді. Әрі-беріден соң «Бейбіт ел болғың келсе, соғысқа дайындал» деген бар емес пе? Болашақтың бүгіннен басталатынын ескерсек, біз де жігіттердің сақадай сай болуын қазірден қолға алуымыз керек. Ол үшін әрине, әскердің атқарар рөлі зор. Бірақ мұны бүгінгі өскелең ұрпақ ұғынып жүр ме?
Әскерге баруды әр азаматтың абыройлы міндеті екенін насихаттау мақсатында сәрсенбі күні Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінде әскери-патриоттық шара өтті. Шараға ауған соғысының ардагерлері Б.Сарбасов пен С.Берімбетов, «Семей-Ақиқат-Шиелі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы М.Тоқтыбаев, Семей полигонының ардагері Ш.Алпысбай, тәжік-ауған соғысының ардагерлері Е.Әбдиев пен Т.Әшірбеков қатысты.
Қанды қырғынды көзімен көрген ардагерлер жас буынға өткен оқиғалардан мысал келтіріп, өміршең, өнегелі өсиет айтты. Бейбіт күннің бағасына жетіп, жігіттердің қандай жағдайда да қорқынышпен бетпе-бет келуден тайсалмау қажеттігін тілге тиек етті. Жиында аудандық қорғаныс істері бөлімінің басшысы, майор Руслан Шарипаев және облыстық «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы Айдос Болатұлы да сөз сөйледі.
А.Болатұлы қатысушыларға «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тыныс-тіршілігімен таныстырды. Аталған ұйым Елбасы Н.Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында тапсырған басым бағыттарының бірі ретінде құрылған болатын. Бүгінде жас­тар арасында әскери патриоттық тәрбие беру ісін күшейту мақсатында әр аймақта ұйымның филиалдары ашылды. Ұйымға мүше болған әрбір жас арнайы ант қабылдап, бірыңғай формамен қамтылады. Сонымен қатар жастар қару түрлерін бөлшектеп, оны қайта жинауды үйренеді. Ел қорғаудың мәнісі мен маңызына қанығады. Бұдан өзге «Жас сарбаздықтар» үшін жоғары деңгейдегі шаралар ұйымдастырылып, оларға сертификат табысталады.
– «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы өз жұмысын бастағалы бері облыстық деңгейде әртүрлі іс-шара ұйымдастырып келеді. Енді міне, аудандарды аралауды қолға алдық. Оның ішінде оқу орындарының атқарар рөлі зор. Себебі, жыл сайын әскерге аттанатын 800-900 жігіт болса, оның 80 пайызы колледж, университет студенттері. Біздің бүгінгі мақсатымыз – жас буынға әскерге дайындықтың қалай жүретінін және «Жас сарбаз» ұйымының жұмысымен таныстыру, – деді Айдос Қожамұратов.
Жиын әрмен қарай әскери өмірден хабар беретін бейнероликпен жалғасты. Одан кейін колледждің тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Бақтияр Дайрақұлов оқу орнындағы алғашқы әскери дайындық кабинетімен шараға қатысушыларды таныстырды.

М.БОЛАТҚЫЗЫ
02 қараша 2019 ж. 676 0