Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өнегемен өрілген өмір

Өнегемен өрілген өмір


Мамандық майданы
Бір ғасыр бұрын қазақ жұртшылығына сұранып тұрған саланың бірі әрі бірегейі тіл мамандығы болды. Себебі, зұлмат жылдарда нақақтан-нақақ атылған, еңбектері өртенген арыстардың атын ақтап алу, сол арқылы ұлттың тілге, елге, дін мен салт-дәстүрге деген сүйіспеншілігін ояту тек тіл мамандарының қолынан келетін дүниетұғын. Қазақ халқының сөнгенін жандырып, жоғалтқанын орнына толтырады деген үкілі үмітпен еліміздегі оқу орындарында филология факультеті ашыла бастады. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де осындай жа­уапты мамандықты игерген. Әрине рухани астанамыз Алматының ізашары Ақмешітте кіндік кесіп, кір жуған, балалық шағы қазақы қаймағы бұзылмаған ортада өткен жанның ұлт үдесінен шығатын мамандықты таңдауы таңқаларлық дүние емес еді. Әдебиет әлеміне ерте еніп, кітапты құнығып оқыған бала Қалдыбайдың ішкі ғаламының осы саламен үндестігі және бар. Осындай таудай талаппен Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың табалдырығын аттаған Қалдыбай аталмыш оқу орнын 1962 жылы тәмамдайды. Іле-шала жолдамамен туған жерінен жырақтап Арал ауданындағы Қаратерең орта мектебінде мұғалімдік қызметке орналасады. Алайда, алғашқы жұмысын небәрі 2 ай істеуге тура келеді.

Абыройлы міндет
Сіз де білетін боларсыз, Кеңес Одағы кезінде әскерге бару бедел саналатын. Ол кезде әр жас соғысты көрген алдыңғы буын аға-әкелерінен үлгі алатын. Соларға еліктеп, бойына ерік-жігер жинайтын. Тіпті, ауылдағы қыздардың борышын өтеп келген жігіттерге ерекше назар салуы да жас жеткіншектерді әскерге баруға құлшындыратын. Елім деген ерлер казармада сап түзеп, сабақ алудан еш жалтармайтын. Ал қазір әскерге бармау үшін жігіттер сан түрлі сылтау ойлап табады. Мүмкін шалғайға кетіп, парыз өтеу оңай емес дейтін шығарсыз. Бірақ, өткен ғасырдың әскери өмірі бүгінгіден екі есе қиынға соққан. Мәселен, қазіргі жігіттер борышын 1 жыл немесе 40 күнде тәмамдай алады. Тіпті үйінен жырақ кетпей оқу орнындағы кафедрада әскери билетіне қол жеткізеді. Ал ХХ ғасырда Қазақстанның қалаларына бару былай тұрсын, КСРО құрамына енген Грузия, Эстония, Беларусь, Украина сияқты елдерге екі жылға кететін. Себебі олар Отан үшін от кешуге де дайын еді. Парызын өтеу жолында шаңырағын, оқуын тіпті жұмысын да қиып кетуге бар. Біздің кейіпкеріміз де жаңа түскен жұмысын тастап әскери борышын өтеуге барады. Ауылдағы мұғалім Қалдыбай Литва КСР-інің Каунас қаласына барып жауынгер атанады. Ол кездері кеңес әскерінің жауынгерлеріне саяси сабақтар жан-жақты мықты жүргізілетін. Жауынгерлер елдегі саяси оқиғалар мен халықаралық жағдаймен қанық болатын. Жауынгер Қалдыбай туған елінен, туған жерінен жырақта Отан алдындағы парызын өтеді. Шетел, жат жұрт көрді. Таным көк жиегі кеңейді. Саяси сауаты толықты. Араға аттай екі жыл салып, еліне абыроймен оралды.

Туған жердің қай жотасы болса да жат емес
Бірақ, ол әскерден келдім деп жантайып жатуды емес, бел ортасынан үзілген қызметін одан әрмен жалғастыруды ойлайды. Осы сәтте СОКП Орталық Комитетінің қазан Пленумында партия басшылығы ауысып жатқан еді. Пленум Н.Хрущевті партияның ОК-нің бірінші хатшылығынан босатып, оның орнына Л.Брежневті тағайындады. Елде шаруашылық реформалар жүргізіліп, «Алтын бес жылдық» дәуреніне келгенде Қалдыбай жолдамамен Бәйгеқұм ауылындағы №401 мектепке жұмысқа тұрады. 1964 жылдан бастап Шиелі ауданының абыройын асқақтатып, мерейін үстем етер жұмыстардың басы-қасында жүреді. Бөтен елге барғанда бірден сіңісіп, сол жерде құрметке бөлену кез келгеннің қолынан келе бермейді. Ал Қалдыбай жат жерде жұмысқа енді орналасса да, білімі мен білігінің арқасында халықтың қалаулысына айнала білді. Жастығына қарамастан тыңбай еңбек етіп ізденді. Ізденіс ізінде жүре аудандық партия комитетінде жауапты хатшы, бірінші хатшының көмекшісі, жалпы білім, насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі секілді бірнеше қызметтік сатыдан өтті.

Ауыр аманатты арқалаған
Ел тарихындағы құнды құжаттар мен деректер сақталатын мәдени ошақтағы жұмыс көпшіліктің көзіне шалына бермейді. Алайда, архив – өткен өмірдің ескерткіші. Қоғамның тарихи бейнесін жан-жақты әрі ауқымды бейнелейтін архив және ондағы құжаттардың құндылығы мен маңыздылығы ерекше. Осындай ерекшелігі мен жауапкершілігі басым жұмысты Шиелі аудандық мұрағат директоры лауазымы болып 1995 жылы бастаған. Бүтін бір тарихты сақтап, оны келер ұрпаққа шашауын шығармай жеткізу ұлты үшін жаны ашитын жанның ғана қолынан келеді. Әрине, жауапкершілік жүгі ауыр жұмысты талай сыннан өтіп, тәжірибе жинақтаған, оңы мен солын танып, ақ пен қараны ажырататын жасқа жеткен Қалдыбай абыроймен атқарып шығады.

Тіл қадірін асырған
Жоғарыда айтқанымыздай, Қалдыбай Смайылұлы бір емес, бірнеше қызметте төбе көрсетіп, ерен еңбек еткен. Бұрынғылар «Жаманның тіршілігі шағым мен арыздан тұрады, жақсының ғұмыры қарыз бен парыздан тұрады» деп бекер айтпаған. Осы тұрғыдан алғанда Қалдыбай ақсақал таразы басын тең ұстап, келешегі кемел жастар алдында да, өмірден білгені мен түйгені көп қариялар алдында да парызын адал өтеп жүрген жан. Бүгінде ол сексеннің сеңгіріне шықса да, қызмет еткен саласынан сабақтастығын үзген жоқ. Әлі біте қайнасып жүр. Зейнет жасына жетсе де қазақ тілінің жанашыры ретінде «Қазақ тілі» қоғамының жұмысына білек сыбана кірісті. Жастардың жүрегіне тілге деген махаббаттың дәнегін септі. Көшеде көзге ұрып тұратын қателіктерді жөнге салды. Өскелең ұрпақты ана тілін құрметтеп, қадірлеуге шақырды. Заманында игі жақсылармен кездесіп, тәлім алған, өзі де солармен тең дәрежеде сөйлесе білген бәйтеректей бой тартқан тұлға қазірдің өзінде қолынан газеті мен журналы, қаламы мен кітабы түспейді. Шиелі ауданындағы ғана емес, рес­публика деңгейіндегі жаңалықтарды назарынан тыс қалдырмайды. Қоғамда орын алып жатқан оқиғаларды да ойынан шығармайды. Міне, бір бойында бірнеше қасиет көрініс тапқан жан қазір халықтың қошеметіне бөленіп отыр. Ел алдындағы ерен еңбегі лайықты бағаланып, бірнеше медальдар, алғыс хаттармен де марапатталған. Олардың қатарында «Еңбек ардагері», «Қызылорда облысына 70 жыл», «Ы.Жақаев - 120 жыл», медальдары бар. Ал мақтау қағаздарының арасында Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың арнайы берген алғыс хаты ойып тұрып орын алады. Жуырда сексеннің сенгіріне шықты. Ел-жұрты ардақтап, аудандық мәдениет үйінде салтанатты түрде атап өтті.

Ғибратты ғұмыр иесі
Адам ұрпағымен мың жасайды. Осы ретте тұғырлы тұлғаның ізін басар ұрпағы туралы айтпай кетпеске болмас. Қалдыбай ата – отбасының ұйытқысы. Бір шаңырақтың астында зайыбы Гүлнар апамызбен тату-тәтті өмір сүруі де тегіннен-тегін емес. Отбасы шағын мемлекет болғандықтан барлығы оның қалай басқарылуына, басшылық жасалуына байланыс­ты. Ал біздің кейіпкеріміз қоғамда ғана емес, тұрмыста да үлкенді кішірейтпейді, кішіні алаламайды. Соның арқасында қазір екі ұл, үш қыз тәрбиелеп, олардан 19 немере сүйіп отыр. Адам баласының дүниеде жиған байлықтарының ең құндысы да осы емес пе?!

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
23 маусым 2019 ж. 779 0