Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Инновациялық мектептің білім жүйесі

Инновациялық мектептің білім жүйесі


Жақсы мұғалім — бұл қай кезде де ең алдымен кәсіби деңгейі жоғары, интеллектуалдық, шығармашылық әлеуеті мол тұлға. Ол оқытудың жаңа технологияларын өмірге ендіруге дайын, оқу-тәрбие ісіне шынайы жанашырлық танытатын қоғамнын ең озық бөлігінін бірі деп есептеледі. Солай болуға тиіс.

Білім берудің мақсатын айқындау үшін Жүсіпбек Аймауытовтың мына сөздерін еске алған жөн: “Мектеп бітіріп шыққан соң бала бүкіл әлемге, өзгенің және өзінің өміріне білім жүзімен ашынған саналы ақыл көзімен қарай білсе, міне, білімдендіруді көздейтін түпкі мақсаты — осы. Мектеп осы бағытта баланың келешекте жетілуіне мықты негіз салуы керек”. Ендеше бүгінгі білім мен біліктілігі бәсекелес заманда ұландарымыздың биіктен көрінуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз арқылы, жан-жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткіземіз. ХХІ ғасыр – білімділер ғасыры. Ендеше бізге ой өрісі жоғары дамыған, зерделі, жан-жақты, парасатты ұрпақ керек екенін бір сәтте естен шығармау керек.
Білім беру саласы қызметкерлерінің алдына қойып отырған міндеттердің бірі — оқытудың әдіс тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және қазіргі заманғы педагогикалық технологияларды меңгеру. Қазіргі таңда оқытушылар инновациялық және интерактивтік әдістемелерін сабақ барысында пайдалана отырып, сабақтың сапалы әрі қызықты өтуіне ықпалын тигізуде.
Осындай инновациялық білім беруде адамның рухани, мәдени, интеллектуалдық дамуының сұраныстары, ойлауды қалыптастырудың алғышарттары ортақ мәселе болып табылады. Сондықтан инновациялық білім беру мақсатын жүзеге асырудың салдары ретінде «антропоцентризм» бірінші орынға шығып, мақсатты іске асырудың шарасы ретінде де анықталады. Яғни білім беру мазмұны адамға оның сұранысы мен қызығушылығын қанағаттандыратын дәрежеде құрылуы тиіс. №252 Г.Ковтунов атындағы мектеп-гимназиясы оқушыларды тәрбиелеп, білім көкжиегімен сусындатып келеді. Аталған мектеп-гимназияның директоры Гүлзира Есенгелдіқызы жоғары санатты ұстаз, еңбек жолында өзінің іскерлігімен, талапшыл, әділдігімен жұртшылықты сыйлай да білетін, сыйлата да білетін басшы ретінде танылды. Аймақтар арасындағы өзара тәжірибе алмасулар, әрбір өңірдің өзіндік бастамалары білім саласын алға қарай дамытуда. Бұл бағытта Сыр елі білім саласында түрлі бастамаларға атсалысып, көш басында жүр. Оқушылардың білім деңгейін әлемдік білім дәрежесіне дейін көтеруде облыстық білім басқармасы мен аудандық білім бөлімі мұрындық болып, биіктерден көрінуде. Атап айтқанда №252 Г.Ковтунов атындағы мектеп-гимназиясы да түрлі жетістікке жетіп келеді, олар республикалық олимпиада жеңімпаздары қазақ тілінен М.Чжен мен Д.Хайруллаева III орынға ие болса, биылғы жылдың басында орыс тілінен Е.Ким III орыннан көрініп, облыстан оза шығып, ауданның атын асқақтатты. Сонымен қатар Мәскеу қаласында өткен 2017 жылы III Халықаралық ғылыми-жобалар сайысында жеңімпаз атанып, аудан әкімі Ә.Оразбекұлының қабылдауында болды. Ал Санк-Петербурк қаласында 2018 жылы ашық халықаралық ғылыми-жобалар сайысында орындарға ие болды. Биыл жыл басында KazRobertics сайысында жетістікке жетті. Айта кетейік, өткен жылдан бастап Robofest сайысында озық шығып, инновацияны меңгерген оқушылар жоғары нәтиже көрсетіп, таңқалдырып келеді.
Қазіргі жас ұрпақтың саналы да сапалы білім алуының бірден-бір шарты — оқу орындарындағы білім беру процесіне жаңа инновациялық технологияларды енгізу екендігі сөзсіз түсінікті. Сондықтан ғылыми техникалық прогрестен қалыспай, жаңа педагогикалық инновацияларды дер кезінде қабылдап, нәтижесін пайдалана білу – әрбір ұстаздың негізгі міндеті болып табылады.

Жұлдызай Ноғайбайқызы

08 қазан 2019 ж. 1 928 0