Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Болар істің басында Батырьаев жүреді Әбдішүкір ақсақалдың белсенділігіне Шиелі кентінің тұрғындары дән риза

Болар істің басында Батырьаев жүреді Әбдішүкір ақсақалдың белсенділігіне Шиелі кентінің тұрғындары дән риза

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы жарық көрген күннен бас­тап халықтың көңілінен шығып, ықыласына бөленуде. Мұның сыры мен себебі неде? Себебі, шын мәнінде бұл шығарма – мазмұны терең, қоғамдық сана мен ұлттық құндылықтың дамуын жаңа сапаға көтеретін еңбек. Сонысымен де жұртшылықтың қолдауына ие болып, күнделікті әңгіме арқауына айналып отыр.
Айталық, «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс...» деген ғажайып сөз тіркесі бар Тұңғыш Президенттің осы мақаласында. Тәуелсіздіктің негізгі белгілерінің бір тармағы емес пе бұл?
«Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмірбақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Бұл кез келген халықтан әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі. Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады...» деп ерекше екпінмен атап көрсетілді мақалада.
Қазір республикада осы бағытта біраз игілікті істер атқарылуда. Жағымды шараларды Шиеліден де кездестіруге болады.Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдірсе керек. Бірақ сол тірліктің бәрі өздігінен, оп-оңай бола салды ма, әрине жоқ. Халықтың ішінен шыққан белсенділердің бейнеті мен төгілген терінің нәтижесінде жүзеге асырылды. Шиелідегі рухани жаңғырудың басы-қасында жүргендердің бірі де бірегейі Әбдішүкір Батырбаев десек жаңылыспаймыз.
«Ақынның аты ардақталса» (Бұдабай туралы), «Жетім ауыл ма әлде «жеті қыз» ауылы ма?», «Шиелі көркін ойласақ...», «Еңбегі елеулі азамат», «Екі рулы елді татуластырған тұлға», «Қоқандықтар құмды ауылға қалай келді?», «Тұңғыш редактор Мәді Молдыстамов – 100 жаста», «Мен майдангер ұрпағымын», «Мың бір түннің ақшасына мектеп салған», тағы да басқа ой-толғамдары жоғарыдағы маңызды құжатты аудан көлемінде іске енгізуге үндеді. Бірқатар елді мекенге жұртшылықты жақсылыққа жетелеп, жамандықтан сақтандырып отырған сол өңірдің би, шешендерінің есімі беріліп те үлгерді. Қазір аудан орталығы – Шиелі кентіндегі Мәдениет үйі Бұдабай Қабылұлының есімімен аталады. Бұдабай ақын Шиелі ауданы, Жөлек мекенінде туған (1842-1912 ж.ж.). Өткір тілді, терме, толғау, мақтау, сынауға шебер дарынды сүлейдің бірі. Ол туралы Сыр сүлейлерінің бірі, бірі болғанда да дүрі Шораяқтың Омары былайша жырлапты:
«Халық ішінде қадірлі,
Үнемі басқан қадамы,
Тимеген жерге табаны.
Теңселген небір жорғадай,
Шернияз, марқұм Бұдабай,
Кетпеген сөзі ұнамай...»
«Іс жүзінде әрбір өңір мен әрбір мемлекет өзінің дербес даму үлгісін қалыптастыруда. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана...» деп толғанды Елбасы мақаласында. Шиеліліктердің өткенді қастерлеу, өнерпаздардың есімін ұлықтау шаралары рухани жаңғырудың үрдісіне сай жүргізілуде.
Ә.Батырбаев жаратылысынан белсенді жан. Рухани жаңғырудың аясында аудан тұрғындарының әлеуметтік мәселесін де орынды қозғай білді. «Дағдарыс сәтінде даңғазалық қажет пе?», «Аяқсуды жырлаймыз, ауызсуды ұрлаймыз», тағы да басқа көкейкесті мәселелерді қозғаған мақалалары аудандық, аймақтық газеттерде жарық көріп, жұртшылыққа қозғау салды. Көше комитетінің төрағасы болып жүргенде арық жағалап, аяқ судың көшелерге толық жетуін үнемі қадағалап отырды. Су – қай кезде де көкейкесті мәселенің бірі, тіпті ең негізгісі. Өйткені, ол тіршіліктің көзі, өмірдің нәрі.
1975 жылы қасына Бұлдырық ­Сырымбетов деген азаматты (комитет мүшесі) ертіп алып, су мәселесімен түбегейлі айналысты. Өзіне қарасты көшелерге су жеткізетін арықты дер кезінде аршытып, бұзылған жерлерін жөндетіп жүрді. Шиелі теміржол бекетінде өткен ғасырдан бері тұрған су мұнарасы бар. Ішінде суы мол. Темір жол басшылығына қайта-қайта хат жазып жүріп рұқсат алып, өзіне қарасты көше тұрғындарына өз қаражатына су жеткізіп берді. Соның нәтижесінде 30 жанұя таза ауызсу (40 жылдан астам уақыттан бері) тұтынып келеді. «К-4» Каналының үстіндегі көпір сынып, жарамсыз болып қалған кезде кенттің бұрынғы әкімі Насыр Мырзабековке хат жазып, оған ардагерлердің қолын қойғызып, қайта-қайта барғыштап жүріп, көпір соққызды. Сол кездегі аудан әкімі Нұрлыбек Нәлібаев оңтүстік теміржол өткелін салып, шлагбаумды ашып берді. Бірақ, бағдаршамдар ашылмай, «жедел жәрдем», өрт сөндіргіш машиналар сағаттап өте алмай тұратын. Қызылорда ҰҚ КТЖ АҚ-ның төрағасы А.Арысбаевқа ардагерлердің хатын ұйымдастырып, нәтижесінде бұл мәселе де шешімін тапты.
«Өзбекстан» пойызын бірінші жолға, «Қазақстан» пойызын екінші жолға қабылдау Шиелі бекетінде бертінге дейін орын алды. Тұрғындарға мұның зияны көп тиді. Жергілікті халық «Қазақстан» пойызына мінеді, бекетке келгеннен кейін вокзалға өту үшін бірінші жолда тұрған «Өзбекстан» пойызын тосу керек. Тағаты жетпегендер вагондардың астынан өтеді. Ең қауіптісі де осы...Түрлі дәрежеде жарақат алғандар, айып төлегендер аз болмады. Тіпті 2015 жылы 1 бала мерт болды да. Бұл іске де Әбдішүкір бастаған кент ардагерлері араласып, мәселені біржола шешті.
2015 жылы Базарарық пен Жаңаарық каналдарына кент орталығына өтетін көпір салды. Бетон төселіп, көпір жиегіне жүргінші ұстап жүретін темірден тірек шарбақ бекітілді. Ескі көпірлер енсіз әрі жиегінде ұстап жүретін тірек шарбағы жоқ болатын. Соның салдарынан бірнеше жүргіншінің суға құлап кету фактілері кездескен еді.
Әбдішүкір Батырбаев 1940 жылы Шиелі ауданының Бидайкөл ауылында дүниеге келген. Кердері ауылының Таштоп деген мекенінде 4 жылдық бас­тауыш мектепті, аудан орталығындағы №45 Қазақ орта мектебін бітірген. Қызылорда УМСХ-32 училищесін бітіріп, Шиелі РТС мекемесінде тракторшы болып істеген. Алматы ауыл шаруашылық институтын (1961 – 1966ж.ж.) инженер-механик мамандығы бойынша тәмамдап, өзін оқуға жіберген РТС мекемесіне қайта оралып, алғашқыда бақылаушы инженер-механик, кейіннен бас инжер болып ұзақ жыл қызмет етті. 1982 жылы Шиеліден ауданаралық құрылыс құрастыру мекемесі ашылып, соған басшылыққа жіберілді. 1991 жылдан аудандық инженерлер кеңесінің төрағасы. Ауыл шаруашылық техникасын жетілдіруге арналған 80-ге тарта өнертапқыштық жұмысы бар. Көбісі өндірісте пайдаланып келеді. Ашқан жаңалықтары Мәскеуден шығатын «Ауыл шаруашылығындағы «Техника» («Техника» в сельском хозяйстве») журналында тұрақты жарияланып жүрді.
Сексенге иек артып отырған қария – аудан инженериясы ақсақалының біз бір ғана қырын сөз еттік. Қоғамдағы белсенділігін айттық. Өз мамандығына қатысты атқарған қыруар істерін келесі бір әңгіменің еншісіне қалдырдық.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
«Қазақстан ­Жазушылар одағының» мүшесі,
Қазақстанның «Құрметті» журналисі

29 қазан 2019 ж. 441 0